ҚАЗАҚ АЙТЫС ӨНЕРІНДЕ ӨЗІНДІК ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРҒАН ҚЫЗДАР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫСТАРДА ТОП ЖАРЫП, ТЕРЕҢ ОЙЫ МЕН ӨТКІР ТІЛІ АРҚЫЛЫ КӨРЕРМЕН ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНІП ЖҮРГЕН СУЫРЫП САЛМА АҚЫН, 2018 ЖЫЛҒЫ «АЛТЫН ДОМБЫРА» ИЕГЕРІ – ЖАНСАЯ МУСИНА. БІЗ 8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА АЙТЫСТЫ ӨМІРЛІК МҰРАТ ЕТІП, САХНА МӘДЕНИЕТІ МЕН СӨЗ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ЖОҒАРЫ ҚОЙҒАН АҚЫН ҚЫЗБЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.
– Жансая Ғалымжанқызы, айтыс өнеріне деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Бір сұқбатыңызда бала кезіңізді еске алып, «Менің атым Қожадағыдай ешнәрсеге бүлдірмеуге тырысатынмын» деген екенсіз. Балалық шағыңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Бала күнімізде теледидардан айтыс берілсе, айналаның бәрін ұмытып, көгілдір экранға телміріп қалатынбыз. Бірақ сол кезде «айтыскер боламын» деген нақты мақсат болған жоқ. Мектепте әдебиет сабағында айтыс тақырыбын өткенде мұғаліміміз бізді өзара айтыстырып, ашық сабақ ұйымдастыратын. Алғашқы өнердегі жеңістерім де сол сынып ішіндегі шағын тартыстардан бастау алды. Бала кезімде аса тәртіпті болдым деп айта алмаймын. «Менің атым Қожадағы» Қожа сияқты кінәні мойнына ала беретін, бірақ іштей ізгілікке ұмтылған «ақылды тентек» болған шығармын. Спорттық жарыс болсын, өнер сайысы болсын – бас жүлдені алмасақ та, бел ортасында жүріп, белсенділік танытатынмын. Әкеміз өмірден ерте өтті. Анамыз еш жұмыстан қашпай, мектептің еденін жуып, кейін қысқарып қалғанда, шіліңгір шілдеде күнге күйіп, қақаған қыста тоңып, көшеде сауда жасап, ағам екеумізді жалғыз өзі жеткізді. Сол жылдары көкірегімде «анамның үмітін ақтауым керек, жақсы білім алуым керек» деген берік сенім қалыптасты. Бәлкім, өмірге деген жауапкершілік сезімі де сол кезден басталған шығар.
– Қателеспесем, «Алтын домбыра» байқауының екі мәрте жеңімпазысыз. Бұдан бөлек республикалық, халықаралық аламандарда топ жарып жүрсіз. Шабытты қалай шақырасыз? Сахнаға шығар алдында қалай дайындаласыз?
– Қателестіңіз. «Алтын домбыра» жүлдесін 2018 жылдың желтоқсанында бір рет қана иелендім. Ал сіз айтып отырған «екі мәрте» дегеніңіз «Асыл домбыра» болуы мүмкін. 2023 жылы Батыс Қазақстан облысының айтыскерлер құрамасы жиырма команданың ішінен озып шығып, жеңіске жетті. Сол құрамның ішінде біз де болдық. Ал шабыт деген – еріккенде есігіңді қағып кіретін қонақ емес. Айтыскерге тынымсыз ізденіс, қоғамдағы өзгеріс пен жаңалықты қалт жібермей қадағалайтын зерде қажет. Кейде «дайындығым мықты» деген ақын сахнада тосылып қалады, ал кейде керісінше тосыннан төгіліп кететін сәттер болады. Мың адам отырса да, он адам отырса да, әр көрерменнің көңілінен шығатындай өнер көрсету – мен үшін басты міндет. Сахнаға шығар алдында әлі күнге дейін қатты толқимын, оңашалықты қалаймын. Сол себепті дабыралы қонақтықтардан, артық жиындардан саналы түрде бас тартамын. Бұрын «араласпай кеттің» деп ренжитін жақындарым, қазір бұл әдетіме түсіністікпен қарайтын болды.
– Есіңізден кетпей, жадыңызда сақталған қызықты айтысты атап өте аласыз ба?
– Қызық деуге келмес, бірақ бірнеше жыл бұрын ұстаздарым – Мэлс Қосымбаев пен Бауыржан Халиолламен сахнада жолыққан сәттер жадымда ерекше сақталыпты. Сырт көзге байқалмаған шығар, бірақ тізем дірілдеп отырғанымды өзім білемін. Ішкі болжамымда «қатты сынай ма екен» деп алаңдаған ағаларым керісінше, шәкіртіне сенім артып, демеу көрсетті. Нағыз мықтылармен сөз қағыстырып, сол сыннан сүрінбей өткеннің өзі – үлкен мектеп.
– Жансая Ғалымжанқызы, айтыс өнеріндегі ұстаздарыңыз туралы не айтасыз?
– Ұстаздарым «былай айтыс, былай айт» деп арнайы үйреткен жоқ. Бірақ өздерінің айтысы, өмірлік ұстанымдары арқылы көп нәрсе сіңірді. Бір кездері қазір өзім мақтанышпен қызмет етіп жүрген М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде студент болдым. Сол кезде Мэлс ағамыздан дәріс тыңдадық. Кейін Бауыржан Халиолла ағамен жолығып, шәкірті болу бақыты бұйырды. Бәукең – тек менің ғана емес, батыстағы талай ақынның рухани ұстазы. Жалпы айтыс әлемінде Жүрсін Ерман ағамыздан бастап үлгі тұтатын, ұстаз санайтын тұлғаларым көп. Кейінгі буынның да өнеріне сүйсіне қараймын.
– Айтыс кезінде қиыннан жол тауып кеткен сәттер болды ма?
– Айтыстың өзі – тосын шабуылдар мен қақпандардан сытылып «жол тауып кетуді» көздейтін күрделі өнер. Сондықтан оны бөліп-жармай-ақ қояйын. Қарсыластарым қақпан құрғанда құтылған да, тұтылған да кездерім болды. Қызыққан адам Бекарыс Шойбеков, Мақсат Аханов, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Дидар Қами сынды замандастарыммен айтыстарымды тыңдап көрсе, осы өнердің табиғатын анық аңғарар еді деп ойлаймын.
– Жастардың айтысқа қызығушылығы қай деңгейде? Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе? Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазір жаңа буын айтыскерлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап өсіп келеді. Олардың екпініне, өлең құраудағы интеллектуалдық деңгейіне қызыға қараймын. Сыр бойындағы Бексұлтан, Ақтөбедегі Нұрбол, Атыраудағы Батыржан сынды жас ақындарға ризамын. Оралдың да отты оғландары жарқырайтын сәтін күтіп жүр. Шәкірт мәселесіне келсек, талант туа бітеді. Табиғатында болмаса, төбеден құйып берсең де ақын шықпайды. «Шәкіртің болайық» деп келетін жастарға білгенімді үйретуден қашпаймын, бірақ артық ақыл айтып, данышпансып көрген емеспін. Болашақта Ақжайықтың атын абыроймен алып жүретін ақындар әлі талай шығарына сенемін. Шығып та жатыр…
– Сұқбаттарыңыздың бірінде көпшілік ортадан, той-томалақтан алшақтау жүретініңізді айтқан едіңіз. Мұның себебі неде?
– Бұл жерде астар іздейтіндей құпия жоқ. Біріншіден, жаным қаламайды. Екіншіден, денсаулығым көтере бермейді. Ал ет жақындарымның, достарымның, әріптестерімнің басқосуынан қалмауға тырысамын.
– Жиырма жылдан бері айтыс сахнасында жүрсіз. Бұл өнер сізге не үйретті?
– Бәрін. Өмірді, жауапкершілікті, сабырды, сөздің салмағын, елдің көңілін тануды – бәрін осы айтыс үйретті.
– Жетістікке жету жолындағы ізденіс пен айтыскердің бойында болуы тиіс қасиеттер туралы не айтар едіңіз?
– Ең әуелі – еңбекқорлық пен адалдық. Осы екеуі бар адам көп белесті бағындыра алады.
– Достарыңыз көп пе?
– Көп те емес, аз да емес. Өзіме жетерлік.
– Қандай арманыңыз бар?
– Соңғы кезде әлемдегі саяси ахуалға қарап, ең алдымен елдің амандығын тілеймін. Ал жеке армандар – іште сақталатын, жария ете бермейтін дүниелер ғой.
– Бұл нөмір 8 наурыз – әйелдер мерекесіне арналған. 8 наурызды қалай атап өтетініңізді білгіміз келеді?
– Жылдағы дәстүрім – анамнан бастап айналамдағы қыз-келіншектерді мүмкін болса жүзбе-жүз, болмаса телефон арқылы құттықтаймын. Ал өзімді құттықтап жатса, ілтипатпен қабылдаймын.
– ӘҢГІМЕҢІЗГЕ КӨП РАХМЕТ!







