АУЫЛДА ӨЗ КӘСІБІН АШЫП, ТУҒАН ЖЕРІНІҢ КӨРКЕЮІНЕ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН ЖАСТАР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ – АСЕМ ШУКАТОВА.
Ол 1995 жылы 17 қаңтарда дүниеге келген. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап әрдайым ерекше белсенділігімен көзге түседі. Аудан орталығындағы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Асем білімін ары қарай дамыту мақсатында 2012-2016 жылдары Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде мәдениеттану мамандығы бойынша білім алады. Оқуын аяқтап, туған ауылына оралған ол жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа кірісіп, кейіннен сегіз жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Асем әрдайым түрлі жобалар ұйымдастыру, адамдармен қарым-қатынас жасауда жауапкершілікті сезіне білді. Облыстық, республикалық деңгейде өткен спорттық шараларға қатысып, белсенді қызметкер болды. Әйтсе де оның жүрегінің түбінде бір арман бар еді. Ол өз кәсібін ашу, өз күшіне сеніп, бастаған ісінің нәтижесін көру.
Адамға идея күтпеген сәтте келеді ғой, кейде. 2024 жылдың жазында Ақтөбе қаласында саябақта жүргенде Асем шағын bubble tea дүкенін көреді. Кейіннен өзі ізденіп, құрбыларының идеясымен ауылда кофехана ашуға шешім қабылдайды.
– Бастапқы кезеңде қиын болды. Ғимарат табу, құрал-жабдық сатып алу, жөндеу жүргізу –
бәрін өз қолыммен атқару қажет болды. Құрбыларыммен ғимарат іздедік. Содан соң жинаған қаржыма қоса, шағын несие алып, осы ғимаратты сатып алдым. Әбден шаң басып, азып кеткен нысанды қалпына келтіру де оңай болған жоқ. Өз қолыммен кафель төсеп, жөндеу жұмыстарын жасадық, – дейді Асем.
Ол кофехананың атауын таңдауға да ерекше мән берді. «Sunny A» – бұл тек бір атау ғана емес, терең мағыналы символ болды. «Sunny» – өмірден ерте кеткен анасы Санияның аты, ал «А» – өзінің есімінің алғашқы әрпі. Осындай атау арқылы Асем анасына деген сағынышын, құрметін, мейірімін білдіргісі келді. Әрі жас кәсіпкер анасының есімі өшпей, мәңгі жаңғырып тұрғанын қалады.
2024 жылдың қарашасында «Sunny A» кофеханасы ресми түрде өз есігін айқара ашты. Ашылған алғашқы күннен-ақ адамдар ұзын-сонар кезекке тұрды. Балалар баблти мен тәттілер үшін асығып, ересектер кофенің иісін сезіп, дәмін татуға келді. Кофехананың ішіндегі жылы, жайлы атмосфера әрбір қонаққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Бүгіндері бұл орын тек дәмді тағам мен сусын ғана емес, сонымен бірге жүректерге жылулық беретін мекенге айналған.
Қазіргі таңда «Sunny A» кофеханасы Жымпитының ғана емес, көршілес ауылдардың да сүйікті демалыс орнына айналды. Асемнің айтуынша, ең бастысы – өз ісіне сену, тәуекелге бару және арманыңа адал болу.
– Бастапқыда қаражат аз болды, бәрі өз күшімізбен, еңбектеніп жасалды. Бірақ алға ұмтылыс бар жерде бәрі жақсы болады, – дейді ол.
Қарапайым ауылдан шыққан жас кәсіпкер табандылығы мен еңбекқорлығының нәтижесінде жүрек түкпіріндегі арманын орындады. Оның өмірі – жастарға өз мақсаттарын айқын қойып, ешқашан тайынбай, жаңа белестерді бағындыруға, қиындыққа қарамай тәуекел етуге шабыт берері анық.










