БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛА – ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
«ӨНЕР АДАМЫНА ГАСТРОЛДІК САПАРЛАР АУАДАЙ ҚАЖЕТ»
– Бауыржан Ергенұлы, санаулы күндерден соң тағы бір жылды артқа тастағалы отырмыз. Сіз үшін биылғы жыл қандай сәттермен есте қалды?
– Негізі менің өмірім оқыс оқиға, күтпеген жағдайға толы. Жыл сайын естен кетпес оқиғалар орын алып тұрады. Биылғы жыл да айқай-шу, дүрбелеңмен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығын тапсырып, «Атамекен» өнер ордасының директоры болып тағайындалғаным қоғамда үлкен резонанс туғызды. Енді бұл жұмысты да бір қалыпқа келтіре бастағанда, «Оңтайландыру әдісі бойынша Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония екеуін қосамыз» деді. Шыны керек, бұл Ақжайық өңірінің өнер саласында үлкен жаңалық болды. Екі ұжымды қосқанда үш жүзден астам адаммен жұмыс істеу оңай емес. Басында жұмыс барысы қалай боларын өзім де көз алдыма елестете алмадым. Бірақ аймақ басшысы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшылығы сенім артқаннан кейін, бел буып, жұмыс жасау керек болды. Дәл осындай оңтайландыру бүкіл облыста жүрді. Алайда, бүкіл жерде біздің облыстағыдай сәтті болды деп айта алмаймын. Жұмысқа кірісер алдында басшылыққа үш шарт қойдым. Біріншіден, лауазымды тұлғадан бастап кіші қызметкерге дейін бір адам жұмыстан кетпеуі керек, екіншіден «Зейнеткерді жұмыстан босат» деп маған тапсырма бермейсіздер. Өйткені бізге ұрпақ сабақтастығы керек. Үшіншіден кадрлық мәселеге араласпайсыңдар деген бағытта өз талабымды қойып, жұмысты бастап кеттік.
– Қазір сапалы маман табу да – өзекті мәселенің бірі. Мамандарды өзіңіз таңдайсыз ба?
– Мен маманды аяқтай жүріп, өзім таңдайтын адамын. Өзге біреулердің жұмысыма араласып «Ананы жұмыстан ал, мынаны қабылда» деп тапсырма бергенін қабылдай алмаймын. Жақсы деген мамандарды түн ішінде тойдан барып алып кеткен кездерім болды. Сондай-ақ, менің тәжірибемде жұмыс жасап жүрген маманды басшылығымен сөйлесіп, өзіме ауыстырып алған да жағдайлар кездесті .
– Екі іргелі мекеменің қосылуы өнер ұжымдарына шығармашылық тұрғыдан қалай әсер етті?
– Бұның бәрі халықтың көз алдында өтіп жатқан өзгерістер ғой. Сондықтан бірден жұмысқа кірісіп, айналдырған екі-үш айдың ішінде дәстүрлі әншілермен және ансамбльмен, оркестрмен аудандарды аралап шықтық. Бұл сапар ақиық әнші, филармония есімін еншілеген Ғ.Құрманғалиевтің 115 жылдығын кешенді түрде атап өтуге арналды. Одан соң он бес жылдан кейін өнер ұжымы Астана қаласына екі жүз адаммен концерт қойып келді. Оған қоса, филармония тарихында тұңғыш рет Алматы қаласына гастролдік сапармен барып, Алатау баурайын ән-күйге бөлеп қайттық. Осы орайда, белгілі меценат Құндыз Нупов ағамыз өнер ұжымына дастарқан жайып, қонақ етіп, құрмет көрсеткенін айта кетейін. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады.
– Гастрольдік сапар өнер адамына серпіліс сыйлайтыны анық. Үш жүзден астам өнер адамының көңілінен шығу да оңай емес болар...
– Өнер адамына гастролдік сапарлар ауадай қажет. Шығармашылықтың адамы елге шықпаса басылып қалады. Мәдениет, өнер саласы – ел-жұрттың ортасында жүріп жасалатын жұмыс. Біз кабинеттен шықпай, қағаз кеміріп, отырмауымыз керек. Екінші сұрағыңызға келсек, мен үш жүз адамға ұнаймын деп жұмыс жасамаймын. Өйткені олардың бәріне бірдей ұнау да мүмкін емес. Негізгі миссиям – өнер ұжымымен бірлесе отырып, облыстың мәдениетін дамытуға үлес қосу. Осы жолда кейде жұмсақ мінез танытсам, кейде қатты кететін болармын. Пенде болғасын, кейде қателесуім де мүмкін. Өнер ұжымымен жұмыс жасау маған қиындық тудырмайды. Бала кезімнен айтыста келе жатқан адаммын. Талай-талай үлкен байқауларды өткіздік. Содан тәжірибе жинақтағаннан кейін болар, ұжыммен бірлесе жұмыс жасауда аса көп қинала қойған жоқпын. Жалпы, өнер адамдары қалыпқа сыймайды. Олармен жұмыс істеу әрі қызық, әрі қиын. Біреуі бала, біреуі дана сияқты. Біреуін тәртіпке салам деп, ашумен айтасың, енді біріне алдап-сулап айтуыңа тура келеді.
– Бауыржан Ергенұлы, сізге шығармашылық ұжымды басқарған ұнай ма? Әлде жеке шығармашылықпен айналысқан жаныңызға жақын ба?
– Басшылық қызметті көңілім қалап, қалай да бастық болайын деп артынан түскен адам емеспін. Жастайымнан айтысқа қатыстым. Көптеген қиындықтарға кездестім. Сол кездерде «Егер мен басшы болсам, былай жасар едім» деген ойлар болғанын жасырмаймын. Бірақ мекемеде басшы болып, ұжым басқарамын деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірген емес. Сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен келдім ғой бұл салаға. Мүмкіндігінше, жеке шығармашылығыммен де айналысуға тырысамын. Алайда көбіне-көп бар уақытым, қарайған энергиям жұмысқа кетіп қалады. Жұмыс – екінші отбасы деп жатады ғой. Мен үшін жұмыс кейде бірінші отбасы болып кеткен кездер аз емес. Өйткені ұжымда мен араласпайтын нәрсе жоқ. Тіпті қажет болса, жеке өмірлеріне де араласып кетемін. Отбасымен ұрсысып қалса, ажырасып кетсе де сөйлесіп, қайта қосуға тырысамын. Жасыратыны жоқ, біреу ішіп кетіп жатады. Ізінен қуып жүріп, оны тоқтатқым келеді. Негізі маған қатысы жоқ. «Өзінің жеке өмірі ғой» деп алаңдамай отыра берсем де болады. Бірақ естіп қалсам, жаным ашып, ұжымдағы әріптесімнің қалайда түзу жолға түсіп кетуіне барынша ықпал еткім келеді. Бұның бәрі басшылық қызметті емес, өнерді шексіз жақсы көргендіктен болар.
– Өнерді шексіз жақсы көретініңізді айтып қалдыңыз. Қазақ өнерін дамыту үшін не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Өзін-өзі құрбан жасап, жұмыс жасау жетіспейді. Негізі адам уақытпен, басқа нәрсемен санаспай жұмыс істесе, үлкен жетістікке жетеді. Мысалы, мен кейде алдыма қойған мақсатқа жету үшін өзгеге де тыным бермеймін, өзіме де тыным жоқ. Кейде солай қатты кетіп қаламын. Бірақ соның соңы үлкен жетістікке, нәтижеге ұласып жатады. Өкінішітісі, бізде тек өнерде емес, қай салада да құр уақыт өткізіп жүрген адамдар көп.
– Сіздің айтыс өнерімен бірге жазба поэзияда да өзіндік орныңыз бар. Өлеңді қай уақытта жазасыз?
– Мұқағалдың «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» деп келетін өлең жолдары бар. Сол айтқандай, тамағы тоқ, көйлегі көк, жағдайы жақсы адамнан өлең тумайды. Қатты ашуланып, көңіл қалғанда өлең туындайды. Біреулер түнде шабыт қысып, отыра қалып жаздым деп жатады ғой. Мен ондайға сенбеймін. Көбіне өлең шумақтары тіл ұшына оралып, ойымда жүреді. Әбден пісіп жетілді-ау дегенде, қағазға түсіремін. Жыр жолдарын ойымда дамытып алып, соны жұмыс қылып отырып жазсам, бас-аяғы бүтін дүние шығады.
– Бауыржан Ергенұлы, сіз адамдарды қуантқаннан ләззат алады екенсіз... Жалпы, өмір жолыңызда сізді қуантып, сізге қолдау көрсеткен жақсы адамдар туралы айтып берсеңіз...
– Жастайымнан жетімдік көріп, қиналып өскендіктен болар, адамдарды қуантқаннан ләззат аламын. Олардың шектен тыс, шексіз қуанғанын көру маған күш-жігер сыйлайды. Соның ішінде, балалардың қуанғанын көру бір ғанибет. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» деп Абай айтқандай, менің өмірім де соқтықпалы, соқпақсыз жолдардан тұрады. Бір қуанатыным, өмір жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Мен олардың бәріне де ризамын. Ең алдымен жер басып жүргенім үшін Алла тағалаға, одан кейін маған жарық дүние сыйлаған ата-анама қарыздармын. Ал өмір жолымда маған сәулесі түскен екі адамды ерекше бөліп атар едім. Оның бірі – өнерге деген қызығушылығымды бағалап, азды-көпті атымның қалыптасуына ықпал еткен танымал ақын, айтыс өнерін ұйымдастырушы Жүрсін Ерман. Екіншісі – бірнеше облысты басқарған, қазір Түркіменстанда елші болып жүрген Нұрлан Ноғаев. Тәуелсіз журналист болып жүргенімде Нұрлан ағамыз «Бұл жігіт өнерді елдің мәдениетін көтеруге жұмсауы керек» деп мені сыртымнан қамқорлап, мәдениет саласына салып жібермегенде, қазіргі тағдырым не болары белгісіз еді. Сондықтан мен әлі күнге осы екі азаматтың алдында бас киімімді шешіп тұрып, құрмет көрсетемін.
– Бауыржан Ергенұлы енді алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
– Ең бастысы – биылғы жылды жақсы нәтижемен аяқтау. Астана қаласындағы концертте бір кездері біздің өңірді басқарған Б. Ізмұхамбетов ұжымға үлкен автобус сыйға тартып еді. Сол қолымызға тисе, жыл басталысымен гастролдік сапарларға шығамыз. Ұжымның шағын құрамымен Түркияға сапар жоспарда тұр. Сонымен бірге әлемдік деңгейде танымал өнер жұлдыздарын шақырып, тәжірибе алмасу да келер жылдың еншісінде.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!