Қадыр Мырза Әліні жастайынан танып, өлеңдерін оқып, құрмет тұтқан, ақын елге келген кезде қасынан табылып жүрген інілерінің бірі – Айдар Батырханов. Ол – Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасын басқарған тұста «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан азамат. Таяуда ғана өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өткен Айдар Тапашұлы Қадыр ағамыз туралы әңгімені жауапкершілікпен айту керек деп санайды.
– Бала кезінде жетім қалған Қадыр ағамыз қиындықты сезініп, кедейліктің тауқыметін көріп өскені белгілі. Балалық шағынан бастап кітаптарға қызығушылық танытып, Жымпиты аудандық кітапханасының тұрақты оқырманы болды. Тіпті, кітапханадағы барлық кітаптарды қайта оқып шығып, көркем әдеби шығармалардың жаңа басылымдарын асыға күтетін. Мектеп қабырғасында жүргенде облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі»), республикалық басылымдарға, соның ішінде «Пионер» журналына өзінің өлеңдерін жіберіп тұрды. Сөйтіп елге таныла бастады. Мектеп бітірген соң Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды. Артынан аспирантураны бітірді. Оқудан кейін өмірінің біраз жылын журналистикаға арнады. Еңбек жолын «Балдырған» балалар журналынан бастады. «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы болды.
Одан кейін «Жазушы» баспасында қызмет етті. Қазақстан Жазушылар Одағының поэзия бөліміне жетекшілік жасады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ҚР Жоғарғы кеңесінің ұлттық саясат, мәдениет және тілдерді дамыту комитеті төрағасының орынбасары болды. 1994 жылы Қазақстан Республикасының халық депутаты деген құрметті атаққа ие болды. Міне, оның осынау өмірлік жолына қарап-ақ, ол өзін-өзі жасаған адам деуге болады, – деген Айдар Тапашұлы ақын оқырманын бала кезден бастап тәрбиелейтініне тәнті екенін де жеткізді. Осы қасиеті оны өзге қаламгерлерден ерекшелеп тұрады деп санайды.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, ақын алғаш рет өлең жазуды 6-сыныпта оқығанында, яғни 11 жасында бастаған екен. Тұңғыш туындысы балаларға, өзінің сыныптастарына арналады. Оның тарихы да қызық. Бірде ол ауылға концерт қоюға келген ақтөбелік әуесқой әртістер орындаған «16 қыз» атты көңілді және әзіл әнді естиді. Ол ән сөзінің әр шумағында әр түрлі қыздар туралы айтылса керек. Он алты шумақта әр қыздың мінезі суреттелген. Сонда бала Қадыр осы әнге ұқсатып сыныбындағы ер балалар туралы өлең жазады...
Осылайша өлең өлкесіне қадам басқан ол шығармаларының басым бөлігін балаларға арнағаны белгілі. 1959 жылы ақынның «Көктем» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақынның мектепке дейінгі және бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арналған өлеңдерден тұратын кітаптары бар. Өлеңдері «Қазақ балалар поэзиясының антологиясы» жинағына енгізілді. Ақынның орыс тіліне аударылған «Инабат виноват» атты алғашқы балалар кітабы 1962 жылы Алматыда көркем әдебиет басылымдарында жарық көрді. 1976 жылы Мәскеудегі «Балалар әдебиеті» баспасында жарияланған Владимир Коркиннің аудармасындағы «Твой дом» балалар өлеңдерінің кітабы жоғары бағаланды. 1979 жылы Алматыда «Жалын» баспасында Шегловтың аудармасында жарық көрген «Круг» жинағының композициясы өте ерекше. Оның бір еңбегі бастауыш мектептегі сабақ кестесінің негізінде жасалған. Бірінші болып «Алқашқы қоңырау» жинағы басталады, одан кейін «Тіл білімінің» бірінші сабақтары жалғасын табады.
Қадыр Мырза Әлі – қазақ балалар әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан ақын. Ол мағыналы және тіл жаттықтыруға арналған жаңылтпаштар мен жұмбақ, мысалдар мен тапсырмалар, мектепке дейінгі жастағы балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған ертегілер жазды. Ақынның шығармашылығы қазақ орта мектебінің бағдарламасына еніп, жоғары сынып оқушыларына оқытылып келеді. Оның көптеген өлеңі «Ана тілі» оқулығына енгізілгені белгілі. «Қадырдан сөз қалмаған» деген тіркес бар. Ақын қоғамдағы барлық жайттан тыс қалмауға тырысқан. Мұны оның шығармаларынан да аңғаруға болады. Мұңды тақырыптың өзін әзілге айналдыра білетінін де айта кеткен жөн. Өмірде түрлі мәселе, түрлі сұрақтар пайда болғанда мен Қадекеңе, оның өлеңдеріне жүгінемін. Мәселен, «Тіршілік» деген өлеңін жиі оқимын.
Қадыр Мырза Әлі көп сөйлейтін адамдарды жаратыңқырамады. «Менің мерейтойыма келгендердің ішінде ең аз сөйлегені жақын досым» деуі сондықтан. Сөздің қадірін жете білетін ол сөзге тоқтамайтын, бос сөзді судай сапыратындардан барынша қашық жүруге тырысатын. Баяғыда біреу Сырым батырдан «сіз қара сөзден біреуден болса да жеңіліп көрдіңіз бе?» деп сұрағанда сөзге тоқтамайтын, өзінікін соға беретін әумесерден күнде жеңілетінін айтқан ғой. Қадекең де сондай еді ғой. «Ұлылар бір-біріне ұсқас келеді» деген осы болса керек, – дейді Айдар ағамыз.
Кейіпкеріміз әңгіме барысында Қадекеңнің еңбекқорлығы турасында да айтып өтті. Ақын той, қонақтық дегендерден қашып жүретінін жеткізді. Өйткені жұмыс істеуі керек. Шығармашылықпен айналысуы керек. Еңбекқорлығы сол, жасы үлкейген кезде, шаршаған уақытта жатып жазған ғой. Және көп туындысын қарындашпен жазған екен. Себебі шалқасынан жатып жазғанда қаламның сиясы жөнді түспейді, ал қарындаш қандай жағдайда да жаза береді. Содан да шығар, қалтасында міндетті түрде қарындаш жүретін көрінеді.
Айдар Тапашұлынан Қадыр ағамыз айтқан әдемі бір әзіл туралы сұрап едік. «Қадыр Мырза Әлінің 70 жылдық мерейтойына орай бір драматургиялық шығармасын біздің облыстық театр әртістері сахналады, – деді ол. – Қойылым біткеннен кейін сахнаға автор шығады ғой. Сонда жүргізуші «Қадеке, қойылым көңіліңізден шықты ма?» деп сұрақ қойды. «Егер мына қойылымды Тұманбай Молдағалиев жазса, мен оны гений дер едім...» деді. Залдағы көрермендер қыран-топан күлкіге кенелді».
Жалпы, ақынның әрбір кездесу шарасы қызықты өтетін. Ол алдымен отырған аудиторияны қарап алатын көрінеді. Сол жиналған жұртшылыққа үйлесетін бағытта әңгімесін өрбітетін. Кез-келген тақырыптағы әңгімесі әсерлі болатын.
– Жас кезімізде комсомолда жұмыс істеп жүргенімізде, ағамызды сыртынан көріп жүретінбіз. Алматыға барғанда жиналыстарда көріп қалатынбыз. Артынан ауданда қызмет етіп жүргенде ауыл-аудандарды аралап келген кездерде жақын таныса бастадық. Облыстық мәдениет басқармасына жетекшілік жасаған сәтте тіптен тығыз байланыста болдық деуге болады. Сол сәттерді бүгін сағынамын. Ол кісімен жүргеннің өзі бір ғанибет еді ғой. Атағын, үлкендігін бұлдамайтын. Үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп жүре беретін. Алысты жақындатып жүретін тамаша қасиеті бар. Біраз жыл ағамыздың қасында жүрдік. Сол кездерде ол кісінің айтқанын жазып хаттамай, шай ішкенімізге мәз болып жүре бергеніме өкінемін. Не жөнді суретке де түспеппіз, – дейді Айдар Тапашұлы.
Кейіпкерімізбен ақын шығармашылығын насихаттау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар, «Қадыр қоры» туралы да сұрадық.
– Ақ Жайық өңірінде Қадыр ақынның есімін жаңғырту, шығармашылығын насихаттау бағытында көптеген іс-шара атқарылуда. Яғни жерлестері ақынын әлі де барынша қолдап келеді.
Осы бағытта ең іргелі іс – Қадыр орталығының ашылуы дер едім. Бұл орталықтың жұмысы республика көлемінде жоғары деңгейде деп айтуға болады. Облысымызға келген мәртебелі меймандардың бәрі Қадыр орталығына барады. Ақын ескерткішіне тәу етеді. Орталықтың директоры Бауыржан Халиолла көп тер төгуде. Бауыржанды да казақ елі кеңінен таниды. Тіпті қызметкерлеріне дейін танымал. Қадыр ағамыздың жұбайы Салтанат жеңгеміз осы орталыққа ағамыздың көптеген жеке заттарын, кітаптарын берді ғой. Қадыр орталығының жанындағы Салтанат сарайын көріп «Сіздер тек ағаларыңа орталық ашып қоймай, маған да арнап сарай салып қойыпсыздар ғой» деп риза болған еді...
Іздеушісі бар адам бақытты ғой. Қадыр ағамыз сондай жандардың қатарынан. Құндыз Нупов деген азамат бар. Ол Қадекеңе тірі кезінде де үлкен қолдау көрсетті. Өмірден өткеннен кейін де отбасын демеп келеді. «Қадыр қорының» ашылуына, оның шығындарын жабуға ұйытқы болып жүрген осы Құндыз Шамақұлы. Қор төрағасы Донеділ Қажымовпен көп жұмыстар атқарылуда. Сол жұмыстардың жүйелі жүруіне мүмкіндік жасап отыр ғой.
Біз Құндыз Шамақұлымен 80-ші жылдардан бері жолдас болып келе жатырмыз. Ол кезде ол Бөрліде, мен Ордада аудандық атқару комитеті төрағасы болдық. Негізі Ресейде туып-өскен. Аты Вячеслав еді, Құндыз болды.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстан комсомолының 100 жылдығы болды. Бұл шараны Құндыз Қапшағайдағы «Ақжайық» деген демалыс базасында ұйымдастырды. Арнайы шақырған соң біз де бардық. Бардық та таңқалдық. Демалыс базасының ішіне «Қапшағай-Орал» деген жазуы бар вагон тұр. Оның алдына Қадырдың кеуде мүсінін орнатқан. Вагонның ішінде толған Қадырдың еңбектері. Сонда Қызылорданың жігіттері «комсомолдың мерейтойы деп Қадырды әдемі насихаттадыңдар» деп риза болғаны бар. Жалпы, Құндыз Қадыр ағамыздың бірнеше кітабын шығарды. Қадырдың туған күніне орай түрлі мәдени-көпшілік шараларды өткізіп жүр. Ақынның көзі тірісінде қасынан табылған бұл азаматтың қазір де бағытынан таймай келе жатқанына ризамыз.
Қадыр – бөлек құбылыс, қайталанбайтын құбылыс қой. Сондықтан әр облыста Қадырдың көшесі болса, оның есімі мектептерге, оқу, өнер орталықтарына берілсе екен дейміз. «Қадыр оқулары» сынды іс-шараларды қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда біз қазақтың Қадырының қадірін біле түсеміз, – дейді Айдар Батырханов.