История успеха
.qz
Мотивационный проект

СЕРІК АЯПОВ: «ӨМІРДЕ ДЕ, БИЗНЕСТЕ ДЕ ӘКЕМДІ ҮЛГІ ТҰТАМЫН»

Бүгінде қазақ жастарының қай саладан болмасын ойып тұрып алған орны бар. Әсіресе жыл санап кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың үлесі артып келеді. Тіпті араларында басым көпшілік үшін абыройлы және беделді саналатын мемлекеттік қызметті бизнеске алмастырғандары да жетерлік. Солардың бірі – Жәнібек ауданының тұрғыны, жас та болса, өте тәжірибелі кәсіпкер Серік Аяпов. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ол әкесі Айболат Аяповты өмірде де, бизнесте де үлгі-өнеге тұтады.

Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында бірден бизнес бастап кетуге екінің бірінің жүрегі дауаламағаны шындық. Барлық мекеме-кәсіпорында жаппай қысқарту орын алып, халық екі қолға бір күрек таппай қиналған кезде нар тәуекелге басып, тыңнан түрен салу керек болды. Аудан орталығындағы автобазаны басқарған Айболат Аяпов өзі үшін тың сала – кәсіпкерлікке бел шеше кірісіп кетті. Осылайша өзі ұзақ жыл еңбек етіп, басшылық жасаған мекемені жекешелендіріп, қалыптасқан ұжымды сақтап қалуға тырысты. Бір қараған жанға бәрі де оп-оңай бола қалған сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда, кәсіпкерге нарықтық қатынасқа бейімделу жолында талай мәрте сүрініп, қайта тұруға тура келді. Ол заман «алма піс, аузыма түс» деп отыратын заман емес еді. Тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында Айболат Аяпов 1996 жылы «Жәнібек Транс Сервис» ЖШС құрды. Жолаушылар мен жүк тасымалы қызметін көрсете жүріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныға бастады. Тәжірибе жинақтай келе, ауылда азық-түлік сататын дүкен ашпаққа бел буды. Шекара шебіндегі ауданда сатылатын тауардың дені – ресейлік өнімдер. Азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөніс, тұрмыстық химияның барлығы дерлік көрші елден әкелінеді. Оралмен салыстырғанда бағасы да арзандау. Өйткені облыс орталығына қарағанда Волгоград облысына барар жол екі есе жақын әрі тақтайдай тегіс.

– Әкем мен анам жоғары білімді мамандар. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын бітірген. Диплом алған соң екеуі де жас маман ретінде жолдамамен Жәнібек ауданына келіп, алғашқы еңбек жолын техникумда оқытушылықтан бастаған. Әкем кейін автобазада слесарлықтан бастап, механик, инженер, бас инженер болып барлық қызмет сатыларынан өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мекеме тараған кезде жекешелендіріп, басшылық тізгінін өз қолына алды. Ес білгелі әкемнің еңбекқорлығына, қай істе де әліптің артын бағатын сабырлығына, адамдармен тез тіл табыса білетін қабілетіне ерекше таң қаламын. Өзім де 2007 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, бірнеше жыл мемлекеттік қызмет атқарған соң, әкеме көмектесемін деп шештім. Міне, мен кәсіпкерлік саласына осылайша қадам бастым, – дейді Серік Аяпов.

Серіктің әкесі Айболат Аяпов – ауданға белгілі кәсіпкер. Қай істі қолға алса да, тігісін жатқызып, қиюын келтіретін еңбекқорлығымен елге сыйлы азамат. 2003 жылы ауданда алғашқы болып отандық жиһаз өндірісін қолға алды.

– Әкемнің ағаштан ең алғаш жасаған бұйымы әлі күнге есімде. Бір жылы қыста автобазада тапсырыс болмай, жұмыс азайды. Әкем үйде бос жата алмай, стол, шкаф жасай бастады. Кейін ауылдастардан тапсырыстар көбейіп, жиһаз дайындауға шындап кірісті. Әкем өте еңбекқор адам, қолынан бәрі келеді. Көлік жөндеу, сауда жүргізу, құрылыс салу, жиһаз жасау сынды әр түрлі жұмысқа қолы епсекті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бүгінде қолымнан не келсе, соның бәрін әкемнің қасында жүріп үйрендім, – дейді Серік Аяпов.

Кәсіпкер 2003 жылдан бастап заманауи үлгідегі жиһаз жасау-
ды қолға алған. Әкелі-балалы Аяповтардың жиһаз цехы бүгінде нағыз еңбектің алтын ордасына айналған. Тұрғын үйлер мен кеңселерге арналған түрлі жиһаздарды аудан тұрғындары, мекемелер мен балабақшалар, көршілес қоныс тепкен Бөкей Ордасы, Қазталов аудандарының халқы сатып алады. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал тегін айтылмаса керек. Сапасы мен бағасы қатар үйлескендіктен шығар, жәнібектік шеберлер жасап шығарған жиһазды жердің шалғайлығына қарамай Орал қаласына алдыратындар да аз емес.

Шалғай ауданда дүкендер желісін ашып, қонақүй салып, бүгінде супермаркет құрылысын бастаған әкелі-балалы кәсіпкерлер 40-қа тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Еңбексүйгіштік қасиетті ұлының бойынан да көруге болады. Жиһаз цехы мен дүкендердің жұмысын әке ізімен ұршықша үйіріп отыр.

Серік Аяпов өзін сүйікті ісін тапқан адам деп есептейді. Елімізде жиһаз өндірісінің болашағы зор деп санайды.

– Кез келген үйді, кеңсені әдемі жиһазсыз елестету мүмкін емес. Бұл істе үнемі ізденіп, біліміңді жетілдіріп отыру өте маңызды. Өйтпеген жағдайда заман ағымынан, сәннен қалып қоясың. Біздің жиһазымызды тұтынушылар мақтап, жаңасына тапсырыс беріп жатады. Бұл біздің мерейімізді өсіріп, жұмысқа деген ынта-жігерімізді оятады. Ендігі мақсат – заманауи технологияны қолға алып, жаңа жиһаз түрлерін шығару. Көпшілігі Ресейдің жиһазы мықты, Беларусьтан әкелдім, түріктер жасапты деп шетелдік фирмаларға қызығып жатады. Ал біздің жиһаз ауылда жасалса да, сапасы қаладағыдан еш кем емес. Тіпті артық деп те айта аламын. Клиенттің қалауына қарай кез келген дизайнда берік, мықты етіп жасап береміз, – дейді ол. Әңгіме соңында кейіпкеріміз болашақ кәсіпкерлерден ақыл-кеңесін де аяп қалмады.

– Әркім өзінің қолынан келетін іспен айналысуы керек. Сонда кәсіп те алға жүреді. «Бизнес ашып, оған біреуді жалдап, істете саламын. Ақша болса, болды деу – бос әңгіме. Қажет болған жағдайда сол жұмысты өзің де істей алуың керек. Орындау ғана емес, материалды сатып алу, шығынды есептеу – бәрі кәсіпкердің өзіне қажет шаруа. Кез келген істі бизнеске айналдыруға болады. Бастысы, бастапқы кездегі қиындықтарға сынып кетпеу. Әр кедергінің артында бір белес, әр дағдарыстан соң жаңа мүмкіндік күтіп тұрғанын естен шығармау қажет, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлік – ел экономикасының маңызды саласы. Бизнес дамыса – ауыл көркейеді, ел өрісі кеңейеді. Әсіресе, іскер әкенің ізін қуған Серік Аяповтай білімді де білікті жастардың кәсіппен кәсіби тұрғыда айналысуы қуантады. Жалынды жастың жігері, еңбекқорлығы мен ұшқыр қиялы оны талай биікке жетелері анық.

Наши выпуски

Адреса успеха

Гульбаршын Муштанова: "Наша цель – помочь людям!"

За здоровьем в ECODOMIC!

Если мебель, только 5 звезд!!

Товары для дома в одном месте!

Приглашаем на оптово-розничный рынок "Ел-ырысы"!

Будем строить и созидать будущее вместе с UNISERV!

Почему надо выбрать ЗКИТУ? Отзывы студентов

Мы остаемся на работе, чтобы помочь вам..

Комфорт может быть доступным!

Чистый город – здоровая страна!

Магнитно-резонансная и компьютерная томография

Рецепт отличного настроения от ресторана Гюльчатай!

САЛОН МЕБЕЛИ "5 ЗВЕЗД"

Модельная кино - школа «GS Production»!