Құрметті оқырман! Журналдың бұл санында біз Қазақстанның алғашқы Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі, туған жерге деген ыстық ықыласы мен махаббатын жырлап өткен поэзия алыбы Қадыр Мырза Әлінің артында қалған мол мұрасын шашау шығармай түгендеп, тек қазақ халқына емес, бүкіл түркі әлеміне насихаттау жолында тынбай еңбектеніп жүрген «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры туралы баяндамақпыз. Биыл «Қадыр Мырза Әлі» атындағы қоғамдық қордың құрылғанына 10 жыл. Мерейлі датаға орай қор директоры, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымовпен сұхбаттасқан едік.
– «Қадыр Мырза Әлі» атындағы қоғамдық қор құру идеясының авторы кім?
– Қазақстанның халық жазушысы, ақиық ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлі дүниеден өткен бойда оның атындағы қоғамдық қор құру керектігі сөз болды. Қадырдай біртуар ақынның артында оның жоғын жоқтаушы ұйым болу керек деген идеяны бірінші болып арамызда көтерген танымал кәсіпкер, меценат, «КАТЭК» компаниясының бас директоры Құндыз Нупов еді. Және ол «Қорды сен басқаруың керек. Сен басқарсаң ғана мен қорға демеуші боламын. Қадекеңе қызметті біз істемегенде кім істейді?» деді. Алғашында мен Қадекеңнің отбасы бар. Салтанат жеңгеміз де, ұлдары да құдайға шүкір бар. Қор құру ісімен отбасы шұғылданатын болар деп тартынғаным рас. Алайда ұлттық әдебиет үшін бар ғұмырын арнаған қаламгердің артында қалған мол мұрасын түгендеушісі, сұраушысы болуға тиіс. Сондықтан ондай жауапкершілігі зор сауапты істі арнайы құрылған қордың атқарғаны абзал дегенге тоқталдық. Қордың алға қойған басты мақсаты – ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау, есімін ұлықтауға мұрындық болу. Сонымен қатар жазушының абыройы мен авторлық құқығын қорғау, жас дарындарға қолдау көрсету сынды көптеген бағыттары бар.
– Қор қай жылдан бастап жұмыс істей бастады? Бүгінгі күннің көзімен қарағанда не атқарылды?
– Қордың алғашқы құрылтай жиналысы 2011 жылдың мамырында Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Сол жылы қыркүйекте «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры ресми түрде тіркеуден өтіп, куәлігін алды. Алайда оған дейін де қордың жұмыс жоспары құрылып, ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатты. Алғашқы өткізген үлкен шарамыз оралдық фотосуретші Рафхат Халеловтің «Қазақтың Қадыры» атты жеке фотокөрмесі болды. Бұл көрмені 2011 жылы 2 қараша күні Алматыдағы Ұлттық музейде ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткіздік. Бұдан соң жазушының он сегіз томдық шығармалар жинағын баспа бетіне шығаруды қолға алдық. Бұл іс те атымтай жомарт азамат, осы қор құрылтайшыларының бірі әрі бас демеушісі, «КАТЭК» компаниясының бас директоры Құндыз Шамақұлы Нуповтың қаржыландыруымен жүзеге асты.
Ендігі кезекте ақынның жылын өткізуге дайындалдық. Жеке мұрағаттардан Қадыр Мырза Әлінің өлеңдеріне жазылған белгілі әндерді жинап, CD диск етіп шығардық. Содан соң «Ең алдымен ел қамы» деген атаумен Қадыр афоризмдерін үлкен жинақ етіп басып шығардық. Бұл игілікті істің жүзеге асуына білікті баспагер, белгілі қаламгер, қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мереке Құлкеновтің сіңірген еңбегі зор болды.
Абай атындағы академиялық опера және балет театрында «Қазақтың дана Қадыры» атты ең алғашқы еске алу кешін өткіздік. Сол 2012 жылы маусым айында Оралда, қыркүйек айында Астанада, ал желтоқсанда Қызылордада дәл осындай шаралар ұйымдастырылды. Бұл әдеби-сазды кештердің өтуіне жергілікті әкімдіктер жақсы қолдау көрсетті. Сонымен бірге Қадыр оқулары мен теле-радиохабарлар беріліп, балабақшалар мен мектептерде, оқу орындарында сан алуан шара ұйымдастырылды. Қордың ұсынысын қолдап, Алматы қаласы әкімдігі Жамбыл көшесіндегі Қадыр Мырза Әлі ширек ғасыр тұрған № 163 үйдің қабырғасына естелік тақта орнатты. Өскемендегі Монета сарайына тапсырыс беріп, «Қадыр Мырза Әлі атындағы медаль» жасаттық. Ол мерекелік медаль емес, қордың тұрақты марапаты. Бұл медальмен халқымыздың маңдайына біткен марқасқалар, қоғам қайраткерлері Әбіш Кекілбаев, Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Оразақын Асқар, Әнес Сараев, Ақұштап Бақтыгереева, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, Серік Тұрғынбеков, Қажығали Мұқамбетқалиевтер т.б. марапатталды.
Ақиық ақынның туған жері Жымпиты ауылындағы Сырым аудандық жалпы орта білім беру мектебінде Қадыр ақын атындағы әдебиет сыныбы ашылды. Қадыр ағамыздың өзі жете алмаған сексен жылдығына арналған алғашқы шараны 2015 жылдың 9 қаңтарында Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткіздік. Кітапхана ұжымының көмегімен өткен бұл іс-шараға Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, Халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, мәнерлеп оқудың шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сауық Жақанова, «Құрмет» орденді әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Гүлнар Дәукенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәлел Уашев, танымал әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев т.б. өнер шеберлері қатысты.
Келесі шара – Қазақстан Жазушылар одағымен бірлескен әдеби-сазды кеш одақ ғимаратында өткізілді. Ал сәуірдің басында Қазақтың Құрманғазы атындағы оркестрімен бірлесіп, «Нағыз қазақ – домбыра!» атты ақын өлеңдеріне жазылған әндер кешін оркестр шаңырағында табысты өткіздік. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы шеңберінде Қадыр ағамыздың бірнеше жеке заттары мен қолжазбаларын Астанадағы ҚР Ұлттық музейіне табыстадық.
– Қаламгердің жеке кітапханасын Орал қаласына көшіру де «Қадыр қорының» бастамасы емес пе еді?
– Иә, бұл біздің қордың атқарған ең маңызды жұмыстарының бірі. Қадыр ақынның ғұмыр бойы баққан-жиғаны кітап болса, ол күллі зиялы қауымның аузында жүрген атақты жеке кітапхана болса, оны ұстата салу, тиеп жіберу оңай іс емес. Бұны ойлағанда уайым жеп, Салтанат жеңгеміз ауырып та қалғаны бар. Осы жерде қордың ара ағайындық жасап, ортақ іс қой деп үгіт-насихат мәселесіне үлкен үлес қосқанын айта кеткен ләзім.
Келісілген күні сонау Оралдан қызыл қасқа Камаз жеткенше Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап кітапхана мен облыстық музейдің бір топ қыздарын әкеліп буып-түйіп, тізімдеп-құжаттап, барлығын ұйымдастырып қойған да Қадыр қорының белсенділері еді. Тылсым дүниенің сырына кім жеткен, мынаны қараңыздар. Кітапхана көшуге дайындалып жатқан кезде бір түні Қадекеңнің құдай қосқан зайыбы Салтанат Мырзалиева жеңгеміз түс көріпті. Ертеңіне маған телефон соғып айтып берді. «Донеділ айналайын, мен бір үлкен күйзелісте жүрмін ғой, білесің. Ағаңнан айрылдық, ол енді Алланың ісі. Ал енді кітапханасы кеткелі жатыр. Қадыр ағаңа қосылғаннан көргеніміз, жиғанымыз кітап қой. Бұл кеткенде мен қалайша жәй табам деп жүр едім. Түнде Қадыр ағаң түсіме кірді. Көңіл-күйі көтеріңкі, жақсы киінген. Үйге кіріп, кабинетін аралап разы болған сыңайлы шығып кетті. Е-е, кітапханасы орын табатын болғанына риза рухы екен ғой деп ойладым. Енді мен жора-жолдастарымызды шақырып құран оқытайын. Сен Гүлнар екеуің ресторан қараңдар» деді.
Осы істі бастар алдында мен Оралға барып, облыстық мәдениет басқармасының басшысына «Маған Алматыға жіберетін қызметкерлеріңізді жинап беріңіз. Сөйлесейін, танысайын дедім. Оларға Қадыр кітапханасының маңызын, елге көшіру себептерімен қатар «Әр кітапты мұқият қараңыздар, арасында маңызды құжаттар, тіпті ақша да шығуы мүмкін. Ондай жағдайда Салтанат апайларыңызға берерсіздер» дедім. Міне, тағы қызық. Айтқаным тура келіпті. Бір күні Салтанат жеңешем тағы телефон соқты. «Донеділ, ағаң маған ақша жіберіпті» деді. «Е-е, ағама гонорар келген ғой» деп ойласам. Қыздар кітаптардың ішінен ақша тауыпты. Және сол өлшегендей бағанағы жоспардағы ресторанға молынан жетеді екен. Тіпті азды-көпті артыпты да. Оны Салтанат жеңешем біздің үйдегі Гүлнар келініне ұстатыпты. Осы оқиға туралы сол кезде «Алматы ақшамы» газетіне белгілі журналист-жазушы Қали Сәрсенбай «Қадыр көшіп барады» атты мақала жазды.
Қадыр ақынның сексен жылдығына арналған шаралардың нүктесін Қызылордада қойдық. Бұл жолы қызылордалық «Руханият» қоғамдық бірлестігі мен Сәпен Аңсат ағамыз ат салысқанын ризашылықпен айтамыз.
Жас таланттар мен көмекке мұқтаж шығармашылық адамдарына қолдау жасау – «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының бір қыры. Бұл тұрғыда Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті Айдана Сұлтанмахмұт пен Жадыра Ерманға бірнеше жыл шәкіртақы төлеп отырғанымызды айтуға болады. Нәтижесінде, олар Қадыр ақын шығармашылығынан дипломдық жұмысын сәтті қорғап шықты. Белгілі композитор Темірәлі Бақтыгереевтің көзі тірісінде оның CD ән жинағын шығарып бердік. Және бір шығарған CD үнтаспа Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы Қадыр Мырза Әлі өлеңдеріне жазылған қазақтың классик композиторлары Н. Тлендиев, Е. Рахмадиев, Ш. Қалдаяқов, Ә. Бейсеуов әндерінен тұрады.
Қадыр ақынның 80 жылдығына орай қордың демеушілігінің арқасында екі кітап жарыққа шықты. Бірі – «Балаларға базарлық» деп аталады. Оны Оралдағы №6 «Шолпан» балабақшасы ұжымының мамандары құрастырған. Қадыр ақынның бүлдіршіндерге арналған өлеңдері бірнеше тілге аударылған нұсқаларымен қатар басылған. Екінші кітап – «Абыз ақын – аңыз ақын» атты жыр жинағы. Мұнда Қадекеңнің көзі тірісінде жазылған арнаулар, өмірден өткеннен кейін арналған жоқтау іспеттес жырлар мен шайырдың сексен жылдығына орай өткізілген халықаралық жас ақындар мүшайрасы жүлдегерлерінің өлеңдері топтастырылған. Жинақты құрастырған – белгілі ақын Айтқали Нәріков.
Ал Қадыр Мырза Әлінің сонау 1982 жылы шыққан пластинкадағы өзі оқыған өлеңдер таспасын заманауи CD диск етіп шығаруымыз жыр сүйер қауымға мерейтой жылғы тосын сый болды. Бұл іске ат салысып, еңбек сіңірген, дыбыс жазу ісінің шебері, мәдениет қайраткері Мақсат Мұхитденов мырза. Қоғамдық қор атынан ҚР Мәдениет және спорт министрінің атына жазған өтінішіміз қолдау тауып, қаржы бөлініп, 2015 жылы «Қазақфильм» киностудиясынан Қадыр Мырза Әлі туралы «Мәңгі майдан сарбазы» атты деректі фильм жарыққа шықты. «Қадыр Мырза Әлі» қорының ұсынысымен Алматы қаласында Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиев есімдерімен көшелер аталды. Орал қаласының халық ең тығыз қоныстанған, әрі заманауи және жаңа ықшамауданы Қадыр Мырза Әлі атымен аталуына да бастамашыл болып хат түсірген біздің қор болатын. Қадыр қорының бастамашылдығымен әрі демеушілігімен басталған Батыс Қазақстан облыстық «Қадыр оқулары» кейін аймақтық, бүгінгі күні республикалық сипат алды.
– Қор жұмысына әлемді жайлаған пандемия, карантиндік шектеулер қаншалықты әсер етті?
– Өкінішке орай індеттен сақтандыру мақсатында жасалған карантиндік шектеулер қор жұмысына кері әсерін тигізді. Белгілеген бірқатар шараларымыз өтпей қалды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірлесіп ғылыми конференция өткізуді жоспарлап едік. Өтпей қалды. Қайсыбір іс-шараларымыз да кейінге ысырылды. Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында өтіп жүрген дәстүрлі республикалық «Қадыр оқулары» байқауын екі жыл қатарынан онлайн форматта ұйымдастыруға мәжбүр болдық. Қадыр Мырза Әлі өлеңдеріне жазылған әндер жинағын бастаған едім. Карантинге байланысты қажетті материалдар жинастыру жұмыстары созылып кетті. Бір ғана С. Бәйтереков әндерінің нотасын алуға Алматының ішінде тұрып, 4-5 ай уақыт қажет болды. Ақын шығармаларын насихаттайтын концерттік сапарларға шығу да әзірше мүмкін болмай тұр.
– Сіз өмірде Қадыр ақынмен қаншалықты жақын байланыста болдыңыз?
– Қадекеңмен ағалы-інілі болып 30 жылдың шамасы сыйластықта болдық. Қалжыңдасатын нағашы-жиендік туыстығымыз қарым-қатынасымызды жылыта түсетін еді. Үйіне барсам «Өй, көке, келдің бе?!» деп қарсы алатын. Іші-бауырым елжіреп кетуші еді. Оңаша екеуміз ғана әңгімелесіп отырып шәй ішетінбіз. Шығармашылық байланысымыздың айғағы Қадекеңнің өлеңдеріне жазған «Ата», «Жар», «Бажа», «Ана», «Орал – әнім сенсің шалқыған» деген әндеріміз бар. «Жақсыдан шапағат» дегендей, шығармашылық байланысымыз ширек ғасыр бұрын ағаның ұсынысынан басталған еді. Алпыс жылдығының қарсаңында бір топ өлеңдерін жіберген болатын.
Осыдан бірнеше жыл бұрын асыл ағаның рухына арнап, жаңақалалық ақын Закария Сисенғалиевтің өлеңіне «Қадыр ақын – қыран жыр» деген ән шығардым. Қазіргі кезде «Өмір-өмір» атты кітапты баспаға дайындап жатырмын. Бұл кітаптың ерекшелігі Қадыр ақын сөздеріне жазылған әндер нотасымен беріледі. Онда қазақ өнерінің корифейлері Н. Тілендиев, Ш. Қалдаяқов, Ә. Бейсеуов сынды марқасқалар қалдырған шедевр әндермен қатар қазіргі буын композиторлардың шығармалары да кіреді. Бұдан басқа кітапта Қадыр ақын есімін келер ұрпақ жадында қалдыру мақсатында, есімін ұлықтау барысында атқарылып жатқан жұмыстарды фотосурет, ресми құжаттар арқылы көрсететін бөлім болады. Аңыз ақынға арнау өлеңдер топтамасы мен арнау әндер, портреттер мен мүсіндер бір бөлімге кіреді.
– Соңғы сауалымызды да «Қадыр қорымен» байланыстырсақ. Қордың болашақтағы жұмыс жоспары қандай? Қадыр ақын рухын жаңғырту бағытында тағы не істелмек?
– Қордың басты мақсаты – Қадыр ақынның мол шығармашылық мұрасын насихаттап отыру, есімін ұлықтау. Бұл жұмыстарды үнемі жалғастырып отырамыз. Қадыр Мырза Әлі шығармашылығын ғылыми зерттеуді ұйымдастыру, оны ынталандыруды көздеп отырмыз. Перспективалық жоспарға келетін болсақ, Қадыр ағамыздың таңдамалы туындылар топтамасын шығару ойымызда бар.
Сондай-ақ Қадыр Мырза Әлінің есімімен байланысты шығармашылық жобаларды қолдап, ынталандырып отырмақпыз. Әрине, биік деңгейдегі лайықты жұмыстар болса ғана. Ол әдеби шығарма бола ма, көркемөнер туындысы, музыкалық шығарма бола ма – марапаттап, бағалап отырамыз. Мысалы, жоғарыда атап өткен белгілі журналист-жазушы Қали Сәрсенбайдың кітабын жарыққа шығаруға «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры демеуші болды. Сонымен қатар болашақта Алматы қаласында ақын ескерткішінің орнатылуына бастамашыл боламыз деп отырмыз. Басқа да жоспарлар бар.
Сөз соңында «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының 10 жылдығымен қор құрылтайшыларын, облыстардағы өкілдерін, біздің қолдаушыларымызды, Қадыр ақынды насихаттаушы журналистерді, қордың белсенділерін құттықтай отырып, алғыс білдіргім келеді. Ал бір адамның есімін жеке атап өтуді жөн санаймын. Ол қордың бас демеушісі, «КАТЭК» компаниясының бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері, меценат Құндыз Шамақұлы Нупов мырза. Қордың жұмыс жасауына жағдай туғызып, бастамаларымызға қаржылық көмек жасап, ақыл-кеңесімен де ат салысып келе жатқан Құндыз мырзаға ерекше алғыс айтып, игі тілегімді білдіремін.
– Сұхбатыңызға рақмет! «Қадыр қорының» жұмысы алға баса берсін!