ӘР ҚАЛАДА УАҚЫТТЫҢ ЫРҒАҒЫНА ІЛЕСІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, СОЛ ЫРҒАҚТЫ ӨЗІ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН ЖАНДАР БОЛАДЫ. НАЗЕРКЕ ЕРМҰРАТҚЫЗЫ – СОНДАЙ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БІРІ. ҚАЛАҒА ТАНЫМАЛ БЛОГЕР, МЕДИА ТҰЛҒА, «ИСТОРИЯ УСПЕХА» ЖУРНАЛЫНЫҢ АМБАССАДОРЫ РЕТІНДЕ ОЛ КӨП ЖЫЛДАН БЕРІ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕ БРЕНДІМЕН ЖҰМЫС ІСТЕП, ОЛАРДЫҢ ӨЗІН СЕНІМДІ КӨРСЕТУІНЕ, КАМЕРА АЛДЫНДА ЕРКІН СӨЙЛЕУІНЕ, ӨЗ ІСІН ДҰРЫС ТАНЫСТЫРА БІЛУІНЕ ЖОЛ АШЫП КЕЛЕДІ.
Назерке талай кәсіпкердің өсу жолын сырттай бақылап қана қоймай, сол процестің бір бөлігіне айналды. Ол аймақта қаншама талантты, еңбекқор жандар бар екенін көрді. Бірақ сол жандарға кейде орта, қолдау, ой алмасатын алаң жетіспейтінін де түсінді. Сол кезде ол тек контент жасап қана қоймай, үлкен кеңістік құруға бел буды.
Осылайша Орал қаласында алғаш рет мемлекеттік тілде өткен бизнес-форум – BATYL ADAM дүниеге келді. BATYL ADAM – бұл жай ғана атау емес, бұл ішкі күштің, жауапкершіліктің, әрекетке дайын болудың символы. Форумды Назерке өзінің серіктесі Жұмагүл Құрманғалимен бірге ұйымдастырды. Екеуінің бастамасы қысқа уақыт ішінде үлкен қолдау тапты. Шараға облыстың жүзден астам кәсіпкері жиналды. Залда бос орын болмады — барлық билеттер сатылып кетті.
Бұл кеш тек дәріс тыңдайтын жиын емес, шынайы рухани және кәсіби серпіліс алаңы болды. Сахнада өңірдің табысты кәсіпкерлері мен бизнес-тренерлері сөз сөйледі. Әр спикер өз тәжірибесімен бөлісіп, бизнесті дамыту, ойлау жүйесін өзгерту, масштабтау, көшбасшылық туралы нақты әрі өмірден алынған мысалдар келтірді.
Ең бастысы – BATYL ADAM жаңа орта қалыптастырды. Бұл жерде кәсіпкерлер бәсекелес емес, серіктес бола білді. Жаңа таныстықтар орнады, серіктестіктер басталды, идеялар туындады.
Мемлекеттік тілде еркін, кәсіби деңгейде бизнес туралы сөйлесу мүмкіндігі көпшілік үшін ерекше рухани серпін берді. Форум жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың жылы лебізіне ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, BATYL ADAM енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек. Алдағы уақытта география кеңейіп, басқа қалалардан спикерлер шақырылып, жоба ауқымды платформаға айналмақ.
Назерке Ермұратқызы нағыз батыл тұлға – тек өзі жетістікке жететін адам емес, өзгелерге де мүмкіндік жасай алатын жан екнін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мүмкін, оның өз бойындағы батылдығы дәл осы жауапкершілік пен әрекеттен көрінетін болар.










