Орал қаласындағы жарты ғасырлық тарихы бар №19 ЖОББМ директоры Алтын Жұмағалиева ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшысына дейінгі өнегелі белестерден өтті. Өз ұжымын, шәкірттерін жетістікке жеткізе жүріп, тәжірибелі педагог, тағылымы мол тәлімгер атанды. Білім саласында 33 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз қазіргі оқушыларды «z» ұрпақ деп атайды. Оларға білім беретін мұғалім де жаңа форматтағы мобильді маман болуы тиіс деп санайды.
Жаңақала ауданының Красногор ауылында дүниеге келген Алтын Жұмағалиева қаршадайынан білімге құштар болған. Бастауышты үздік аяқтаған оны анасы 5-сыныпта Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жетелеп әкелген. Ауылда алғыр әрі зерек оқушы атанған Алтын қыз облыстың ең білімді ұландары іріктеліп алынған мектепте де үздіктер қатарынан көрінген. Әсіресе математика және ағылшын тілі пәндеріне қызығушылығы зор болған. Сондықтан мектеп бітірген білімді бойжеткеннің таңдауы Ақжайық ұстаздарының ұясы М. Өтемісов атындағы университетке түскен.
– Мен мұғалім болуды бала кезден армандадым. Тіпті басқа мамандық иесі ретінде өзімді көрген жоқпын десем де болады. Әкем Оралдағы пединституттың физматына түскен. Екінші курста оқып жүргенде әскерге алынып, елге қайтып оралған соң институттағы білімін жалғастыра алмаған. Мектеп бітірер жылы анамның «Әкеңнің жолын сен жалғауың керек» бір ауыз сөзі қамшылап, физика-математика факультетін таңдадым, – дейді Алтын Ғинятқызы.
Ол кезде Алтын Жұмағалиева өз бақытын дәл осы ұстаздықтан табатынын білген жоқ. Қолына дипломын алған жас маманның ең алғашқы еңбек жолы 1997 жылы Орал қаласындағы №19 ЖОББМ-нен басталды. 5 жыл математика пәнінен сабақ берген Алтын Ғинятқызы еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, 2001 жылы директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.
Кейіпкеріміз сол қиын-қыстау кезеңді «Бұл тәуелсіздіктің елең-алаңындағы экономикалық тұрғыда қиын жылдар болатын. Мұғалімдерге 5-6 айлап жалақы төленбеді. Тәжірибелі ұстаздардың өздері отбасын асырау үшін амалсыз базар жағалап, саудаға кетіп жатты. Өз мамандығын шексіз сүйетін ұстаздар ғана мектептің барлық қиындығына төзіп, білім саласын дамыту жолында тер төкті»,-деп еске алады.
Төккен тер, еткен еңбек еш кетпей Алтын Жұмағалиеваға 2007 жылы Орал қаласындағы №40 ЖОББМ-нің директорлығы сеніп тапсырылады.
– Мен директор болып келгенде, 18 оқушы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекциясының арнайы есебінде тұрды. Себебін анықтай бастағанда, білім ордасында тәрбие жұмысының ақсап жатқаны бірден білінді. Ұжыммен ақылдаса келе, мектепішілік «Сайыпқыран сарбаздар» және «Волейболшылар» клубтарын құрдық та, жаңағы тәртіпке көнбей жүрген оқушыларды тарттық. Спортшыларға арнап киім тігуге, спорттық инвентарь алып беруге, түрлі жарыстарға жіберуге кәсіпкер, меценат Валерий Жунусов қаржылай көп қолдау көрсетті. Тентектіктен алда жүрген оқушылардың 1 жыл ішінде ешқандай құқық бұзушылық жасайтын уақыты болмай қалды. Жаттығуларға зор ықыласпен қатысып, спорттық жарыстарда жүлделі орындар ала бастады. Тіпті облыс намысын республикалық, халықаралық турнирлерде абыроймен қорғап, мектебіміздің мерейін асырды. Ал біздің бала тәрбиесіндегі тың тәсілімізді облыстық білім басқармасы қолдап, өзге мектептерге арнап, шеберлік сағаттарын өткіздік, – дейді кейіпкеріміз. Алтын Ғинятқызына сеніп тапсырылған тағы бір маңызды міндет – аралас мектепті мемлекеттік тілде білім беретін оқу ордасына айналдыру еді. Тәжірибелі басшы өзге ұлттың алпыстан астам баласын ың-шыңсыз, ешқандай қоғамдық кикілжіңсіз өзге орыс тілді мектептерге ауыстыру туралы тапсырманы да мінсіз орындап шықты.
Мектептің негізгі проблемасын дөп басып танып, аз уақыт ішінде жетістікке жеткізген білікті директорды басшылық 2009 жылы педагогикалық еңбек жолын бастаған №19 мектепке ауыстырады. Осы уақыт ішінде Алтын Жұмағалиева оқу-тәрбие үдерісінде жеткен жетістіктері, жоғары кәсібилігі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше рет марапатталды. Ең бастысы, әріптестері, шәкірттері мен ата-аналар арасында үлкен абырой-беделге ие болды.
– Біздің мектептің әдістемелік әлеуеті өте мол. Білім саласындағы инновациялық әдістер мен жаңа технологияларды енгізу, репродуктивтік әдістен заманауи әдістерге көшу, жаңаша білім беру жақсы жолға қойылған. Директор ретіндегі ең негізгі мақсаттарымның бірі – әдістемелік жұмыс сапасын арттыру болды. ХХІ ғасыр ұстазына бұрынғыдай әр сыныпқа кіріп-шығып, сабақ берумен ғана шектелуге болмайды. Жаңа форматтағы мұғалім – мобильді, жан-жақты дамыған кәсіби маман болуы керек. Кез келген өзгерісті қабылдауға, үнемі ізденуге дайын болуы тиіс. Қазіргі ұрпақты біз зета, альфа ұрпақ деп атаймыз. Міне, ұстаз да осы жаңаша ойлайтын оқушыларымен бірге оқуы, өсуі керек, – дейді кейіпкеріміз.
№19 ЖОББМ-те барлығы 64 сыныпта 1378 оқушы білім алады. Болашақ ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпаққа 190 ұстаз сабақ береді. Міне, осындай үлкен ұжымды айрандай ұйытып, ынтымақтыққа бастай білген білікті директор мектепте кадрлардың тұрақтауына, педагогтар әлеуетінің артуына жағдай жасап келеді.
– Табысты менеджер ұжымнан бір саты жоғары да, төмен де емес, бір қатарда болуы тиіс. Әріптестеріңмен бірге үйреніп, бірге өссең ғана, ортақ мақсатқа қол жеткізесің. Жетістікке жетудің тағы бір сыры – сауатты бәсеке. Өзіңнен озғанға қызғана емес, қызыға қарау. Сол арқылы өзіңді өзің қамшылап, үнемі өсуге, ілгері ұмтылуға дағдылану, – дейді ол.
Алтын Ғинятқызымен әңгімелескен кезде байқағанымыз, әріптестерім деген сөзді өте жиі қолданады екен. Ал оқушыларының бәрін өзімен тең көреді, жұмыс барысында олардың пікірімен үнемі санасып отырады. Сол себепті де айына бір рет «Директор диалогы» атты ашық есік күнін өткізуді әдетке айналдырған.
Алтын Жұмағалиева тек әріптестерін ғана емес, оқушыларды да командада жұмыс істеуге, ортақ мақсат қоя білуге және соған жете білуге шақырып отырады екен. Оқушы кезінен «менің сыныбым», «менің мектебім» деп жаны ашып өскен баланың ер жеткенде өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қоятын, туған жері мен халқына жаны ашитын елжанды азамат болып қалыптасатынын айтады. «Мен оқушыларға өздеріңді тек өздеріңмен ғана салыстырыңдар, бүгін кешегіден бір пайызға болса да артық болуларың керек, күнде бір жаңа білім алуға ұмтылыңдар деп жиі айтамын, – дейді ол.
Ұлағатты ұстаз жетістікке жетудің кілті – білім, еңбек, ерік-жігер екенін айтады.
– Менің түсінігімде жетістік пен марафон ұғымдарының мағынасы бірдей. Және ол жүз метрлік қашықтықты бағындыру емес. Ол өмір бойы ерік-жігеріңді шыңдай отырып, тоқтамай алға ұмтылу, – дейді ол.
Алтын Жұмағалиева – аяулы жар, бақытты ана, мейірімді әже, ұлағатты ұстаз және білікті басшы ретінде қалыптасқан жан. Алтын Ғинятқызын жақын танитындардың бәрі де оның өте талапшыл адам екенін айтады. Ол тек айналасындағыларға ғана емес, өзіне де жоғары талап қоя біледі. Өмірлік тәжірибесі, отбасының қолдауы және кәсіби ұжымының арқасында абырой биігінен көрініп, шәкірт алғысына бөленіп келеді.
– Толық адам, нағыз тұлға болып қалыптасуым алдымен анамның, одан кейін өмірлік жарым Қанат Төлеуұлы мен қос қанатым Мөлдір мен Аиданың қолдауының арқасы. Оған қоса жанымда ұдайы ең білімді, шығармашыл, креативті, адамгершілігі жоғары әріптестерім болды. 33 жылдық еңбек жолымда таңдаған бағытымның дұрыс екеніне өкінген сәтім болған емес, – дейді ол.