ОЛ БАР ҒҰМЫРЫН ҚОҒАМДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІ САҚТАУҒА АРНАП КЕЛЕДІ. КҮН-ТҮНМЕН САНАСПАЙ, ҚАЖЕТ КЕЗІНДЕ ЖАУАПТЫ, БАТЫЛ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙ БІЛУ ДЕ ОҢАЙ ЕМЕС. КЕЙІПКЕРІМІЗ БАТЫРХАН БАЙГУНАКОВ ҰЗАҚ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНДА АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ ЕТІП КЕЛЕДІ.
Ол Казталов ауданы, Бостандық ауылдық округіне қарасты Қаракөл ауылында 1960 жылы 28 наурызда дүниеге келген. Ауылдағы Қызыл әскер бастауыш мектебінде оқып, кейіннен А. Оразбаева атындағы орта мектепті тәмамдайды. 1978 жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеуде алты ай болып, Венгрия елінде әскери борышын өтейді. Елге оралып, мұғалімдік дипломын қолға алып, ауылдағы мектепте еңбек етіп жүргенінде оны ішкі істер құрылымдарына қызметке шақырады. Сөйтіп кейіпкеріміздің құқық қорғау саласындағы өмірі басталады.
Батырхан ағай бұл салада алғашқы еңбек жолын жасөспірімдер жұмысы жөніндегі учаскелік инспектор болып бастайды. Біз кейіпкерімізден «Полицей қызметкері болу үшін адам бойында қандай қасиет болғаны жөн?» деп сұрадық.
– Полицей қызметкері болу үшін жоғары жауапкершілік, пен кәсіби дайындық қажет. Олар тек қана физикалық күшпен емес, психологиялық тұрғыдан да дайын болуы керек. Өйткені полицейлер қиын жағдайда стрессті ортада жұмыс істейді, – деп жауап берді Батырхан ағай.
Иә, ол өз қызметінде қоғамдық орындарда тәртіпсіздіктің алдын алу, оқыс жағдайларда тыныштықты сақтап, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар қылмысқа қарсы күрес, қылмыскерлерді ұстау, қылмыстың алдын алу жұмыстарына да белсене атсалысқан.
– Біздің жұмысымыз қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға әсер етеді. Аға буын ағаларымыз «Полицейдің формасын киіп, көшеден бір өтіп шыққанының өзі тәртіпке шақырады» деп айтып отыратын. Бізге қажет кезінде психолог бола білуге тура келеді. Адамдармен қарым-қатынас жасап, олардың сеніміне ие болу да оңай емес. Тұрғындардың мінезі де түрлі. Бірі тез ашылса, енді бірі тұйық болып келеді. Олардың сөзін тыңдай білу, сөйлете білу де – біздің міндетіміз, – деп сөзін сабақтаған Батырхан ағай елге пайдасы тиіп, халықтың алғысына ие болып жүргеніне қуанатынын айтты.
Еңбек жолында Казталов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Жалпақтал ауылында полиция бөлімінің бастығы, ҚР БҚО мемлекеттік тергеу комитеті департаментінің Казталов ауданы бойынша бастығы, Тасқала аудандық мемлекеттік тергеу комитеті департаменті уәкілдігінің бастығы, басқа да қызметтерді абыроймен атқарған Батырхан Қайырханұлы өз мамандығын мақтан етеді.
Адам жаны қиналып ауырғанда дәрігерге барса, басына іс түскенде полицияға жүгінеді. Кейіпкеріміз еңбек еткен жылдары тоқырау жылдарымен тұспа-тұс келді. Халықтың жұмыссыз қалып қиналған кезі. Жұмыста жүрген мұғалімдер мен дәрігерлердің өзі жалақысын уақытымен алмай, айлап күтетін жылдар еді. Санаға салмақ түсірердей ауыр жылдарда ауылдарда мал ұрлығы өршіп тұрды. Отбасы үшін бірден бір табыс көзіне айналған малынан айырылу ауыл тұрғындары үшін оңай емес еді. Сондай сәттерде құқық қорғау өкілдері қорада тұрған малынан, сойып қойған соғымынан айырылып қалған қанша адамға көмектесті. Олардың қатарында біздің кейіпкеріміз де бар еді. Сол жылдары мал ұрлығына қатысты республика деңгейінде профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Кейіпкеріміз Батырхан Қайырханұлы қиын-қыстау жылдарда біраз қылмыстың ашылуына себепкер болған.
– 1998-99 жылдары ауылдық жерде электр сымдары көп ұрланды. Сол кездерде рейдтік шаралар жиі ұйымдастырдық. Сондай рейд кезінде Саратов облысы, Александров-Гай ауданынан ұйымдасып келіп, электр сымдарын ұрлап жүрген қылмыстық топты оқиға орнында ұстадық. Осындай ұрылардың іс-әрекеті кей ауылдарда жарықтың өшіп қалуына да әсер етті. Сол жылдары ұйымдасқан ұрылардың ұсталуы үлкен резонанс тудырған оқиға болды, – дейді өткен жылдарды еске алды Батырхан Қайырханұлы.
Құқық қорғау құрылымдары саласында біраз жыл басшылық қызмет атқарған кейіпкеріміз қай істе де әр адам өзі үлгі болып, алда жүру керек екенін айтады.
– Ең алдымен жүріс-тұрысыңмен, іс-әрекетіңмен, жұмысқа тиянақтылығыңмен өзің үлгі көрсетуің керек. Басшылық қызметте жүргенімде берілген нұсқаулықты уақытында орындауға тырыстық. Қай жұмыста да темірдей тәртіп болса, алға қойылған мақсатқа жетуге болады. Содан соң кез келген қылмыстың алдын алу үшін рейдтік іс-шараларды жиі ұйымдастыру керек, – деп өмірлік тәжірибесімен бөліскен Батырхан ағай өзімен бірге қызметтес болған жігіттерге алғыс айтты.
Кез келген адам полиция қызметкері бола алмайды. Өйткені бұл мамандық ерекше мінезді, шыдамдылықты, байсалдылықты, мейірімділікті қажет етеді. Сонымен қатар тосын сәттерде тез шешім қабылдай білу де аса маңызды. Көбінесе қауіп-қатерден, қиындықтан қорықпайтын батыл, ерік-жігері жоғары жандар осы кәсіпті таңдайды.
Өнегелі ғұмырын ел игілігіне арнаған Батырхан Қайырханұлының өмір жолы мен еңбегі – өскелең ұрпақ үшін зор үлгі-өнеге. Оның құқық қорғау саласындағы, мемлекеттік қызметтегі атқарған игі істері жастарға күш-жігер мен сенім берері сөзсіз. Бүгіндері ел ағасына айналған Батырхан Қайырханұлы әлі де аттан түспей ел игілігі үшін еңбек етуде.













