ТУҒАН ЖЕРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ӘР АДАМНЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ БЕРМЕЙТІН ІС. СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ЖЫМПИТЫ АУЫЛЫНДА АШЫЛҒАН «СҰЛУАЙ» ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАСЫ – ОСЫНДАЙ ІЗГІ НИЕТ ПЕН ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗДАН ТУҒАН ИГІ БАСТАМАНЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ. БАЛАБАҚШАНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ – ӘСЕМ ШАЙМАХАНОВА.
Бұл ғимарат бір кездері кеңес дәуірінде асхана болған. Уақыт өте бос қалып, қараусыз тұрған нысанға жан бітіріп, жұмысын жандандыру Әсемнің әкесі Бейбіт Тахамбетовтің арманы еді. Кәсіпкерлікке ерте араласқан, ауыл шаруашылығымен айналысып, елге еңбегі сіңген азамат көзі тірісінде осы жерден балаларға арналған игілікті орын ашуды ойлаған. Жылдар өте келе Әсем Шаймаханова әке арманын орындайды. Эколог маман, кәсіпкер, қазіргі таңда Алматы қаласында докторантурада білім алып, жоғары оқу орнында дәріс беріп жүрген Әсем Бейбітқызы жеке қаражатына ғимаратты толық жөндеуден өткізіп, 2025 жылдың желтоқсан айында балабақшаның салтанатты ашылуын ұйымдастырады. Өткен жылдың 13 қаңтарынан бастап мекеме өз жұмысын бастады.
Қазіргі таңда «СұлуАй» балабақшасы екі жастан бес жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қабылдайды. Мұнда әрқайсысында жиырма баладан екі топ жұмыс істейді. Балаларға арналған кең әрі жарық топ бөлмелері, асхана, кір жуу орны, қазандық – барлығы талапқа сай жабдықталған. Бір топта ойын және демалыс бөлмесі біріктірілсе, екіншісінде жеке ұйықтайтын бөлме қарастырылған.
Балабақшаның күнделікті жұмысына құрылтайшының анасы, тәжірибелі дәрігер Роза Тахамбетова тікелей араласып жүр. Зейнет жасында болса да, ол балалардың денсаулығы мен күтіміне жауапкершілікпен қарайды.
-Балалардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануы – ең басты назарымызда.
Бүлдіршіндер балабақшаға тез үйреніп кетті, жақсы тамақтанады, тыныш ұйықтайды. Ата-аналармен де ортақ тіл табысуға тырысамыз, – дейді Роза Құттықожақызы.
Шағын ұжымда тәрбиешілер, күтушілер, медбике, аспаз, бухгалтер және техникалық қызметкерлер еңбек етеді. Ал барлық ұйымдастыру, құжат және басқару мәселелерін құрылтайшы қашықтан үйлестіріп отырады. Алматыда қызмет атқарса да, Әсем Бейбітқызы балабақша ашылар алдында ай сайын ауылға келіп, жұмыстың әр кезеңіне өзі бақылау жасаған.
Балабақшаның «СұлуАй» атануы да кездейсоқ емес. Осы атты ерекше жақсы көретін Әсемнің әкесі немере-жиендерімнің біріне қоямын деп армандаған. Сол атау бүгінде ауыл балаларының шат күлкісі естілетін балабақшаға бұйырыпты. Бүгінгі күнде ата-аналардың сеніміне ие бола бастаған балабақшаға сұраныс жоғары деңгейде. Әке аманатына адалдық танытқан Әсем Бейбітқызына біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз!









