История успеха
.qz
Мотивационный проект

МАҚСОТ БЕРГЕН: «ҚАДЕКЕҢ МЕНІ ЖЕКЕ ДӘРІГЕРІМ ДЕУШІ ЕДІ»

ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, танымал қоғам қайраткері, тіл жанашыры Мақсот Берген Қадыр әлемін өзінің рухани қайнары санайды. Ақын туған қасиетті топырақта – Жымпиты ауылында дүниеге келген Мақсот Қабышұлы медицина саласының білікті маманы бола тұра, әдебиет пен өнер десе ішкен асын жерге қоятын, өзі де жазушылыққа, ақын-жазушылар ортасына жақын жүретін азамат. Әсіресе, оның қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әліге деген құрметі елден ерекше. «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының құрылғанына 10 жыл толуына орай қордың Батыс Қазақстан облысындағы көрнекті өкілі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергенмен арнайы барып, сұхбаттастық.

– Мақсот Қабышұлы, Сіз Қадыр ақынмен жерлессіз, ауылдассыз. Қаламгермен өмірде ағалы-інідей сыйлас болғаныңызды жақсы білеміз. Жалпы, ақынмен таныстығыңыз қалай басталды?

– Қадыр Мырза Әліні жақсы біліп, етене жақын араласып, талай уақыт белесінде сыйлас, сырлас болғанымды өзімнің зор бақытым деп санаймын. Қадекеңді әуелі мектепте оқып жүргенімде «Балдырған» журналында жарияланған өлеңдері арқылы сырттай біліп сүйсіндім. Бір жағынан Жымпитыда туып-өскен жерлес ақын болған соң оған деген ықыласым ерекше ауған шығар деп ойлаймын.

Кейін Қадыр ағамен алғаш жүзбе-жүз кездескенде ол мені бір дидарласқаннан-ақ іштартып, мейірім шуағына бөледі. «Сен байбақтының ішіндегі олжа орыссың, шамасы арғы ата-бабаларың орыс шығар» деп әзілдейтін. Бауыр басып жақын тартқаны соншалық, кей жерде «Мақсот – менің жеке дәрігерім» деп таныстырушы еді. Шамамыздың жеткенінше зайыбым Мерует екеуміз ол кісінің денсаулығына қамқорлық жасаудан аянбағанымыз анық.

– Қадыр ақынның Сіз ерекше сыйлайтын қыры қандай еді?

– Ақ Жайықтан самғап ұшқан алдаспан ақынға өмір бақи табынып өтерім хақ. Ол –құдіретті тұлға. Ақындығымен қоса телегей теңіз білім иесі, ғұлама ойшыл. Өткен ғасырдың аяғына таман Оралдағы орыс драма театрында Ресей жазушыларымен сыр алысқан бір үлкен басқосу өтті. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов біздің әдебиеттің даму өрістері мен көкжиектері туралы терең толғақты баяндамасын орыс тілінде жасады. Орыс жазушылары да бірінен соң бірі өз әдебиеттері туралы ой-толғамдарын ортаға салды. Әрине, орыс тілінде. Сәлден соң сахнаға Қадыр ақын көтерілді де бастан-аяқ қазақша сөйледі. Түсінсең түсін, түсінбесең өзің біл дегендей. Мен сол кезде Қадекеңе шын риза болып, оның ұлтжандылығы мен қайсарлығына басымды идім.

Жұрт Қадыр Мырза Әлі «құмырсқадан бастап, пілге дейін жазған қаламгер, оның қаламына ілінбеген тақырып жоқ» деп ойлайды. Алайда, оның қандай тақырыпқа мүлдем қалам тербемегенін мен жақсы білемін. Ол – қазақ даласында болған тың игеруге қатысты еді. Қадыр «Мен тың игеруге қарсы болған адаммын. 1954 жылы біздің халықпен келіспестен Қазақстанның жерін жапа-тармағай жырту басталды. Жылдар бойы шым болып бекіген тың жерлеріміз эрозияға ұшырап, жел лүп етсе, бұрқырап аспанға көтерілетін ақ шаңдаққа айналды. Жаппай қопарып жырту салдарынан өздігінен табиғи түлеу мүмкіндігінен айрылып, жеріміз азып-тозды. Осыны біліп, мен күні бүгінге дейін тың игеру туралы бірде-бір өлең не басқалай шығарма жазған емеспін» деген еді.

– Қадыр ақынды белгілі меценат, қазақ өнері мен әдебиетінің жанашыры Құндыз Нуповпен таныстырған өзіңіз екенін біреу білсе, біреу білмес. Жалпы, Сіз осылайша «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының құрылуына тікелей себепкер болған жанның бірі екенсіз...

– Иә, ол рас. Мен Қадекең арқылы аңыз адам, қазақ киносы мен театрының тарланы Асанәлі Әшімовпен танысып, сыйлас болсам, Қадекең мен арқылы танымал меценат, «КАТЭК» компаниясының басшысы Құндыз Нуповпен танысып, кейін ағалы-інідей үйлесім тапты. Қадекеңді көзі тірісінде кішіпейіл, дарқан көңілмен Құндыз пір тұтты. Отбасымен араласып, байланыс ұстады. Өмірдің сан белесінде ақын ағасының жанынан табылды.

Тірісінде төбесіне көтеріп құрметтеген ізетті інісі бұл күнде де ой алыбының, поэзия қағанының мәңгілік рухына мейірбан жүрекпен адал қызмет етіп жүр. «Қадыр Мырза Әлі» атындағы республикалық қордың құрылуына бастамашы әрі демеуші болған – тағы да осы азамат. Қоғамдық қорды заң жолымен құру бар да, оның жұмысын халықтың көңілінен шығатындай етіп ұйымдастыру – оңай шаруа емес. Қадыр қорының ешбір қиындықсыз, емін-еркін жұмыс істеуі үшін кеңсе тауып берді, электронды құрал-жабдық, жиһаз бен басқа да керек-жарақтың бәрін өз қаржысына түгел сатып әперді. Қор директорының еңбекақысын да өз қалтасынан төлеп жүр.

– «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры қандай игі істердің ұйытқысы болды?

– Көзі тірісінде Қадекеңнің өзі шығармаларының толық жинағын баспадан түгел бастырып шығара алмады. Басылып, түптеліп, дайын кітап болған томдарының өзі ақшасы төленбегендіктен баспаның қоймасында тау болып үйіліп, оқырмандарына жетпей жатқан еді. Соны Құндыз сатып алып, қорға табыс етті. Ақынның жеке кітапханасын Оралға әкелуге «Қадыр Мырза Әлі» қоры мен Құндыздың көп еңбегі сіңді. Қазір қор құшағын кеңге жайды, Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Оралда, Жымпитыда, еліміздің өзге де өңірлерінде ойшыл ақынды еске алу, рухани мұраларын халықтың санасына терең сіңіру орайындағы мазмұнды шаралар айрықша ынта-ықыласпен өріс алуда. Мен қордың атқарып жатқан жұмысына өте ризамын және өңірдегі өкілі екенімді мақтан тұтамын.

«Қадыр Мырза Әлі» атындағы қоғамдық қорды қаржылық жағынан демеп жүрген Құндыз
Нупов екенін жұртшылық көп біле бермейді. Өйткені ол «ананы әйттім, мынаны бүйттім» деп, ел көзіне түсуге ұмтылатындардың сойынан емес. Жасаған жәрдемін, көрсеткен көмегін ешқашан ешкімге бұлдамайды.

Мен Қадекең мен Құндыздың арасында осындай адал ағалық-інілік жарасымның берік орнағанына өзімді себепкер санаймын. Ал ақынмен бірге өткізген күндерімді өмірімнің ең бақытты күндері деп есептеймін. Қазір жасым 75-ке таяды, осы ғұмырымда Қадырдай білімді, дана, ақылды адамды әлі кездестіргенім жоқ.

– Қызықты сұхбатыңызға рақмет!

 

Наши выпуски

Адреса успеха

Гульбаршын Муштанова: "Наша цель – помочь людям!"

За здоровьем в ECODOMIC!

Если мебель, только 5 звезд!!

Товары для дома в одном месте!

Приглашаем на оптово-розничный рынок "Ел-ырысы"!

Будем строить и созидать будущее вместе с UNISERV!

Почему надо выбрать ЗКИТУ? Отзывы студентов

Мы остаемся на работе, чтобы помочь вам..

Комфорт может быть доступным!

Чистый город – здоровая страна!

Магнитно-резонансная и компьютерная томография

Рецепт отличного настроения от ресторана Гюльчатай!

САЛОН МЕБЕЛИ "5 ЗВЕЗД"

Модельная кино - школа «GS Production»!