Ол бала кезінен мұғалім болуды армандады. Осыдан 60-70 жыл бұрынғы балалардың оқуға деген ынтасы жоғары еді. Казталов ауданының тұрғыны, кейіпкеріміз Темірболат Ерекешовтің мұғалім болсам деген арманы бірден орындала қоймапты.
– 1968 жылы Бостандық ауылындағы орта мектепті бітірдім. Кейіннен 1970 жылы әскерге аттанып, одан 1973 жылы оралдым. Әскерден келген соң А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітірдім. Бостандық ауылында интернат меңгерушісі болып, алғашқы еңбек жолымды бастадым. 1983 жылы Қоныс орта мектебіне жолдама берді. Сол жерде ауылдағы мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі, кейіннен 1987-2000 жылдар аралығында мектеп директоры болып қызмет жасадым, – деп әңгімесін бастады жақында ғана 70 жасқа толған ардагер-ұстаз.
Ғұмырының 38 жылын бала тәрбиесіне арнаған ұстаз бізбен әңгімесінде сағынышқа айналған жылдарын еске алды. Ол кезде Қоныс орта мектебінде 200-дей бала оқитын. Кейіпкеріміз әр сабағының жанды өтіп, шәкірт жүрегіне жетуіне ерекше мән беріпті. 40 жылға жуық уақыт ішінде жүздеген шәкірт тәжірибелі ұстаздың алдын көрді. Ол кезде бірінші кезекте тәрбие жұмысына аса көп мән берілетіні, тәрбие сағаттарына жиі тексеріс өтетіні Темірболат ағайдың жадында ұмытылмай сақталыпты. Біз ардагер ұстаздан неліктен мұғалім болуды армандағанын сұрадық.
– Бала кезімнен өзімде мұғалім болам деген арман болды. Біздің мектепте профессор, Казталов ауданының құрметті азаматы Серік Машембаев деген мұғалім болды. Ол кісінің сабағы қызықты өтетіндіктен, бәріміз сабақтан қалмауға тырысатынбыз. Күнделікті сабақтан бөлек, тарихи материалдарды әкеліп, бізге таныстыратын. Біз де бала қиялмен сол кісіге ұқсағымыз келетін. Шыны керек, сол кезде мұғалім мамандығы біз үшін романтикалық мамандық болды. Қатарластарымыздың көбі физика, математика факультетіне түсті. Менің бар ғұмырымды мұғалім мамандығына арнауға Серік ағай ықпал етті, – деп бала кезін еске алды кейіпкеріміз.
Ауыл мектебінде еңбек етіп зейнетке шыққан ардагер-ұстаз мұғалім мамандығы табандылықты қажет ететіндігін айтады. Бала тәрбиесімен жұмыстанатын маман ең бірінші баланы жақсы көргені жөн. Дәстүрлі білім мен қазіргі білім беру жүйесінің айырмашылығы – жер мен көктей. Ақпараттық-технология заманы мұғалімдерден терең ізденісті қажет етеді. Сондықтан да қазіргі білім жүйесіндегі талаптарға сай болып, еңбек ету үшін де мұғалімге зор жауапкершілік керек-ақ. Қазіргі күнде Қоныс мектебінде 80-нен астам бала оқиды. Жыл сайын бала санының азайып келе жатқаны да қария ұстазды алаңдататыны анық. Әр сыныпта шамамен он баладан бар. Оқу үрдісінде аз балаға сабақ беру оңай. «Ал сыныбында отыз оқушыдан бар, қала мұғалімдері қалай үлгеріп жүр екен?» деп ойлап қояды арасында ардагер-ұстаз. Әр жетістіктің өз тарихы бар. Біз Темірболат ағайдан қандай өмірлік қағидаларды ұстанатынын сұрадық.
– Басты қағидам – алға қойған мақсатымды орындауға ұмтыламын. Мектеп бітіргесін бірден оқуға түсе алмадым. Арада біраз жыл өтті. Зейнеткер әке-шешеге қарайладық. Бірақ қанша жыл өтсе де «Мұғалім болуым керек» деген мақсатыма жеткенше тынбай жұмыстандым. Көп нәрсені қайта қарауға тура келді. Бірақ мақсатыма жеттім. Әр адам алға мақсат қойып, соған ұмтылғаны жөн. Шәкірттеріме де, өз балаларыма да осы кеңесті жиі айтамын, – дейді ол.
Зейнеткер ұстаз қазір Қоныс ауылында тұрады. Өзімен бірге география пәнінен сабақ берген жұбайы Зайда Хамитова екеуі ауыл мектебінде еңбек ете жүріп, төрт бала тәрбиелеп өсірген. Ата-анасының жолын қуған бала-келіні Аслан Ерекешов пен Айгүл Иманғалиева қазіргі күнде Қоныс мектебінде шәкірттерге білім мен тәрбие беріп жүр.
Өз балаларын адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеген ұстаз жетпіс жасқа жетіп, ұл-қызының қуанышын көріп, шәкірттерінің алғысына бөлену бақытына ие болғаны үшін шүкіршілік етеді.
– Бір кездері мектепті 50-ге тарта оқушы бітірдік. Қазір солардың көбі өмірден өтіп кетті. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Сондықтан осы жасқа жеткеніме күн сайын шүкір етемін. Бұрын 60-70 жастағы қариялар ауыр тұрмыс, көп қиындық көргеннен шығар кәрі көрінетін. Қазір заман жақсы ғой. Балаларымның бәрінің жоғары білім алып, маман иесі атануына жағдай жасадым. Педагогтер отбасы деп ауыл халқы сыйлап тұрады. Өткен жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бірінші орын алдық. Жетпіс жасқа толуыма орай, ауыл әкімі құттықтап, алғысхатын табыстап кетті. Өмірдегі басты нәрсе – сыйластық. Сый-құрмет көрсеткен ауыл тұрғындарына, шәкірттеріме, ағайын-туыстарыма ризашылығымды білдіремін,– деп ағынан жарылды ардагер-ұстаз.
Жастарға жігер сыйлап жүретін кейіпкеріміз әрбір жас арман-мақсатына жету үшін ерінбей күресу керек екендігін баса айтады. Күн сайын өзгеріп жатқан ақпараттық технология заманында тек алға ұмтылып, ғылым, білім жолында ізденген адам жетістікке жетпек.
«Оқушының жүрегіне от беретін ұстаз болғым келеді»
Кейіпкеріміздің ұлы Аслан Ерекешов пен келіні Айгүл Иманғалиева ұстаздар жолын жалғап, ауыл мектебінде еңбек етіп жүргенін жоғарыда айттық. Осыдан 20 жыл бұрын Қоныс орта мектебін бітіріп, мұғалім мамандығын таңдаған Аслан Темірболатұлы 2006 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дің география факультетін бітіріп, диплом алады. Алғашқы еңбек жолын Жұлдыз ауылындағы А. Құсайынов атындағы орта мектептен бастаған ол 2006 жылы туған ауылы Қоныс мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырады. Мектепте еңбек ете жүріп, Алматыдағы қыздар педагогикалық университетін бітіріп келген өмірлік жары Айгүлмен кездескен Аслан алғашқы жылдары ата-анасымен де бір ұжымда әріптес болып, қызмет етті.
– Бір ұжымда ата-анаңмен жұмыс жасаған қызық екен. Менің қалт еткен жерімді байқап қойса, олар бірден сын-ескертпелерін айтатын. География пәні жаныма жақын болғандықтан осы пәнді таңдадым. Орыстың ұлы ғалымы К. Ушинскийдің «Үлгілі ұстаз оқушының жүрегіне от береді» деген сөзі санамызда сақталып қалыпты. Сондықтан еңбек жолында шәкірттеріміздің биіктен көрінгенін қалаймыз. Осы бағытта география пәні бойынша ізденіп, жоғары оқу орнының грантына қол жеткізген шәкірттерімді мақтан етемін, – деп сөзін сабақтаған Аслан Ерекешов әкесінің ұлдарына қаталдау қарайтынын жасырмайды.
Мектепте де, үйде салмақты қалпынан танбаған әке бейнесін көріп өскен Аслан Темірболатұлы әке-шеше жолын қуып, ауыл балаларының терең білім алып, биік мақсаттарға қол жеткізгенін қалайды. Осы мақсатта оған әке жолы– өнеге.
– Әкеміз өз ісінің маманы болды. Ол кісінің сабағына тыңғылықты дайындалып баратынбыз. Бұл – біздің әкеге деген құрметіміз еді. Мұғалімінің баласы деген атқа кір келтірмеу үшін қай жағынан да өзіміз үлгі болуға тырыстық. Үлкен әпкем Назгүл де әкенің жолын қуып қазіргі күнде Әбіш негізгі орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі және тәрбие ісінің орынбасары болып, еңбек етіп жүр. Қазір әулетіміздің алтын діңгегіне айналып, немерелеріне тәрбие беріп отырған асқар тауымыз – әкемізді мерейлі жасымен құттықтаймыз. Анамыз бен екеуі шаңырағымызды шаттыққа толтырып, ұрпағының алдында аман жүрсе екен деп тілейміз, – дейді өнегелі өмір иесінің ұлы Аслан Темірболатұлы.
Ауыл мектебін алға жетелеп жүрген педагогтер отбасына біз де өз тарапымыздан тек сәттілік тілейміз.