Ауыл – алтын бесігіміз. Береке мен байлықтың, ырыс пен ынтымақтың бастауы болып табылатын аудан-ауылдың жыл өткен сайын әлеуеті артып, әлеуметтік жағдайы оңалып келеді. Тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына жергілікті кәсіпкерлер де үлестерін қосуда. Сондай жандардың бірі – Жәнібек ауданындағы жас кәсіпкер, «Батыс алға» ЖК-ның жетекшісі Елдар Темірханов.
Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ нарыққа бейімделіп, студенттік кезде бизнестің алғышарттарын үйренген Оралханның Елдары бүгінде кәсіпкерлікке шындап бет қойды. Болашағынан зор үміт күттіретін ол қазіргі кәсібі арқылы өзіне ғана емес, өзгеге де нәсіп болатын тірлік қылып жүр.
Бәрін басынан бастап, тарқатып айтып көрейік. Кәсіпкерлікке деген қызығушылығы бала кезден басталған. Әжесі Ресейден көкөніс, жеміс-жидек әкелетін. Ол кезде Жәнібекке пойыз тоқтайтын еді. Әжесі пойызбен жақын маңдардағы көрші елдің қалаларына барып әкелген бау-бақша өнімдерін аудан орталығындағы базарға апарып саудалайтын. Елдар сабақтан соң базарға барып, әжесіне көмектесетін. Математикаға жетік болғандығының арқасында өзі де, әжесі де сауда-саттық кезінде есеп-қисаптан жаңылыспайтын. Осылайша әжесі арқылы оның бизнеске деген икемі қалыптасып, алғаш рет ақшаның дәмін сезіне бастады.
Мектеп бітірген бойда осы салада жүріп, өз ісін бастап та кеткісі келген. Алайда ата-анасы жөн көрмей, бір түйір перзентінің жоғары білімді азамат болып өскенін қалады. Сөйтіп, әке-шешесіне қарсы келместен Оралға аттанды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне оқуға түсті.
Студент атанған соң да қарап жүрген жоқ. Оқудан қолы қалт еткенде, өз кәсібімен айналысты. Оралдағы Киров паркі атанып кеткен мәдени демалыс саябағында сауда нүктелерін ашты. Балмұздақ сатып, компьютерлік қызмет көрсетті. Осылайша өзін-өзі қамтып тұрды. Дипломын алып, ауылға келген соң да осы кәсіпкерлікті жалғастырғысы келген. Бірақ ата-анасының «сонда төрт жыл босқа оқыдың ба?» деген бір ауыз сөзінен аттап кете алмай, біраз уақыт мемлекеттік қызметте еңбек етті.
Жұмысы көп, жауапкершілігі де аз емес, есесіне жалақысы мардымсыздау қызметте әке-шешесінің көңілін табу үшін жүргені рас. Алайда аудандық ішкі саясат, ауыл шаруашылығы бөлімдерінде өткен күндерді босқа кеткен уақыт деп те әсте айтпақ емес. Төрт-бес жылдың ішінде мемлекеттік қызметтің қыр-сырын, адамдармен қарым-қатынас жасауды меңгерді, аға буын өкілдерінен тәлім-тәрбие алды, жөн-жосықты білді. Оның бәрі бүгінгі өмір жолында өз пайдасын тигізуде.
Әр нәрсенің өз уақыты бар екені рас қой. Тепсе темір үзер жасқа келгенде өзі бұрыннан қол созып келе жатқан кәсіпкерліктің жалынан ұстады. Осылайша өмірінің жаңа кезеңіне аяқ басты.
Жеке кәсіпкер атанған соң мемлекеттік сатып алу шараларына қатыса бастады. Тапсырыс берушілердің талап-тілегін ойдағыдай орындап жүріп, әлеуетті жабдықтаушы ретінде сенімге ие болды. Көп кешікпей аудан орталығындағы жанармай құю бекетін сенімгерлік басқаруға алды. Сөйтіп, жанармай тасумен айналысып, ауданда осы сала бойынша бәсекелестік ортаның қалыптасуына мүмкіндік туғызды.
Кәсіпкерлікке ден қойған соң көрші елден жем тасуды қолға алды. Әкелген жемді сақтау үшін аудан орталығында керексіз болып тұрған бір ғимаратты алып, оны жөндеп қалпына келтірді. Көп кешікпей аталмыш мал азығын талапқа сай сақтау үшін арнайы ангар салды. Ал босаған ғимаратты да кәдеге жаратты. Нақтылап айтсақ, оның бір бөлігін автокөлік жуатын орын етіп ашты. Мұны өзі бұрыннан да ойлап жүрген. Ауылда қаладағыдай емес, жауын-шашын, лайсаң кездері көлік жиі ластанатыны анық. Ал Жәнібекте көлік жуатын орындар аз. Жұмыс істеп тұрғандардың өзінде тұтынушылар үшін лайықты жағдай жасалған деп айту қиын. Бірінің іші тар болса, екіншісінің жолы нашар, жуылып шыққан көлікпен қайта балшыққа түсуге тура келетін. Осындай жайттардан кейін Елдарға «Неге автокөлік жуатын орын салмасқа? деген ой келді. «Мой сам» деп аталатын көлік жуу орнының осындай қысқаша тарихы бар. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл жерде көлікті жүргізушінің өзі жуады, сол себептіде бұл қызмет арзанға шығады. Яғни ауыл адамдары үшін тиімді. Мұндағы құрылғылар – Италия мен Қытайдан алынған қосалқы бөлшектер негізінде Алматыда дайындалған отандық өнім. Осы жерде айта кетейік, кейіпкеріміз болашақта автокөлік жуатын орындар желісін көптеп ашқысы келеді. Айналаның бәрі әдемілікте, тазалықта болғанын қалайтын жан дүниесі алғаусыз жігітке біз де іске сәт дейміз!
Елдардың «мойкасының» жанында автосервис пен автобөлшектер дүкені бар. Көлігін жууға, жөндетуге әкелген жандар қосалқы бөлшектер сұраған соң осындай сауда орнын ашқан.
– Жәнібек, Бөкей ордасы, Казталов аудандарында егістік жоқ, есесіне мал саны, соның ішінде бордақылауға қойылатын малдар көбейіп келе жатқаны белгілі. Мал болғасын оған азық та керек қой. Құр жемді әкеліп екінің бірі сата алады. Ал жемді өңдеп, дәрумендермен байытып, құрама жем секілді жаңа әрі құнарлы азық етіп ұсыну оңай емес. Өзім ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді жаным сүймейтіндіктен осындай ірі жобаны қолға алсам деген ой келді. Бұл бағытта еңбек етіп жатқандардың тәжірибелерімен танысып, бұл іске ден қоюға ниет еттім. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында арнайы жоба жасап, аймақтық комиссияға ұсындым. Жобам былтыр қолдау тауып, «Даму» қоры арқылы мемлекеттік грант есебінде 5 млн. теңге алдым. Бүгінгі таңда грант қаржысына қажет құрал-жабдықтардың 70 пайызын әкеліп қойдым. Оның ішінде жем-шөпті қоспалағыш (смеситель), түйіршіктегіш (гранулятор), бу генераторы сынды құрылғылар бар. Бұйыртса, көп кешікпей өндірісті іске қосамыз, – дейді кәсіпкер жігіт.
Кәсіпкерлік көкжиегін кең өріс деп санайтын кейіпкеріміз енді мал шаруашылығын дамытуға үлес қоспақ ниетте. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет атқарған кезден-ақ қожалық құрып, шаруашылық жүргізуді армандаған ол бұл кәсіпке енді бел шеше кірісіп жатыр. Биыл шаруа қожалығын ашқан. Әзірге онда 30 шақты ірі қара малы бар. Бұйыртса, келесі жылдан бастап мал санын, түрін көбейтіп, техника алуды жоспарлап отыр. Бұрынғы мал қыстақтарының бірін қайта жандандырып, сол жерде шаруашылығын жүргізбек ниетте. Әзірге ол он шақты адамды жұмыспен қамтып отырса, ертең шаруашылықты бастағанда қызметкерлер саны артатыны анық.
«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, жас кәсіпкердің де көкейінде жүрген арман-мақсаты аз емес. Алдағы уақытта жол салуды, жеке медициналық клиника ашуды ойлап жүр. Әзірге бұл армандары қашан орындалары белгісіз. Қаржы ғой қолбайлау болып тұрған. Егер ғайыптан тайып қомақты қаржыға ие болса, ойланбастан сол қаржыны осынау кәсіптерді бастауға салар еді. Дегенмен де бұл жобалары арман болып қалып қоймайтынына өзі сенеді. Ең бастысы, адам өзгеге емес, өзіне сенсе, кез-келген қамалды алары анық.
– Менде баю, танымал болу сынды мақсаттар жоқ. Еңбек етіп, соның жемісін жеп, бақытты өмір сүруді қалаймын. Адам бақытты бар кезде емес, ол кеткенде сезеді ғой. Сол себепті бар нәрсенің қадірін білген жөн. Егер денің сау, отбасың, тума-туыс, дос-жаран, айналаң аман болса, өзіңе ұнайтын кәсібіңді дөңгелетіп жүрсең, соған шүкіршілік еткен дұрыс. Шүкіршілік деген белгілі бір жетістікке жетіп тоқтап қалу дегенді білдірмейді. Адам қашан да жаңа мақсаттар қоя біліп, биік шыңдарды бағындыруға ұмтылғаны дұрыс. Бүгінгі таңда аудан-ауылдарда өз ісін бастай алмай жүрген замандастарым бар. Оларға бірінші кезекте қорықпай істі бастау керек деп кеңес берер едім. Қазақстанда бизнесті бастауға, дамытуға барынша мүмкіндік жасалуда. Грант, несие, кепілдік, субсидия, арнайы оқыту сынды қолдау шаралары көп. Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болып жатқан республикамызға әлі де көптеген бизнес түрі керек. Сондықтан жаңа кәсіп түрін меңгеруге, соны дамытуға талпыныс жасау қажет. Қаншама бос жер жатыр? Оны біз игермесек кім игереді? «Сен жанбасаң лапылдап, Мен жанбасам лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?» деген өлең жолдары да осыны меңзегендей, – дейді Елдар Оралханұлы.
Өзінің ғана қарабасын емес, өзгені де ойлап жүретін, мұқтаж жандарға қарайласуды өзінің міндеті деп білетін, түрлі іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, демеушілік танытатын, бес парызын да ұмытпай, мешітке уақтылы зекетін беріп отыратын жәнібектік жайсаң жігіт туралы бір үзік сыр осындай.