История успеха
.qz
Мотивационный проект

КЕШЕГІ СПОРТШЫ, БҮГІНГІ КӘСІПКЕР

Бұрын жәнібектіктер Алтынбек Исаевты спортшы, нақтылап айтқанда ережесіз жекпе-жектің өкілі ретінде таныса, бүгінде кәсіпкер, яғни мал союмен, етті мұздатып, сақтаумен, қаптап, ораумен айналысатын жан деп біледі. 

1984 жылы Жәнібек ауылында дүние есігін ашқан ол Оралдағы агроколледжді бітіріп келген соң кәсіпкерлікке бет бұра бастады. Әуелі теңгені рубльге ауыстырумен айналысып, «валютчик» атанды. Артынан аудан орталығындағы кафені жалға алып, қызмет көрсету саласына ден қойды. Сосын ауыл шаруашылығы саласына бетбұрды. Яғни мал сою орнын жасақтады. Әр ауданда осындай орын болуы керек деген әңгіме шыға бастағанда «соны өзге емес, өзім ашсам қалай?» деген ой сап ете түскен еді. Сол ойды жүзеге асырды. 2017 жылдан бері осы іспен шұғылданып келеді. Бұл алаңда күніне орта есеппен 7-8, қыс мезгілдерінде 10-нан аса бас мал сойылады екен. Мұнда тек сойып қана қоймай, ішек-қарындарын ашып, тазалап, етті арнайы құрылғылармен бөлшектейді, орамамен қаптап, тоңазытқышқа салып қатырып та береді. Құны қолжетімді, әр қызмет түрінің белгіленген бағасы бар, тапсырыс берушінің сұранысына сәйкес реттеліп отырады. Болашақта ауданның іргелі ауылдық округтарында осындай орын ашқысы келеді.

– Екі-үш жыл бұрын кәуәпқа ет, фарш дайындап саттық. Сұраныс жақсы болды. Тек мына орнымыз Жәнібектің шет жағында болған соң бұған ат терлетіп келетіндер аз. Мұнда келгенше базар, орталық көше бойындағы сауда орындарынан алған жеңіл ғой көпшілікке. Соны ескеріп, орталықтан жер телім алып қойдым. Ол жерге ет өнімдерін шығаратын комбинат ашсам ба деймін. Аудан көлемінде ондай өндіріс жоқ. Қазіргі уақытта үкімет тарапынан да мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісіне жете мән беріп отыр ғой. Бұйыртса келер жылы комбинаттың құрылысын бастағым келеді. Биыл 50 тонна етті сақтауға қауқарлы тоңазытқыш алдым.

Сонымен қатар мал бордақылау ісін де қолға алғым келіп отыр. Басында 100 бас, артынан 200 басқа арналған бордақылау базасын салсам деймін. Онда 1,5-2 жылдық бұқашықтарды бордақылайтын боламын. Әлемдік нарық, соның ішінде көрші Ресей қазақ даласында жайылған мал етінің дәмін сезініп, олардан сұраныс көптеп түсіп жатқаны белгілі. Болашақта ет және ет өнімдерін экспорттауға үлесімді қосуды өзіме мақсат етіп қойып отырмын, – деген Алтынбек Әлібекұлы бүгінде елімізде еңбек етемін, кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндік мол екенін де жеткізді. Өзінің бизнес саласындағы азды-көпті тәжірибесіне сүйеніп, кәсіпкерлік бойынша бір емес, 4-5 бағытта жұмыс істеген жөн екенін айтады. Біреуі үйлеспесе, екіншісінен не үшіншісінен, болмаса одан кейінгілерінен «қол шығып», өзгелеріне серпін беруі мүмкін. Өзі солай істеп жүр. Қызмет көрсету саласындағы бұрынғы кәсібі әлі бар. Қазір Ресейден ағаш тасумен де айналысуда. Ауданда құрылыс қарқынды жүруде. Ағашқа сұраныс үлкен. «Қазір интернеттің заманы. Ғаламтор арқылы тапсырыс бересің, өздері әкеліп те береді, болмаса жібереді. Осындай мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалана білген ұтады» дейді ол.

«Исаев» ЖК-да бүгінгі таңда 5-6 адам жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта мал бордақылау орны, ет өнімдері комбинаты ашылған соң қызметкерлер саны артатыны белгілі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей Алтынбек – спортты жанына серік еткен жан. Кәсіпкерлікке ден қойғалы бос уақыты азайса да, спорттан алыстаған жоқ. Жұмыс орнында шағын спорт зал жасақтап қойған. Қолы қалт еткенде сонда барып сергіп, серпіліп алады. Онда өзі ғана айналысып қоймай, достарын, туыстарын, әріптестерін де шақырып «сиқырлы әлемге» енеді. Осылайша дене шынықтыру мен спорттың бұқаралығын арттыруға өзіндік үлесін де қосуда.

– Ережесіз жекпе-жек деген кезде көп адам үрке қарайтыны рас. Негізі бұл ақиқаттан алшақ жатыр. Дене мен рух қуатын ұштастыра алса кез-келген спорт түрі сияқты ережесіз жекпе-жек те ер мен елдің атын шығарып, мерейін үстем ете алатын дәлелдеді. Біздің ұлан-байтақ жерімізді ата-бабалармыз білектің күші, найзаның ұшымен, туған елге деген зор сүйіспеншіліктің арқасында сақтап қалды. Сондықтан бүгінгі ұрпақ та Отанды жан-тәнімен сүйіп, жерімізде тұрып жатқан барлық халықты және оның мәдениетін сыйлауы қажет. Сонда ғана жоғары деңгейдегі мықты мемлекет бола аламыз деп ойлаймын. Өзім бұл спорт түрімен біраз жыл айналыстым. 2013-2014 жылдары ауданның, облыстың намысын абыроймен қорғауға тырыстым. Облысымыздың құрама командасының сапында өнер көрсеттім. Соның арқасында біраз адаммен таныстым. Өзім де танылдым. Қазір жас келген соң бұл спорт түрін қоюға тура келді. Дегенмен де ММА жарыстарын өткізуге демеуші болып келе жатырмын. Бізге бұйырмаған белестерді артымыздан еріп, ізімізді басып келе жатқан жас ұрпақтың бағындыруына тілектестік танытып, соған жол ашсақ, бұл бағытта төгілген теріміздің өтеуі болар еді, – дейді кешегі спортшы, бүгінгі кәсіпкер жігіт.

Наши выпуски

Адреса успеха

Гульбаршын Муштанова: "Наша цель – помочь людям!"

За здоровьем в ECODOMIC!

Если мебель, только 5 звезд!!

Товары для дома в одном месте!

Приглашаем на оптово-розничный рынок "Ел-ырысы"!

Будем строить и созидать будущее вместе с UNISERV!

Почему надо выбрать ЗКИТУ? Отзывы студентов

Мы остаемся на работе, чтобы помочь вам..

Комфорт может быть доступным!

Чистый город – здоровая страна!

Магнитно-резонансная и компьютерная томография

Рецепт отличного настроения от ресторана Гюльчатай!

САЛОН МЕБЕЛИ "5 ЗВЕЗД"

Модельная кино - школа «GS Production»!