ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ӘРБІР АУЫЛЫНДА ҮНСІЗ ЕҢБЕК ЕТІП, ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТІП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАР ЖЕТЕРЛІК. СОЛАРДЫҢ БІРІ – БҚО, СЫРЫМ АУДАНЫ, БҰЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТУМАСЫ МАХАМБЕТ ДОСАЛИЕВ
Ол ауылдың баласы. Ауыл тірлігіне ерте араласып, еңбекпен есейген кейіпкеріміз тәжірибе арқылы шыңдалып, кейін туған топырағына қайта оралып, ел игілігіне қызмет етіп жүр.
Әңгімеміздің әлқиссасын әріден бастасақ, кейіпкеріміз Махамбет Досалиев 1980 жылы бұрынғы Шідерті мал бордақылау совхозы, қазіргі Бұлан ауылында дүниеге келген. Ауыл тіршілігі, маңдай термен келетін адал еңбек оны жастайынан жауапкершілікке үйретті. Табиғатпен етене өскен бала үшін еңбек өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.
1997 жылы мектепті тәмамдаған жас жігіт Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне оқуға түсіп, 2002 жылы инженер-механик мамандығын игеріп шығады. Кейін қосымша 2010-2012 жылдары Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде мұнай-газ инженері, 2015-2017 жылдары құрылыс инженері мамандығын алып шығады.
Одан әрі кейіпкеріміз еңбек жолын мұнай және газ өндірісі бағытында жалғастырады. Халықаралық стандартпен жұмыс істейтін компанияларда жиырма жылдан астам қызмет еткен маман кәсіби тәжірибе жинап жүріп, жетістікке жету – нақты жоспар мен жүйелі еңбектің нәтижесі екенін түсінеді. Шетелдік компанияларда еңбек еткен жылдары оған тәртіп пен стратегиялық ойлаудың маңызын ұғындырды. Әрбір бастама нақты жоспарға сүйеніп, кезең-кезеңімен жүзеге асқанда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын да ол сол жылдары терең сезінді. Бұл тәжірибе кейін кәсіпкерлік жолға бет бұрғанда кейіпкерімізге көп көмек берді.
БЕС ЖЫЛДЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ
2017 жылды көптен бері көкейінде жүрген арманын жүзеге асыруға бел буған Махамбет Досалиев туған ауылына оралып, «Бұлан» шаруа қожалығын қазан айында құрады. Оның бұл қадамы қарапайым кәсіп бастау емес, ауылдың болашағына салынған инвестиция еді. Алдымен қора-қопсы салынды, техника дайындалды, тұрғын үй тұрғызылды, бес жылдық даму жоспары жасалды. Тек содан кейін ғана алғашқы қазақтың ақ бас ірі қарасы (50) 2018 жылдың мамыр айында әкелінді. Бұл – ауыл кәсіпкерлігінде сирек кездесетін жүйелі тәсіл еді. Осылайша төрт жылдың ішінде жоспарланған бес кезең толық орындалды. Мал басы көбейді, жылқы шаруашылығы жолға қойылды, тұрақты жұмыс орындары ашылды. Бүгінде қожалықта әр маусымда бұландық 10-17 адам еңбек етеді.
АВТО-КЕМПИНГ ЖОБАСЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Уақыт өте келе кәсіпкерді жаңа сұрақ толғандыра бастайды. Мал өсіру бір бөлек, ал дайын өнімді тиімді пайдалану одан да маңызды еді. Осы ізденіс оны жаңа бағытқа жетеледі. Сырым ауданы маңындағы республикалық тас жол бойынан жол қызметін дамыту идеясы осылай пайда болды. Бұл жоба жеке табыс табуды ғана көздемей, аудан инфрақұрылымын дамытуға бағытталды. Екі жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2024 жылдың тамыз айында заманауи Alan Tir Parking (авто-кемпинг) пайдалануға берілді. Кешен құрамында елу орындық асхана, шағын кафе, демалыс және караоке залдары, он бір қонақүй нөмірі, монша, намазхана, авто тұрақ, душ және санитарлық аймақтар қарастырылған. Бұған дейін ауылдық жерде болмаған қызмет түрлері енді жолаушылар мен жергілікті тұрғындарға қолжетімді бола бастады. Қазір бұл жерде 20-25 адам еңбек етеді. Жобаның тағы бір маңызды нәтижесі елді мекен аумағының ресми түрде кеңейіп, картада жаңа шекараның бекітілуі болды. Бұл болашақта трасса бойында жаңа кәсіп нысандарының ашылуына мүмкіндік беретін тиімді бастамалардың бірі.
ҚАНДАЙ ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ?
Бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін көруге асығатын стратег кейіпкеріміз Махамбет Досалиев мұнымен шектеліп қалуды мақсат етпейді. Қазіргі таңда авто-кемпинг аумағында маусым айында басталған жап-жаңа жанармай құю станциясының құрылысы жақын арада бiтiп және 2026 жылдын наурыз айында iске қосылмақ. Жоба халықаралық серіктестік негізінде іске асырылып жатыр. Алдағы жоспарлар қатарында автосервис, көлік жуу орны және шиномонтаж қызметін іске қосу бар. Осылайша жол бойындағы кешен толыққанды және халықаралық стандартқа сай сервистік орталыққа айналмақ.
Бүгінде кейіпкеріміздің жүзеге асқан жобаларының нәтижесінде жүздеген ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы орайда айта кететін жәйт кәсіпкер ең алдымен бұландықтарды жұмысқа орналастыруға ерекше мән береді екен. Ең басты қағида жергілікті халыққа мүмкіндік беру.
Туған жерінің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етіп жүрген кейіпкеріміздің өмірлік серігі – мұнайлы өңірдің жүрегі саналатын Атырау облысының тумасы. Тағдыр тоғыстырған жұбайлар бүгінде бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, ұрпақ санасына еңбекқорлық пен отансүйгіштік құндылықтарын сіңіруге барын салып келеді. Ол өзін кәсіпкер емес, туған жерінің жанашыры санайды. Себебі оның атқарып жүрген әрбір ісі мен қолға алған жобалары тек жеке табыс табуды ғана көздемейді, керісінше туған өлкесінің дамуына, жастардың болашағына және қоғамның игілігіне бағытталған. Туған жерге деген жауапкершілікті терең сезінетін атымтай азаматтарымыздың қатары көбейе бергей!











