Елімізде 1999 жылдан бастап 15 сәуір шынайы махаббаттың мәңгілік символы Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні ретінде аталып өтілсе, араға тура бір ай салып, 15 мамырда әлем жұртшылығы Халықаралық отбасы күнін тойлайды. Көрікті көктеммен ілесе келген мерейлі мерекелерге орай біз алты бала тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя, оралдық Баянғали және Баянсұлу Телегеновтар туралы әңгімелеп бермекпіз.
Біздің кейіпкерлеріміздің ғашықтық оқиғасы да ерекше. Екеуін таныстырған да, табыстырған да албырт жастық шақ. Баянғали мен Баянсұлудың арасында алғашқы таныстықтан соң көңілге әлдебір қуаныш сыйлайтын балауса, пәк сезімнің алауы тұтанған. Сенім мен сезімге селкеу түсірмей, адалдық пен махаббатты серік еткен қос ғашық араға бес жыл салып, ата-ананың ақ батасымен шаңырақ көтеріп, отау тіккен.
Болашаққа нық сеніммен қарап, әр ісін жауапкершілікпен атқаратын Баянғали сүйіктісіне ұсыныс жасамас бұрын, болашақ отбасының ештеңеден тарықпай, берекелі өмір сүруін қамдап алады. Орал қаласындағы Ескі әуежай аумағынан шағын дүкен ашып, ең алғашқы кәсібіне бет бұрады. Бұл істе оған Баянсұлу да үлкен қолдау көрсетеді. Екі жас сауданың қыр-сырын бірге меңгеріп, дүкен ісін дөңгелетуге күш салады. «Ризықтың оннан тоғызы саудада» демекші, таңсәріден кеш қарайғанша төккен тер мен жасаған еңбектің ризығын адал тере жүріп, қос ғашық екі жақтың ата-анасына салмақ салмай, үйлену тойына қажетті қаражатты да өздері жинайды. Бүгінде шағын азық-түлік дүкенінен басталған берекелі кәсіп бірнеше саланы қамтыған үлкен отбасылық бизнеске айналған. Баянғали жарасымды жанұяның қорғаны мен тірегі, ал оның сұлуы Баянсұлу алты періштеге өмір сыйлаған «Күміс алқа» иегері, алтын құрсақты ана.
Өнегелі отбасының ұйытқысы, қазақтың арда азаматының асыл жары, көп балалы ана Баянсұлу Телегенова біздің оқырмандармен жұбайы екеуінің махаббат хикаясымен, табысқа жету сырымен және бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарымен бөлісті.
Баянсұлу Теректі ауданының Ерсары ауылының тумасы, ата-анасы Нағымғали мен Ақбал Мұсақұловтардың мәпелеп өсірген қызы. 9-сыныпты бітірген соң отбасы Орал қаласына қоныс аударып, Баянсұлу №33 мектепті аяқтады. Талапкер атанып, оқушы кездегі ағылшын тіліне деген қызығушылықтың жетегімен «аудармашы ісі» мамандығын таңдады. Алайда, бірден қалаған мамандығына түсу мүмкін болмады. Сөйтіп заң факультетіне сырттай оқуға құжаттарын тапсырды. Қайсар қыз қайткенде де жүрек қалауын орындап, іскер ағылшын тілі курсын үздік аяқтап, көп ұзамай шетелдік компанияға жұмысқа орналасты. «Алғашқы жұмыс орнымда екі жыл еңбек еткен соң қысқартуға ұшырадым. Бәлкім, бұл тағдырдың жазуы шығар. Өйткені араға тура бір жыл салып менің жаңа өмірім басталды. Тұрмысқа шығып, отбасын құрдым» деп еске алады кейіпкеріміз. Ал Баянсұлудың өмірлік таңдауы өрімдей бойжеткен шағында алғаш танысқан, танысқан сәтте-ақ қарапайымдылығымен жүректің нәзік пернесін дөп басқан Баянғали еді.
– Сол жылы нағашымның ауылына қыдырып барған едім. Ауыл жастарының кешкі серуенінің бірінде Баянғалимен таныстым. Бірден ерекше әсер еткені – екеуміздің есіміміздің ұқсастығы болды. Оның үстіне Баянғали өте ұстамды әрі сабырлы жігіт болып шықты. Араға екі жыл салып қайта жүздестік. Осы кезде мен Баянғалиды шын ұнатып қалғанымды түсіндім, – деп жымия еске алады Баянсұлу.
Кеңес заманының балалары еңбекке ерте араласатын. Әсіресе, ауылдың қарадомалақтары үйдің үлкен-кішілі тірлігін асқан жауапкершілікпен және мұқият орындайтын. Баянсұлу да ата-анасына қолқанат бола білді. Ұқыпты, тиянақты, қиындықтан қорықпайтын еңбекқор болып өсті. Қалаға көшіп келген соң да ата-анасына жәрдемдесу үшін базарда сатушы болып жұмыс істеді. Сондықтан Баянғали екеуінің кездесуі көбіне осы базарда өтетін. Жас жігіт ол кезде ағасымен бірге валюта айырбастаумен айналысатын. Солярка сататын, арасында таксиге шығатын, ал бос уақытын сүйіктісінің жанында өткізгенді жақсы көретін. Тіпті сағаттап отыруға дайын болатын. Қос ғашық болашаққа бірге жоспар құратын, бірге армандап, бірге қиялдайтын.
– Баянғали сөздің емес, істің адамы. Сондықтан, бос қиялдан гөрі, нақты жоспарға сүйенеді. Менің одан үйренгенім көп. Біз табысқа табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында жеттік деп ойлаймын. Екеуміз қыз бен жігіт болып қол ұстаса жүріп, жиған-терген қаражаттың басын құрап, бірлесіп шағын азық-түлік дүкенін аштық. Кәсіпті алғаш бастаған кезде тәулік бойы дүкеннен шықпай жұмыс істейтінбіз. Үстемеақыны көп қоспадық, сондықтан көп ұзамай тұрақты сатып алушыларымыз пайда бола бастады. Ісіміз ілгерілеп келе жатса да, ас та төк өмір сүруге ұмтылғанымыз жоқ. Қолда барды үнемдеп, ысырапшылдыққа жол бермедік. Береке зауытынан автобусқа отырып, жолдорбаны толтыра пакеттелген сүт тасығанымыз әлі есімде. Сондағымыз тауарды тасымал құнынан үнемдегеніміз. Сатушыға да артық қаржы жұмсамадық. Сөреге кезектесіп өзіміз тұрдық. Арасында анам, апайым мен інім келіп көмектесетін.
Біздің дүкен тұрған көше Яблоневая деп аталатын. №33 қоғамдық автобус біздің көшеге соқпай, айналып өтетін. Өз ақшамызға дүкен айналасын абаттандырып, жеңіл көлік жүруге ыңғайлы болу үшін қатқыл табанды жол төседік. Содан кейін дәл біздің дүкеннің алдынан жаңағы қоғамдық автобус аялдамасы ашылды. Осылайша, бір игі іс екіншісіне себеп болып, жергілікті халыққа оң септігі тиді. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон атымен жоқ. Жаңадан қоныстанып жатқан шағын аудан болғандықтан, үй телефонның өзі тек санаулы адамның үйінде бар еді. Баянғали екеуміз ақылдаса келе, дүкенге телефон орнаттық және барлық келушілерге тегін сөйлесуге рұқсат бердік. Қаладағы өзге дүкендерде бұл қызмет ақылы болатын. Уақыт өте келе келушілердің қатарында жастардың саны күрт артты. Ұзын-сонар кезекке тұрып, жігіттер қыздарымен, қыздар жігіттерімен сөйлесетін. Түрлі қызықты оқиғалардың куәсі болдық, – деп сағына еске алады сол күндерді Баянсұлу.
– «Ескі әуежай» шағын ауданының халқы көбі ауылдан көшіп келгендіктен бе өте бауырмал, кішіпейіл, бір-біріне қамқор болатын. Дүкенге сауда жасауға келгенде бірі маған тәтті бәлішін, екіншісі дәмді көжесін әкеліп беруші еді. Қонақ шақырса, әдейілеп сарқытқа шақырып, мені өздеріне жақын тартатын. Біздің шағын дүкеніміз осылайша бір-бірімен кездесу, достасу, бауырласу орнына айналды десем қателеспеймін. Содан бері, міне, 18 жыл өтті. «Теңге тиыннан құралады» деп бекер айтылмаған. Шүкір, еңбек түбі береке демекші, кәсібімізді кеңейттік. Өмірдің тәттісі мен кермегін қатар тата жүріп, түрлі қиындықты бастан кешірдік. Бірақ, сенім мен сыйластықтың арқасында бүгінгі күнімізге жеттік. Қазір алғаш кәсіп бастаған кездегі қиындықтарды күліп еске аламыз. Сол шағын дүкен бүгінде үлкен заманауи маркетке айналды. Кәсібімізді кеңейтіп, осыдан 7 жыл бұрын «Релакс» саунасын, төрт жыл бұрын түрік хамамын аштық. Жұбайым консалтингтік қызмет көрсетумен айналысады, кәсіби маман ретінде сенім артатын клиенттері көп. Болашақта қол жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, отбасылық кәсібімізді кеңейтіп, дами түскіміз келеді.
Бұл берекенің бәрі бізге бір күнде оп-оңай аспаннан түсе қалған жоқ. Жылдар бойғы тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында келді. Күндіз-түні бел жазбай жұмыс істесек де, ұзақ жыл шағын баспанада тату-тәтті өмір сүріп, төрт сәбиімізді дүниеге әкелдік. Сондықтан менің оқырмандарға адал еңбек әрқашан мұратқа жеткізетінін айтқым келеді. Бастысы – алған бағытыңнан таймау, өзіңнің не қалайтыныңды анық білу. Менің мұратым – балаларыма жарқын болашақ сыйлау. Олар барда менің әлсіз, қорғансыз, кедей болуға қақым жоқ.
Аружан, Айымжан, Иманғали, Инабат, Сұлтанәли, Әмірәли – олардың әрқайсысын Баянғали мен Баянсұлу ерекше жақсы көреді. Әр шағын мемлекеттің өзіндік заңы болатыны сияқты Телегеновтер отбасының да жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Айталық, олар демалыс күндерін тек балаларға арнайды. Үй жинау, кір жуу сияқты жұмыстың бәрін сенбіге дейін тап-түйнақтай қылып тындырып, демалыстың екі күнінде табиғат аясында серуендейді. Отбасылық дастарқан басында сырласып, бірге ойын ойнап, ортақ іспен айналысады. Жыл сайын отбасымен шетелге саяхаттап, әлемнің ең үздік отельдерінде естен кетпес қызықты демалыстар өткізеді. Берекелі жанұядағы басты қағида – түсіністік пен сыйластық.
– Отағасы екеуміз бір-бірімізді түсініп, әрқашан көмектесеміз. Бала тәрбиесіне де екеуміз бірдей ат салысамыз. Отбасының бақытты болуының сыры – ерлі-зайыптылардың бір-бірін үнемі қолдауы, – дейді Баянсұлу.
Алтын құрсақты ана бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тұрмыстағы майда-шүйде мәселелермен отағасының уақытын ала бермейді. Whatsappтағы «Тек өзіміз» атты топта әкелері жоқ, тек анасы мен балалары.
– Бұл тәрбиелік мақсатта құрылған топ. Балалардың артық кеткен жері болса, жөнге саламын, кейде ұрсып та алатын кездер болады. Үй шаруасына қатысты ақылымды айтып, тапсырма беріп отырамын, – дейді отанасы. – Ал отағасының Whatsappта «Әкесі мен балалары» деген тобы бар, ол жерде мен жоқпын. Олардың не туралы сөйлесетінін білмеймін, бірақ әке мен бала қарым-қатынасын нығайтуға арналған әңгімелер айтылатынына сенімдімін.
Жарасымды жанұяның жарқын үлгісі бола білген Баянғали мен Баянсұлу Телегеновтер үшін басты байлық – отбасының амандығы мен берекесі.
«Егіз жүрекпен тағдыр қосу – ең үлкен бақыт деп ойлаймын. Өзіңді шексіз сүйетін, әрқашан қолдап қамқорлайтын, өмірлік сенімді серігің бола білетін жанды жолықтырсаң – әйел ретінде бағыңның жанғаны. Қазақ қызын ұзатарда «барған жерде бағың жансын» деп текке айтпаған. Мен Баянғалидай арқасүйер азаматыммен тоғыстырған тағдырыма ризамын. Ешкімнің өміріне еліктеудің, танымал жұлдыздарға ұқсаудың қажеті жоқ. Жаныңыздағы жаны өзіңізбен егіз жанды аялаңыз, сыйлаңыз, құрметтеңіз. Қуанғанда демеу, қиналғанда сүйеу болыңыз. Сонда жарасымды өмірге де, жайлы тұрмысқа да, мол табысқа да қол жеткізесіз».