БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ «MEDICAL TRAVEL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ГҮЛЖАЗИРА ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗДАРЫНЫҢ БІРІ. ОЛ БҮГІНДЕРІ ЖАНЫНА ШИПА ІЗДЕГЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ҮНДІ ЕЛІНЕ БАРЫП ЕМДЕЛУГЕ БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРІП, ЖОЛ КӨРСЕТІП ЖҮР. 8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ЕКІ ЕЛДІҢ АРАСЫНДА АЛТЫН КӨПІР БОЛЫП, ТАЛАЙ ЖАННЫҢ АТЫ ЖАМАН АУРУДАН САУЫҒЫП КЕТУІНЕ СЕБЕПШІ БОЛЫП ЖҮРГЕН КЕЙІПКЕРІМІЗБЕН БІРАЗ СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК.
БАЛАЛЫҚ АРМАН
Кез келген бала кішкентай кезінде бірі ұстаз, енді бірі ұшқыш болуды армандайды ғой. Ал біздің кейіпкеріміз сонау сәби кезінен адам өмірін арашалап қалатын хирург болуды қалайды. Дегенмен, тағдыр жолы оны басқа арнаға бұрарын сол кезде білмеген де шығар. Бақытқа толы отбасында бір ұл, бес қыз өсті. Өмір бойы тергеуші болуды армандаған әкесі «Перзенттерімнің ішінде тергеуші болу сенің қолыңнан келеді» деп сенім артқанда әке тілегіне қарсы тұра алмады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен заңгер мамандығы бойынша білім алып, алғашқы еңбек жолын Мақтарал ауданында бастайды. Шымкент облыстық Ішкі істер департаментінде аса маңызды істер бойынша аға тергеуші қызметіне дейін көтеріледі. Алайда қызметтің беделі болғанымен, тұрмыстың қиындығы жанға батты. Айлық аз, пәтер жалдап күн көру – жас отбасы үшін ауыр сынақ екені айтпаса да белгілі. Кішкентай кезінен батыл шешімдер қабылдаудан қаймықпайтын кейіпкеріміз қиындықтан қашатын жан емес еді. Ол жаңа жол іздеді.
ҮНДІСТАНҒА БАСТАЛҒАН САПАР
Ол әу бастан жаны қалай қоймаған қызметін тапсырып, бизнеске бет бұрды. Трикотаж саудасы, кейін Үндістанның шөптен жасалған дәрілерін сатумен айналысты. Осы сапарлар барысында кейіпкеріміз үнді медицинасының күш-қуатының күштілігін байқайды. Тағы бірде туыстарын апарып қаратып, нақты нәтижені көрді. Сол кезде ішкі түйсік «Медицина – сенің жолың» деп сыбырлағандай болды. Бұл – аяқасты туған ой емес, саналы таңдау еді. «Мен осы елде қаламын» деген шешімді де компания құрылмай тұрып-ақ қабылдап қойған болатын.
Бүгінде ол – Үндістандағы медициналық туризм саласында табысты еңбек етіп келе жатқан «Medical Travel» компаниясының негізін қалаушы. Идея авторы – үлкен қызы Сымбат. Анасы мен қызы бірлесіп Instagram парақшасын ашып, үлкен істің іргетасын қалады. Алғашқы жылдары бұл бизнесті жетілдіру оларға оңай болған жоқ. Кейіпкеріміздің сол елдің тілінде сөйлей алмауы да қиындықтар тудырды. Бірақ өмір жолындағы тергеушілік тәжірибе, зерттеуге бейімділігі бастаған істі тастамай, нәтижесін көруге үйретті.
Гүлжазира Өмірзаққызы өз табандылығының нәтижесінде әлемге танылған дәрігерлерді ұзақ зерттеп, сараптап, олармен әрпітестік орнатты. Бастапқыда олардың сеніміне кіру оңай болмады. Бірақ ол адал еңбегімен өзін дәлелдеді. Бүгінде қазақ елінен барған пациенттерді қабылдап алып, олармен елге кеткенше бірге жүретін оның командасы тәулік бойы жұмыс істейді. Қазақ қыздарынан құралған аудармашылар тобын ол өзі тәрбиеледі. «Пациентті клиникаға тапсырып кету – біздің жұмыс емес. Біз онымен аяғына дейін бірге жүреміз» дейді ол.
Кейіпкеріміздің алғашқы ірі серіктестігі Үндістандағы ең беделді клиникалардың бірі – Apollo Hospitals-пен басталды. Бұл әріптестік компанияның қалыптасуына үлкен серпін берді. Қазір негізгі бағыт – Yashoda Hospitals. Бұл клиниканың ерекшелігі – жоғары технология, тәртіп пен науқасқа жеке көзқарас. Әр пациентке жеке ем жоспары жасалады. Әсіресе, қазақстандықтар үшін қолайлы баға мен сапаның үйлесімі маңызды рөл атқарады. Дегенмен Apollo-мен байланыс үзілген жоқ. Әр науқастың диагнозына, жағдайына қарай шешім қабылданады. Сондықтан кейіпкеріміз ең бастысы – клиниканың аты емес, нәтижесіне мән бергенді жөн санайды.
ҮНДІСТАН МЕДИЦИНАСЫ НЕГЕ МЫҚТЫ?
Осы сұрақ көп адамды мазалайтыны анық. Бұл сұраққа Үндістан медицинасының бел ортасында жүрген Гүлжазира Өмірзаққызы былай деп жауап берді:
– Біріншіден, ем бағасы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Екіншіден, дәрі-дәрмектің басым бөлігі осы елде өндіріледі. Үшіншіден, дәрігерлердің даярлығы өте жоғары. Олар он жылдан астам уақыт білім алып, үздіксіз тәжірибе жинақтайды. Ең бастысы – адами көзқарас өте жоғары деңгейде. Науқастың жасы, ұлты, жағдайы маңызды емес. Әр адамға өз туысындай жанашырлықпен қарайды. Пациенттердің басым бөлігі – онкологиялық диагнозбен келетіндер. Қазақстандықтар көбіне асқазан, сүт безі, өкпе обыры сияқты ауыр диагноздармен жүгінеді. Үндістан онкология саласында заманауи химиотерапия, таргеттік терапия, роботтандырылған хирургия әдістерін кеңінен қолданады. Кей жағдайларда Қазақстанда «үміт аз» делінген науқастардың өзі ремиссияға шығып, жаңа өмір бастаған сәттер аз емес. Жылап келген пациенттің күліп қайтқанына қатты қуанамын. Сондықтан ауырып ем іздеген адамдар халықтың сеніміне ие болған, заң талаптарына сай қызмет көрсететін беделді компанияларға жүгінгені жөн, – дейді Гүлжазира ханым.
Бұл салада ең ауыры – сенім. Жаны қиналған адам өз өмірін алдымен Аллаға, сосын кейіпкеріміз бен оның командасына аманаттап келеді. Гүлжазира Өмірзақызы да өз тарапынан адамдар аманатына адал болуға тырысады. Өмір болған соң, кей жағдайда кездесіп жататын қиындықтар да оның алға қадам басуына кедергі болған емес. «Мен қиындықтан қашпаймын. Бүгін қиындық болса, ертең сәттілік болады» дейді ол. Бұл оның өмірлік ұстанымы. Бес баланың анасы, балдай тәтті немерелерінің әжесі атанған кейіпкеріміз жүздеген отбасының үзіліп бара жатқан үмітін қайта жалғады. Қаншама шаңырақтың сөніп бара жатқан сәулесін қайта жағып, жүздеген адамның ақ батасын алып, алғысына бөленді. Оның айтуынша, пациенттің сауығып қана қоймай, өмірге деген сенімінің қайта оралуынан асқан қымбат дүние жоқ. Бұл өмір жалғасады деген сөз.
Көпшілік Үндістанға барудан қорқады. Халықтың біразын тіл, мәдениет, сапа мәселесі алаңдатады. Бірақ кейіпкеріміздің тәжірибесі көрсеткендей, дұрыс ұйымдастырылған емдеуде еш қауіп жоқ. «Шетелде емделуден қорықпаңыздар. Ең бастысы – уақыт жоғалтпау» дейді ол.
ГҮЛЖАЗИРА ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ ҚАЗАҚСТАННАН КЕЛГЕН ПАЦИЕНТТЕРГЕ ЕҢ МЫҚТЫ ДӘРІГЕРДІ ТАУЫП БЕРУ ҮШІН БАРЫН САЛАДЫ. ӨЗІНІҢ БАЛА КҮНГІ ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАНЫ АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛУ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАНДАЙ. ОЛ ХИРУРГ БОЛА АЛМАДЫ. БІРАҚ ОЛ – АДАМДАРДЫҢ ӨМІРГЕ ҚАЙТА ОРАЛУЫНА ДӘНЕКЕР БОЛЫП ЖҮР. БҰЛ – ОНЫҢ НЕГІЗГІ МИССИЯСЫ.










