СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ЖЫМПИТЫДА «АҚ БЕНТЛИ» ДЕСЕ, ЕЗУ ТАРТПАЙТЫН ЖАН КЕМДЕ-КЕМ. БҰЛ – АУЫЛ КӨШЕСІН ШАҢДАТҚАН ҚЫМБАТ КӨЛІК ЕМЕС, АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ СИМВОЛЫНА АЙНАЛҒАН ҚАРАПАЙЫМ «ЖИГУЛИ». ОНЫҢ ТІЗГІНІНДЕ – КІЛЕМ ЖУУ ҚЫЗМЕТІН КӨРСЕТІП ЖҮРГЕН ЖЫМПИТЫЛЫҚ АҚЕДІЛ НҰРМАШЕВ.
Кейіпкеріміз Ақеділ 1991 жылы Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Қ. Мырзалиев атындағы ЖОББМ қабырғасынан түлеп ұшып, білім жолын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да жалғастырады. 2013 жылы кәсіптік бағдар беру мамандығын тәмамдап, туған жерге оралып, Сырым колледжінде өндірістік оқыту шебері болып еңбек жолын бастайды. Содан бері талай жасқа бағыт-бағдар беріп келеді. Мұғалімдік қызметте жүрсе де, оның жүрегінде өз кәсібімді ашсам деген ынта-ықылас маздап жатты. Студент күнінде-ақ қосымша жұмыс істеп, ата-анасына салмақ салмауды мақсат еткен жас жігіт бірде көлік жуу орнында еңбекке араласады. Алғашында қарапайым жұмыс көрінген кәсіптің қыр-сырына үңілген сайын ойына «Неге өз ісімді бастамасқа?» деген сауал ұялайды. Күнделікті табыс пен шығынды ойша есептеп, болашақ жоспарын да құрып қояды. Бұл ой үш жыл бойы санасында пісіп-жетіліп, 2016 жылы нақты қадамға ұласады. Самара-Шымкент тас жолының бойынан жер сатып алып, болашақ ірі кәсіп нысанының іргесін қалайды. Сол кездегі Сырым ауданы әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев оның бастамасына сенім білдіріп, қолдау көрсеткені жас кәсіпкерге жігер береді. Ғимарат салу оңай шаруа емес. Ақеділ Нұрмашев жалақысынан артылған қаржыға фотоаппарат алып, ауыл тойларын таспалап, қосымша табыс табады. Тапқанын тиын-тебен демей жинап, іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызады. Ақыры 2019 жылдан бастап көлік жуу, кейін кілем жуу қызметін жолға қояды.
Бүгінде ғимараттың төрт бөлігі бар. Біреуі – көлік жуу орны, біреуі – көлік жөндеу орталығына жалға берілген, енді бір бөлігінде аутобөлшектер дүкені ашылмақ. Ал екінші қабаттағы орын алдағы жоспарлардың еншісінде.
Кәсіптің кеңеюіне ауыл арасындағы «ақ Бентли» де себеп болды. Кілем тасуға арнайы жүксалғыш орнатылған, жарқыратып күтілген «Жигулиді» әзілдеп осылай атаған. Клиенттерге тегін тасымал қызметін ұсынып, алыс-жақын ауылдарға үстемеақы қоспай қызмет көрсету – оның басты ұстанымы. Шаршы метрі 600 теңгеден бағаланатын кілем жуу ісі бүгінде негізгі табыс көзіне айналған.
Кейіпкеріміздің кәсібін ілгерілетуге мемлекет қолдауы да демеу болды. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 8,6 миллион теңге несие алып, Түркия технологиясымен жасалған заманауи кілем жуу аппаратын алдыртады. Одан әрі Алматы қаласынан құрылғыны ауылға жеткізіп, сол жерден техника тілін үйреніп қайтады. «Тәуекел – табыс кілті» екенін жақсы түсінген ол қалған қаражатты табу үшін көлігін сатып, тағы несие алады.
Өмір жолы әрдайым тегіс бола бермейді ғой. 2024 жылғы су тасқыны ғимаратты басып, құрылғылар істен шығады. Жөндеу барысында өрт шығып, жуылып тұрған 32 кілем күйіп кетеді. Кәсіпкер шығынды өзі көтеріп, клиенттерге жаңа кілем алып береді. Бұл – жауапкершілік пен адалдықтың айғағы. Қазір цех іші қайтадан қарбалас тіршілікке толы. Арнайы шаң қағатын, ысқылайтын, жуатын құрылғылар тынымсыз жұмыс істеуде. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, бір кілемнің тап-таза болып шығуы бірнеше кезеңнен өтеді. Бірақ еңбекке деген құрмет бар жерде нәтиже де бар.
Педагогика саласында еңбек етумен бірге кәсіпкерлікті қатар алып жүрген Ақеділ Нұрмашев – бүгінгі ауыл жастарына үлгі. Ол үшін байлық – тек табыс емес, ертеңге деген сенім. Жымпиты көшесінде жүйткіген «ақ Бентли» – сол сенімнің, сол еңбектің
символы.










