АУЫЛДЫҚ ЖЕРДЕ ҮЛКЕН ӘРІ ЗАМАНАУИ МЕЙРАМХАНА АШУ – КӨПТІҢ БАТЫЛЫ ЖЕТЕ БЕРМЕЙТІН ІС. БҰЛ ТЕК КӘСІПКЕРЛІК ҚАНА ЕМЕС, ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТЫНЫСЫН СЕЗІНІП, ОНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІН ЖҮРЕКПЕН ТҮСІНУДЕН БАСТАЛАТЫН ШЕШІМ. ОСЫНДАЙ БАТЫЛ БАСТАМАНЫҢ ИЕСІ – ЖАННА КАЛЕШОВА.
Ол бірнеше жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп, жауапкершілік пен тәртіпті өмірлік ұстанымына айналдырды. Қызмет жолы тұрақты болғанымен, өз ісін ашу, елге пайдасы тиетін кәсіп бастау арманы жүрек түкпірінде бұғып жататын. Уақыт өте келе бұл арман негізгі мақсатқа айналарын кейіпкеріміз өзі де білмеген шығар, сірә.
Бәрі де Сырым ауданына қоныс аударған кезден басталды. Күнделікті тұрмыста байқалған қарапайым қажеттіліктер үлкен идеяның тууына себеп болып жататыны рас. Ең алдымен Жанна жұбайымен бірге балаларға арналған ойын-сауық кешенін ашуды ойластырады. Өйткені баласын ойын орталығына апару үшін қалаға айына екі-үш рет баруға тура келетін.
Алайда келін боп түскен әулетінің тойын өткізу кезінде олар күтпеген қиындыққа тап болады.
– Жақын туысымыздың тойын жасар кезде ауданда 400-ге жуық адам сиятын мейрамхана таба алмадық. Той екі күнге созылды. Сол кезде «Неге ауылда үлкен, заманауи мейрамхана ашпасқа?» деген ой келді. Осы жағдай мені қатты шабыттандырды, – дейді Жанна.
Сол тойды ұйымдастырудағы қиындық кейіпкерімізге ауыл тұрғындарына кең әрі жайлы мерекелік орынның қаншалықты қажет екенін ұғындырды. Осы сәттен бастап той өткізу әлегінен туған идея нақты жоспарға айналды. Жанна мейрамхана ісінің қыр-сырын меңгеріп, аспаздық шеберлігін дамытуға ден қояды. Түрлі шеберлік сыныптарына қатысып, тағам мәдениетін терең зерттей бастайды. Оның кәсіпке деген қызығушылығы мен ізденісі болашақ жобаның сауатты әрі сапалы түрде іске асуына негіз болды.
Осылайша ауыл өміріне жаңа тыныс әкелген Marziya Grand Hall мейрамхана кешені бой көтерді. 360 қонаққа дейін қабылдай алатын кең зал, жарық әрі заманауи интерьер, ыңғайлы жоспарланған кеңістік – мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін бұрын болмаған мүмкіндік еді. Мұнда әрбір мереке ерекше атмосферада өтеді. Мейрамхана құрамындағы кафе мен жеке VIP залдар да келушілер сұранысын ескеріп жасалған. Бірінші қабаттағы VIP зал достармен бас қосуға және іскерлік кездесулерге қолайлы болса, екінші қабаттағы этностильдегі зал тыныш әрі жайлы демалысты қалайтын қонақтарға арналған.
Сырым ауданы орталығында мұндай ауқымды форматтағы орын әзірге бірегей.
– Біз тек сән-салтанатқа ғана емес, ең алдымен тағам сапасына, тазалыққа және қызмет көрсету мәдениетіне ерекше мән береміз. Мейрамхана біз үшін табыс көзі ғана емес, адамдардың қуанышты сәттерін бөлісетін, естелікке толы мекенге айналса дейміз, – дейді кәсіпкер Жанна Калешова.
Бүгінде Marziya Grand Hall мейрамханасына түрлі той-томалақ пен мерекелік шаралар өткізуге сұраныс жоғары. Ауылдық жерде орналасқанына қарамастан, қызмет көрсету деңгейі қалалық стандарттан кем түспейді. Интерьердегі әрбір бөлшек, ұсынылатын әр тағам – қонақ жайлылығы үшін мұқият ойластырылған.
Кейіпкеріміз Жанна Калешованың бастамасы – бір кәсіптің тарихы ғана емес, ауылдың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдейтін мысал. Арманға сеніп, оны нақты іске айналдыра білген адамның табандылығы туған жердің келбетін де өзгерте алады. Бүгінде Marziya Grand Hall – жай мейрамхана емес. Ол ауыл өміріне жаңа мәдениет, жаңа деңгей, жаңа мерекелік көңіл күй сыйлаған орынға айналып келеді.









