История успеха
.qz
Мотивационный проект

ТӨЛЕГЕН ТӨРЕҒАЛИЕВ: «АҚЫН АТЫНА КӨШЕ БЕРУ ОЙЫМЫЗДА БАР»

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлаған белгілі ақын, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы» деп атаған Қадыр Мырза Әлінің қазақ үшін орны ерекше. Ал Сырым елінің жұрты онымен жерлес екенін ерекше мақтан тұтады. Ұлтым деп өткен ұлы қаламгердің ұлағатты мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, туған жерінде есімін ұлықтау мақсатында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Төлеген Серікқалиұлы, қасиетті Сырым топырағында көптеген ұлы тұлғалар дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың сондай нарқасқа ұлдарының бірі де бірегейі – Қадыр Мырза Әлі. Ақынның жерлесі екеніңізді мақтан тұтасыз ба?

– Әрине, мақтан тұтамын! Сырым елі – талай дарынды ұлдарымен мақтана алатын асыл аймақ. Сонау Сырым батырдың заманынан баһадүр батырлар мен аты аңызға айналған билерді дүниеге әкелген дәуір өтсе, кейін батыс Алашорданың туын көтерген Жаһанша Досмұхамедұлы секілді абзал ұлдарды дүниеге әкелді. Абдолланың отты жырларын Қадыр Мырза Әлі жалғады десек артық айтқандық болмас.

– Былтыр Қадыр Мырза Әлінің туғанына 85 жыл толды. Ақынның мерейтойы туған жері Сырым ауданында кең көлемде аталып өтілгені белгілі. Қандай шаралар ел есінде қалды?

– Дәстүрге айналған мәдени-көпшілік шаралар өтіп тұрады. Оны үлкен-кішісі бар жымпитылықтар асыға күтеді. Сонымен қатар Алматы маңындағы Қапшағай қаласында ақынға арнап ескерткіш қойылған болатын. Ауданнан арнайы делегация барып қатысып келді. Ол жұмыс, әрине, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жүзеге асты. «КАТЭК» компаниясының директоры, меценат Құндыз Шамақұлының демеушілігімен Алматыда ақын ағамыздың тағы бір тұғырлы ескерткіші ашылды. Бұл – жерлестері үшін зор мәртебе әрі қуаныш.

– Жымпиты ауылындағы Қадыр атындағы мектепте ақынның музейі ашылғаны белгілі. Музейдің қазіргі тыныс-тіршілігі, музей қорын толықтыру бағытындағы жұмыстар қандай?

– Иә, ақын көзі тірісінде аты берілген мектеп аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі болып табылады. Қадыр ақын атындағы сынып жұмыс жасап тұр. Заман талабына сай жабдықталған кабинетте ақынның тұтынған бұйымдары қойылған. Мектеп музейі де жаңартылып, ақынға арналған бұрыш ашылды. Өзінің қолы тиген жәдігерлерін арнайы Алматы қаласынан алдырдық. Музей қорын толықтыруда ақынның жары Салтанат жеңгеміздің және жерлес ағамыз, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры, композитор-әнші Донеділ Қажымовтың көп көмегі тиді.

– Қадыр Мырза Әлі – туған жерге деген ыстық ықыласы мен махаббатын жырлап өткен ақын. Ал жерлестері оның шығармашылығымен қаншалықты таныс?

– Жымпитылықтар ақиық ақынын ұлықтауды көзі тірісінде бастады. Кезінде ақынның мерейтойлары дүрілдеп өтіп жүрді. Қадыр ақын қайтыс болған соң оның екінші ғұмыры басталды. 2015 жылы 80 жылдығы қарсаңында ауылда еңселі ескерткіші ашылды. Облыстық деңгейдегі «Қадыр оқулары» өтті. Кейін «Қадыр оқуларын» республикалық деңгейге жеткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінен өлең оқитын өрендерді жинай бастадық. Тіпті былтырғы пандемиялық жағдайға қарамастан онлайн байқау оздырылды. Бүгінде дәстүрге айналған «Қадыр оқулары» жүйелі түрде өтетін, көпшілік елең етіп күтіп жүретін жобаға айналды. Ақынның екі жүзден астам өлеңін жатқа оқыған алғашқы қарлығаштары алдағы уақытта маман болып елге оралады. Өлең оқып өскен баланың жаман болмайтыны бесенеден белгілі.

– Жымпиты ауылында ақын тұрған үй сақтаулы ма? Туған ауылында ақын атындағы көше бар ма?

– Аудан орталығында ақынның анасы Мағраш апай тұрған үй бар. Ол үйге анасына ағамыз келіп тұрған. Сондықтан былтырғы мерейтойдың аясында ол үйге ескерткіш тақта орнаттық. Ол үйге ақынның тоқтағанын, анасы ұзақ жылдар бойы сонда тұрғанын алдыңғы буын әлі ұмыта қойған жоқ. Дейтұрғанмен жас ұрпақ біліп жүрсін деп әдейі белгі орнаттық. Ақын атына көше беру ойымызда бар, болашақта ол мәселе де шешімін табарына сенімдімін.

– Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығымен қандай байланыс орнатылған. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру ойда бар ма?

– Оралдағы орталықпен байланысымыз бар, әрине. Оның директоры – өзіміздің жерлес ініміз Бауыржан Халиолла. Кез келген жобаларын қолдап отыруға дайынбыз. Ауданда ақындар айтысы болсын, ақын атындағы кездесулер мен концерттер болсын өз деңгейінде өтіп келеді. Болашақта да орталықтың жобалық жұмыстары болса, біз өз тарапымыздан көмек көрсетуге әзірміз.

– Сырым ауданында ақынның артында қалған мол мұрасын кең көлемде насихаттауда, өскелең ұрпаққа есімін ұлықтауда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ақын мұрасын насихаттауда түрлі оқулар, мәдени-көпшілік шаралар, естеліктер мен жыр жинақтары жарық көріп келеді. Осындай игі бастаманың басы-қасында аудан әкімдігіне «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры үлкен көмек көрсетіп жүр. Мерекелік медальдар мен төсбелгісін жасап та марапаттау дәстүрге айналып келеді. Осыншама жұмыстың ұйытқысы болып Құндыз Нупов пен Донеділ Қажымов сынды елдің азаматтары тұрғанын баса айтқым келеді. Сонымен қатар оларға осы мүмкіндікті пайдаланып, Сырым елінің атынан және өзімнің атымнан ризашылығымды білдіремін. Қордың алдағы жұмысына сәттілік тілеймін!

Наши выпуски

Адреса успеха

Гульбаршын Муштанова: "Наша цель – помочь людям!"

За здоровьем в ECODOMIC!

Если мебель, только 5 звезд!!

Товары для дома в одном месте!

Приглашаем на оптово-розничный рынок "Ел-ырысы"!

Будем строить и созидать будущее вместе с UNISERV!

Почему надо выбрать ЗКИТУ? Отзывы студентов

Мы остаемся на работе, чтобы помочь вам..

Комфорт может быть доступным!

Чистый город – здоровая страна!

Магнитно-резонансная и компьютерная томография

Рецепт отличного настроения от ресторана Гюльчатай!

САЛОН МЕБЕЛИ "5 ЗВЕЗД"

Модельная кино - школа «GS Production»!