Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектеседі. Соның бірі – Волгоград. Оған шығатын жол тек Жәнібек ауданы арқылы өтеді. Осыдан-ақ елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан бұл ауданның қаншалықты маңызы бары аңғарылғандай. Аудан әкімі Азамат Сафималиевпен болған сұхбатымыз осы көршімен арадағы барыс-келіс, бірлескен жобалар, ауданның қазіргі ахуалы мен болашағы турасында өрбіді.
– Азамат Сафималиұлы, пандемия аудан экономикасына, көрші елдің өңірлерімен арадағы байланысқа қаншалықты әсер етті?
– Өздеріңіз білесіз, Жәнібек – облыс орталығынан шалғай орналасқан ауданның бірі. Біз өңіріміздің Казталов және Бөкей ордасы аудандарымен, ал Ресейдің Волгорад және Саратов облыстарымен шектесеміз. Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы құрайды. Бүгінгі таңда ауданда 395 ауыл шаруашылық құрылымы бар. Ал кәсіпкерлікке келсек, пандемия басталғанша 831 кәсіпкерлік субъектісі болса, қазір оның 749-ы қалды. Осыдан-ақ пандемия біздің кәсіпкерлік саласына қаншалықты салқынын тигізгенін көруге болады. Жәнібектік біраз бизнес өкілі көрші ел арқылы кәсібін өрістетіп келеді. Шекараның уақытша жабылуы біздегі 10 пайыздан астам кәсіпкерлік нысанының қызметтерін уақытша тоқтатуға әкеліп соқты. Қазіргі таңда карантиндік талаптар бәсеңдегеннен соң, бизнес қайта жандана бастады. Уақыт өте келе бәрі орнына келеді деп сенеміз.
– Тәуелсіздік таңы атқалы жәнібектіктердің көрші елмен арадағы байланысы жыл өткен сайын жаңа арнада дамығанын білеміз. Екі жақты байланыс көбіне білім, мәдениет, спорт сынды салаларды қамтитын. Экономикалық бағыттағы байланыс қаншалықты дамуда?
– Иә, бұрыннан да ауылы аралас, малы қоралас жатқан ресейліктермен арадағы байланыстың екі жаққа да пайдасы, тиімділігі көп. Өзіңіз де байқаған шығарсыз, Жәнібекте көрші аудандармен салыстырғанда, сауда үйі, дүкен, дәмхана, мейрамхана дегендер көбірек. Бұған жергілікті тұрғындардың мәдениеті, ресейліктермен арадағы тығыз қарым-қатынас әсер еткен шығар деп ойлаймын.
Ресейдің бізбен шекаралас аудандарымен арадағы байланысымыз жыл өткен сайын жаңа арнада өрбуде. Пандемияға дейін түрлі салалар бойынша әріптестікті, байланысты нығайту бағытында бір-бірімізге жиі барып, тәжірибе алмасатын едік. Оның ішінде экономикалық бағыт та бар. Мәселен, Волгоград облысының Волжское деген өнеркәсіпті қаласында металл, профильді құбыр сынды өндірістік бұйымдар шығарылады. Соған орай біздің ауданның аумағынан өтетін теміржол бойынан бірлескен хаб ашқымыз келді. Сол арқылы бұл бұйымдарды өңірімізге тасымалдау көзделген-ді. Яғни Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары құрылысқа, жол жөндеуге және басқа қажеттіліктерге орай темір, құбыр, ағаш сынды құрылыс материалдарын алу үшін Оралға бармаса да болар еді. Соның негізінде жергілікті кәсіпорын ашу да жоспарланды. Пандемияға байланысты бұл жоспар кейінге шегеріліп қалды. Дегенмен ол келісім әлі өз күшінде. Ресейлік әріптестерімізбен хабарласып отырамыз. Ал олар болса, біздің мал өнімдеріне, соның ішінде етке қызығушылық танытып отыр. Біздің жақтың малының «бір ет, бір май» деп аталатын мраморлы еті көрші ел нарығында үлкен сұранысқа ие. Екі жақты экономикалық байланыстың бір парасы осындай.
– Алдағы уақытта осынау байланыс аясын кеңейте түсу үшін не істемек ойларыңыз бар?
– Қазіргі таңда Казталов пен Жәнібектің ортасындағы күре жол жөндеуден өтіп жатқаны белгілі. Бұйыртса, ол 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Карантинге дейін, жол салынбай тұрып шекарадан орта есеппен тәулігіне 30-40 үлкен көлемді автокөліктер өтетін. Жол салынғаннан кейін ондай жүк көліктерінің көбейетіні анық. Яғни бұл екі жаққа да үлкен серпіліс береді деп күтіп отырмыз. Әзірге бұл жерден тек Қазақстан мен Ресейдің азаматтары өте алады. Енді біз жоғары жақтан осы жердегі шекара арқылы басқа да шетел азаматтарының өтуі туралы рұқсат сұраудамыз. Яғни бұл жолға халықаралық маңызы бар мәртебе алып бергіміз келеді. Егер осындай мәртебе берілсе, аудан аумағымен жүретіндер легі артады. Бұл кәсіпкерлік нысандарының көбеюіне, қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етері анық. Сөйтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Таяуда ауданымызға жұмыс сапарымен келген сенатор Нариман Төреғалиевке осы мәселені айтып, шекараға апарып көрсеттік. ҚР Парламенті Сенатының депутаты мұның орынды мәселе екенін айтып, қазір бұл бағытта жұмыстанып жатыр. Жолдың халықаралық маңызға ие болуы үшін қойылатын талаптардың бірі – шекара маңын реконструкциялау. Сол мақсатта республикалық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Бұл бағытта тиісті жаңғырту жұмыстарын жүргізу Казталов-Жәнібек-РФ жолын күрделі жөндеу жобасына енгізілді. Нақтылап айтқанда, бұл учаске де күре жолмен бірге жөнделіп, 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
– Әңгімемізді ауыл шаруашылығы кооперациясына бұрсақ. Облыс бойынша кооперацияға бірігуді алғаш болып жәнібектік шаруалар қолға алған еді. Қазіргі жағдай қалай?
– Бүгінгі таңда ауданда 6 АШӨК жұмыс жасауда. Соның жартысы ірі қараны селекциялық асылдандыру бағытында жұмыстануда. Иә, өзіңіз айтқан «алғашқы қарлығаштардың» біразы жабылуға мәжбүр болды. Олардың бастапқы бірігудегі бірінші мақсаты – жеңілдетілген несие алу болатын. Бірақ көпшілігі кепілдікке беретін мүлкі болмағаннан кейін, ондай несиеге қол жеткізе алмады. Екінші себебі кооперативтің негізгі принциптері сақталмағандықтан, атап айтқанда, кооперативке ерікті мүше болу, демократиялық жолмен басқару, түскен табыспен барлық мүшені тең қамтамасыз ету талаптары бұзылғандықтан олар жұмысты бірлесіп жүргізе алмады. Сонымен қатар құрал-жабдықпен жабдықталмады, инфрақұрылым жеткізілмеді, өңдірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін сату ұйымдастырылмады, өндірісті басқару мәселесі шешілмеді, заңдылық сауаттылық төмендеу болды, салық салу, бухгалтерлік есеп жүргізілген жоқ.
Қазіргі уақытта ауданда АШӨК құру бағытында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін құрылымдар мен жеке тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар барысында біз жүйелілік пен талдауға жете мән беріп отырмыз. Нақтылап айтқанда, ауыл шаруашылығын қайта құрылымдау ісінде жіберілген қателіктерді сараптап, облыс көлемінде жақсы жұмыс жасап жатқан АШӨК-тердің тәжірибелерін зерделеп, сала мамандарымен жан-жақты талқылап барып, ел-жұртпен сұхбаттасудамыз. Бұл өз жемісін береріне сенеміз.
– Ауданға инвестиция тарту бағытында қандай жобалар бар, болашақ жоспарлар қандай?
– Ауданның әлеуеті зор. Жері шұрайлы болған соң мал шаруашылығы жақсы дамуда. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекет тарапынан демеуқаржылар, басқа да қолдаулар берілуде. Соның нәтижесінде аяғынан нық тұрған шаруашылықтар бар. Бұл кәсіптің тиімділігін көргендер, әсіресе, жастар оған ден қоюда.
Жәнібекте көбіне қызмет көрсету саласы дамыған. Инвестиция салу ісі шабандау. Оның себебі инвесторлар қажет жағдайдың туғызылғанын қалайды. Бірінші кезекте – жол мәселесі. Сосын инфрақұрылым, интернет. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын инвесторлар келіп, үлкен бордақылау орнын салғысы келді. Бірақ жол мәселесі кедергі болды. Біз бұл мәселе көп кешікпей шешілетінін айтып, олардың мал шаруашылығын өрістетуі үшін арнайы жер телімін бөліп қойып отырмыз.
Ербол Қадимов деген жас кәсіпкеріміз бау-бақша шаруашылығын дамытуға қаржысын салып жатыр. Биыл ол 5 млн теңге грант ұтып, 500 түп алма ағашын екті. Бұйыртса, келер жылы тағы да жеміс ағаштарын отырғызбақшы. Одан бөлек тас, құдық пен кәріз жүйесіне арналған шеңберлі қалып шығаруды қолға алып жатқан, жүн жинап жүрген жергілікті жас азаматтар бар.
– Жалпы, жергілікті жастардың кәсіпкерлікпен айналысуға деген талпыныстары қалай? Сіздер өз тарапыңыздан қандай қолдау көрсетіп отырсыздар?
– Жастардың бизнеске талпынысы қуантады. Жеке қабылдауым болғанда өз кәсібін ашқысы келетін жастар келеді. Өз ойларын айтады. Көбі мал шаруашылығымен айналысуға ниетті. Бүгінде бұл бағытта өзекті жайтқа айнала бастаған жер мәселесі бар. Қазіргі заңнамаға сәйкес, шаруашылық жүргізу мақсатында жер алу үшін құжаттарын тапсырғандардың өтініштерін комиссия қарайды. Заңнамада комиссия мүшелері басымдық беруі тиіс жайттар айқындалған. Мысалы, техникасы, малы болуы керек т. б. деген сияқты. Міне, сондай сәтте заң талабы бойынша жастар емес, олармен бірге конкурсқа түскен ірі шаруашылық өкілдері басымдыққа ие болатыны анық. Бұл мәселені облыс басшылығына да, үкімет мүшелеріне де, депутаттарға да айттық. Мысалы, 500 гектарға дейінгі жер телімдерін ісін жаңа бастағандарға, жастарға берудің жолдарын қарастырайық деген бағытта өз ұсыныстарымызды да бердік.
Ал ниеті, іске икемі бар жігіттерге суға жақын маңнан уақытша жер телімін беру туралы да айтамын. Оған ешқандай құжат жасамай, көктемнен қара күзге дейінгі аралықта пайдалануға мүмкіндік туғызайық деймін. Сол жерге бір нәрсе егіп, баптап өсіріп, алынған өнімді сатса, пайдаға кенелері анық. Қазір жергілікті өнімге сұраныс зор.
Жалпы, еңбек еткісі келетіндерге бүгінде мемлекет тарапынан барынша қолдау бар. Сондай қолдауларды көріп, сезінгеннен шығар, бүгінде аудан тұрғындары ешқайда көшкісі жоқ. Қайта бұрын тұрмыс жағдайының қиындығына орай кетіп қалған жерлестеріміз біртіндеп елге оралып жатыр. Таяуда аудан көлеміндегі халық санына талдау жасаған едік. Сонда мынадай мәліметтер шықты. Еліміз тәуелсіздік алған кезде аудан халқы 21 мың адам болған екен. 2001 жылы 14 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Яғни 7 мың адамға аз. Ал 2010 жылдары 16 мыңға жеткен. Бүгінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көрсеткіштерге жақындап қалдық. Оған аудан көлемінде атқарылып жатқан игі істер себепші болғаны анық. Мәселен, соңғы үш жылда Жәнібекте 100-ден астам үй салынды. Казталов-Жәнібек бағытындағы күре жолдың құрылысына байланысты аудан аумағында 4 асфальт зауыты жасақталды. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, аудан орталығындағы, ауылдарға апаратын жолдарды жөндеудеміз. Сондай-ақ су, газ, инфрақұрылым, интернет тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Міне, мұның бәрі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.
– Азамат Сафималиұлы, уақытыңызды бөліп, әдемі де әсерлі сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Жәнібектіктерге игілік, сізге қызметіңізге табыс тілейміз!