МЕКТЕП АСХАНАСЫНДА ЫСТЫҚ ТАМАҚ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫ ЖАЙ КӘСІП ЕМЕС, АМАНАТ ДЕП ТҮСІНІП, ЖЫЛДАР БОЙЫ ОСЫ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАНДАРДЫҢ БІРІ – КӘСІПКЕР АНА ГАУҺАР ЕРМЕКҚАЛИЕВА.
Таңғы ас иісі бұрқыраған мектеп асханасы – тек тамақ беретін орын емес. Ол – тәрбие мен тәртіптің, жауапкершілік пен сенімнің ошағы. Оқушыларға ұсынылған ыстық тамақтың артында қаншама еңбек, қаншама есеп, қаншама технология жатқанын екінің бірі біле бермейді. Осы саланың ыстығы мен суығын қатар көріп келе жатқан кейіпкеріміз бізге бұл бизнеске қалай келгені туралы әңгімелеп берді.
КӘСІПКЕ ЖОЛ АШҚАН ДҮКЕН
Ол кәсіпкерлікке бірден келген жоқ. Кейіпкеріміз Гауһар Мұратқызы – Ақжайық ауданының тумасы. Бойжеткен шағында Алғабас ауылына келін болып түсіп, жұбайымен бірге екі қыз тәрбиелеп өсірді. Негізгі мамандығы –
мұғалім. Алғашқы еңбек жолын мектепте бастап, оқушыларға еңбек пәнінен сабақ береді. Қыздары есейе келе, олардың болашағы туралы жиі ойлана бастайды. Ауылда тұрақты табыс көзі қажет екенін түсінген ол алғашқы кәсібін шағын дүкен ашудан бастайды. Алайда ауылдық жерде тауар айналымы қиындау еді. Осыдан кейін мектептерге тамақ жеткізу ісіне бет бұрып, тәжірибелі кәсіпкерлерден кеңес алады. Алғашқы жұмыс шағын мектептерден басталды. Кейін мектеп жанындағы лагерьлерді тамақтандыруды қолға алып, біртіндеп конкурс арқылы мектеп асханаларын басқаруға мүмкіндік алды. Осылайша қарапайым тамақ жеткізуден басталған іс үлкен жүйелі кәсіпке айналды.
«ЕТ САЛДЫМ, СУ ҚҰЙДЫМ» ДЕЙТІН ЗАМАН ЖОҚ
Бүгінде кәсіпкер бұл салада он бес жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Қазір оның қарауында төрт ауданға қарасты жиырма бір білім беру мекемесі бар. Асханалар қажетті жабдықтармен толық қамтылған.
– Мектептегі ыстық тамақты ұйымдастыру үлкен жауапкершілік. Әр баланың тамағына жауаптымыз. Тамақты жеткізу оңай. Ал сапасына жауап беру – ең қиыны. Өйткені мектеп тағамына қойылатын талап бұрынғыдан әлдеқайда қатаң. Әр тағам технологиялық карта бойынша әзірленіп, әр грамм өнім, әр минут есепке алынған. Бұрынғыдай «ет салдым, су құйдым» дейтін заман жоқ. Қазір бәрі стандартпен өлшенеді, – дейді ол.
Қазіргі таңда кәсіпкер Гауһар Мұратқызы 65 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның қарауында аспазшылар, технологтар, басқа да қызметкерлер ортақ мақсат үшін еңбек етуде.
АСХАНА – ТӘРТІП ПЕН ТЕХНОЛОГИЯ ОРНЫ
Мектеп асханасында ыстық тамақ ұйымдастыру оңай емес. Балалар тағамында қауіпсіздік басты орында болғандықтан тамақ жасау процестерін қадағалайтын төрт технологты жұмысқа алған. Олар мектептерді кезекпен аралап, аспазшыларға технологиялық талаптарды түсіндіреді. Мысалы, балық өнімдерін дайындаудың өзі нақты талаптарға бағынады. Салқын суда өңдеу, арнайы кезеңдер, температуралық режим – барлығы бақылауда. Аспазшылардың біліктілігін арттыру да тұрақты жүргізіледі. Үшінші дәрежелі мамандарды төртінші, бесінші разрядқа дейін оқыту – кәсіп иесінің басты ұстанымдарының бірі. Өйткені мектеп асханасындағы аспаз – жай қызметкер емес, балалар денсаулығына жауапты маман.
БЕС ІРІ ҚАРАДАН БАСТАЛҒАН ШАРУАШЫЛЫҚ
Гауһар Мұратқызы осы кәсіпке келу арқылы үлкен тәрбие мектебінен өткенін айтады. «Ертең демалғым келген күні ісімді қыздарыма сеніп тапсыра алатындай болуым керек» деп болашағын әріден ойлаған кейіпкеріміз екі қызын да осы кәсіптің қыр-сырын үйренуге бағыттаған. Бүгінде бірі – жиырма сегізде, екіншісі – жиырма үш жастағы қыздары ана жолын жалғап, кәсіптің бел ортасында жүр. Кәсіпкер жұмысты тек асханамен шектемей, қосымша шаруашылықты қолға алып, жұбайына мал шаруашылығын ашып берген. Бес ірі қарадан басталған мал саны бүгінде елу басқа жеткен. Оған қоса, жүзге жуық тауық өсіріп, жұмыртқа сатудан күн сайын табыс табуда. Болашақта сүт өнімдерін өндіру жоспары бар.
– Мал өсіргеннің бір пайдасы ет те, жұмыртқа да өзімнен болады. Балалар тағамының құнарлы болуына мән беремін. Әсіресе интернат оқушылары мені көріп, қуанып қарсы алғанда, бар шаршағанымды ұмытып кетемін. Аспаздарыма да «Балалардан тамақ аямаңдар. Үстемелетіп салып беріңдер» деп үнемі айтып отырамын, – дейді кәсіпкер ана.
Кәсіпкер болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ана болу жауапкершілігі бәрінен де маңызды. Ал осы екі қасиетті жолды қатар алып жүру әйел жүрегіндегі қайсарлық пен төзімнің, табандылық пен мейірімнің үйлесімін аңғартады. Өмірдің сан салалы жүгін арқалай жүріп, отбасының берекесін сақтап, қоғамға да пайдасын тигізіп жүрген кейіпкеріміз 8 наурыз мерекесі қарсаңында барша қазақ әйелдеріне ақ тілегін арнайды.
– Қазақ әйелдерінің сабыры мен даналығын, еңбекқорлығы мен қайсарлығын әрдайым мақтан етемін. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарымыз аман болсын! Еңбектерінің жемісін көріп, ұрпағының қызығына кенелсін, – дейді Гауһар Ермекқалиева.
АДАЛ ЕҢБЕГІМЕН КӨПКЕ ҮЛГІ БОЛЫП ЖҮРГЕН ҚАЙСАР КӘСІПКЕРДІҢ ӘР БАСТАМАСЫНА ТЕК СӘТТІЛІК ТІЛЕЙМІЗ!











