Жәнібектік Ескендір, Есқайыр және Есбол Илимисовтардың есімі тек аудан жұртшылығына ғана емес, облыс халқына жақсы таныс. Ағайынды үш азамат бүгінде төрт түлікті өріске өргізіп, ата кәсіпке кең тыныс беріп отыр. Қазақтың ақ бас сиырын, Көшім жылқысын өсіріп, аймақта асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мол үлес қосуда. Ағайынды азаматтар Жәнібек ауданында алғашқы болып, дүкендер желісін ашып, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылда тұрғын үй құрылысын жүргізіп, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруде. «Рухани жаңғыру» жобасына да белсенді атсалысып, туған жерді түлетуге тер төгуде. «Символ» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Есқайыр Илимисов отбасының ата кәсіпке қалай келгені, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, табысқа жету сыры туралы айтып берді.
Алғашқы адымдар
– Есқайыр Кафарұлы, бүгінде ағаңыз Ескендір Илимисов жетекшілік жасайтын «Әлем» шаруа қожалығы ісі өрге басқан, аймақта асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытып отырған іргелі құрылым. Оған қоса егін шаруашылығы мен құрылыс саласының да тізгінін қатар ұстап келесіздер. Жалпы, кәсіпкерлікке қалай келдіңіздер?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге де оңай тиген жоқ. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Колхоз-совхоз ыдырап, жаппай жекешелендіру басталды. Ел ішіндегі бас көтерген азаматтарға жаңа нарықтық қатынастарға тез арада бейімделу қажет болды. Жұрт абдырап, қай жағына қарай ойысарын білмей қалды. Сол жылдары кәсіпкерліктің негізгі үш саласының ішінен бірінші орынға өндіріс те, тұтынушылар мен тауар өндірушілер арасындағы делдалдық та емес, сауда-саттық шықты. Біз де әу баста бизнесті саудамен бастадық. 1996 жылы ауданда алғашқы болып «Әлем» атты азық-түлік дүкенін аштық. Ол кезде ел білетін кәсіпкерге айналып, үлкен бизнеске аяқ басамыз дегендей арман-мақсаттар болған жоқ. Өйткені ел экономикасы үшін де қиын-қыстау кезең болды. Халық айлап жалақы алмайтын, инфляция жоғары деңгейде болатын. Әйтеуір, отбасының қолдауының арқасында көп қиындықты еңсере жүріп, кәсіпкерлікке кірісіп кеттік. Қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға күш салынып жатыр. Көмек те жеткілікті. Біздің жас кезімізде қазіргідей бизнеске үйрететін ешкім болмады. Бәрін өзіміз меңгердік.
– Ата кәсіпті қай жылы қолға алдыңыздар?
– 2001 жылы кәсібімізді кеңейтіп, «Әлем» шаруа қожалығын құрдық. Алғашында 20 бас ірі қара мен 100 бас қойдан бастадық. Жер телімін алып, қажетті техникамен қамданған соң негізгі күшті мал азығын дайындау, мал басын арттыру жұмыстарына жұмсадық. Алты жылдың ішінде ірі қара малдың басы 300-ге жетті. 2007 жылдан бастап қазақтың асыл тұқымды ірі қара малын өсіріп, асыл тұқымды шаруашылыққа айналдық. Бүгінгі таңда шаруашылықта 1125 бас ірі қара, соның ішінде 460-ы қазақтың ақбас сиыры, 1079 бас асыл тұқымды Көшім жылқысы, 70 бас түйе малы және 1250 бастай ұсақ мал бар. Осы тұста салаға серпін берген мемлекеттік бағдарламалардың үлесі айрықша болғанын атап өткім келеді.
Санға емес, сапаға
– Есқайыр Кафарұлы, малды асылдандыру – шаруашылық пен ғылымның тығыз байланысы арқасында жүзеге асатын күрделі үрдіс екені белгілі. Бұл тұрғыда қандай жұмыс атқарылды?
– Малды асылдандыру – тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, еліміз үшін маңызды міндет. Қазақтың ақбас тұқымды сиырлары өзінің конституциялық-биологиялық қасиеттері бойынша қатаң климаттық жағдайларға аса бейімделген және жоғары ет өнімділігімен ерекшеленетін бірегей тұқым. Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алғаннан бастап біз ірі қараның сапасын арттыруға, асылдандыру жұмыстарын өздігімізден жүргізуге көңіл бөле бастадық. Бұл бағытта тек еліміздегі ғана емес, шетелдегі бірқатар ғылыми орталықтармен, танымал ғалымдармен бірлесе жұмыс істедік. Мал тұқымын асылдандыру, Шағатай зауытынан шыққан қазақтың ақбас сиырының тұқымдық сапасын сақтап қалу және арттыру бойынша селекциялық жұмыстарды үздіксіз жүргізіп отырамыз.
2012 жылы Индустрияландыру картасы аясында құны 150 млн. теңгені құрайтын 1000 бас ірі қараны бордақылауға арналған кешенді іске қостық. Жүйелі жұмыстың арқасында мемлекеттен несие алмай, керісінше асыл тұқымды малды бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынып, өзге шаруашылықтарға сатып отырмыз. Батыс Қазақстан облысынан бөлек, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарынан келіп алады. Ал өнімдерімізді көршілес Ресей еліне экспортқа шығарамыз.
– Ірі қара етінен бөлек, сүт өнімдері өндірісін де қолға алған екенсіздер. Негізгі тұтынушыларыңыз кімдер?
– Ата кәсіпті қолға алған соң тек етін сатып қана отыруға болмайды. Ата-бабаларымыз қымыздың дертке дауа, жанға шипа екенін баяғыда-ақ білген. Жылқы – төрт түліктің ішіндегі ең текті мал. Жануар судың тұнығын ішіп, шөптің асылын теріп жейді. Сондықтан қымыздың құрамында 28 түрлі дәрумен бар. Оны әлі күнге екінің бірі біле бермейді. Тоқырау заманында құнды сусынымыздан қол үзіп қалғанымыз рас. Ес жиып, еңсе көтерген соң бие-түйе са-
уып, қымыз-шұбат баптауды қолға алдық. Көл-көсір пайда көрмесек те, халықтың сұранысына қарай өндіріп отырмыз. Ұзақ жыл Жәнібек, Қазталов, Бөкей Ордасы аудандарындағы туберкулез диспансерлерін қамтамасыз етіп келдік. Бір жылдары 12 тоннаға дейін қымыз алып жүрдік. Қазір негізінен әлеуметтік мекемелерге жеткіземіз, Батыс Қазақстан және Атырау облыс-
тарына саттыққа шығарамыз.
Кәсіпкерлік белесі
– Ағайынды Илимисовтардың өңірдің құрылыс саласында да қолтаңбасы бар екенін білеміз. Қандай нысандар салдыңыздар?
– 2003 жылы «Символ» ЖШС құрып, сол кезден құрылыс саласында жұмыстанып келеміз. Алғашында 17 адаммен бастадық, қазір 60-қа жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдымен Жәнібек ауданын газдандыру жобасын қолға алдық. Аудан орталығын айтпағанда ауылдық округтер, тіпті бөлімшелерге дейін көгілдір отын жеткізілді. Сол кездің көзімен қарағанда бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба жүзеге асты. Бүгінгі таңда аудан 98 пайыз табиғи отынмен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Жәнібек, Қазталов, Ақжайық аудандарында, көршілес Атырау облысында тұрғын үйлер, әлеуметтік және спорттық нысандар құрылысын жүргіздік. Тек «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 21 үй салдық. Пилотты жоба бойынша салынған әр үйдің құны 2,8 млн. теңге болды. Қазір де үйдің құны 3,5 млн. теңгеден аспайды. Біз бұл жерде өз пайдамызды ойлаған жоқпыз, ауданға келіп жатырған жас мамандар тұрақтап қалсын деген ниет басым түсіп жатты. Бұдан бөлек қолданыстағы ескірген нысандарды орташа және күрделі жөндеуден өткіздік. Аудан орталығында, ауылдық округтерде спорттық алаңдар, шағын футбол алаңдарын салдық.
– Қандай нысанның құрылысы ерекше көңіліңізден шықты?
– Өзімнің ерекше көңілімнен шыққан нысан – Жәнібек ауылындағы мектептің спорт залы. Ауылдық үлкен-кішісі сол жерге барып, спортпен айналысамыз. Түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Бос уақытымызды пайдалы өткіземіз. Қос қабатты ғимаратта ауыл балаларының спортпен алаңсыз айналысуына барлық жағдай жасалған. Кең, жарық, жылы залдар, спорттық инвентарьлар, ішінде жуынатын бөлмелерге дейін бар. Бұған қоса «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық мешіт жанында медресе, сауат ашу орталығы ғимаратын салып бердік.
Мүмкіндік те, қолдау да көп
– Қанша адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырсыздар?
– «Әлем» шаруа қожалығы мен «Символ» ЖШС қоса алғанда қарамағымызда барлығы 70-ке жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Одан бөлек құрылыс көлеміне қарай мамандар маусымдық жұмыстарға алынады. Ауданда үш дүкеніміз бар, жергілікті тұрғындар бүгінде супермаркет құрылысына тартылды.
– Есқайыр Кафарұлы, кәсіпке бет бұрғысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Қазір жастар кәсіп бастаса, бірден миллиондап ақша тапқысы келеді. Олай болмайды. Еңбектену керек, қиындыққа төзе білу қажет. Сонда ғана әр еңбектің артында береке болады. Тәуелсіздік жылдары елімізде үлкен өзгерістер жүзеге асып, тың бастамалар көтерілді. Бұл тұста мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға көп жағдай жасалып жатқанын бағалай білуіміз керек. Жалпы еңбек етемін деген адамға қазір мүмкіндік те, қолдау да жеткілікті.
– Сұхбатыңызға рақмет!