АУЫЛ – ТІРШІЛІКТІҢ ТАМЫРЫ. ОЛ – БІР ҚАРАҒАНДА БАЯУ ҚОЗҒАЛҒАНДАЙ КӨРІНЕТІН, БІРАҚ ІШКІ ЫРҒАҒЫ МЫҚТЫ, ЕҢБЕГІМЕН ӨМІРДІ АЛҒА СҮЙРЕЙТІН КЕҢІСТІК. БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУЫЛДАРЫ ЕНДІ ТЕК «КҮНКӨРІС» ҰҒЫМЫМЕН ҒАНА ӨЛШЕНБЕЙДІ: АУЫЛ – КӘСІПТІҢ, ӨНДІРІСТІҢ, ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ЖӘНЕ ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТІҢ АЛАҢЫ. СЫРЫМ АУДАНЫ – ОСЫ ӨЗГЕРІСТІ ӨЗ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ДӘЛЕЛДЕП КЕЛЕ ЖАТҚАН ӨҢІРЛЕРДІҢ БІРІ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУДАННЫҢ БЕТАЛЫСЫ АНЫҚ БАЙҚАЛАДЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРЫП, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР РЕТТЕЛІП, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН КӘСІПКЕРЛІК ҚАТАР НЫҒАЯ ТҮСТІ. БҰЛ – ТЕК СТАТИСТИКА ЕМЕС, АУЫЛДЫҢ ТЫНЫСЫН СЕЗІНЕТІН, КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДІҢ ЖАЙ-КҮЙІНЕН КӨРІНЕТІН ӨЗГЕРІС.
Сырым ауданының әкімі Батырниязов Жұмагелді Жолдыбайұлы бұл процесті былай сипаттайды:
– Бүгінгі таңда Сырым ауданы тұрақты дамып келе жатқан, әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып отыр. Соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту бағытында айтарлықтай өзгерістер орын алды: жолдар жөнделді, су және коммуналдық желілер жаңартылды, әлеуметтік нысандар жаңғыртылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуда оң динамика байқалады.
Бұл динамика – бірнеше бағыттың қатар жүруінен қалыптасқан тұтас жүйе. Аудан экономикасының негізі ретінде ауыл шаруашылығы сақталса, кәсіпкерлік сол негізге жаңа тыныс, жаңа қарқын қосып отыр. Ал инфрақұрылым мен әлеуметтік сала осының бәрін күнделікті өмірге айналдыратын «қаңқа» іспетті.
Аудан басшысы аудандағы басым бағыттарды нақты атап өткендей, аудандағы басым бағыттар – ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік саланы қолдау. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі болса, кәсіпкерлік халықтың табысын арттырудың маңызды тетігі болып табылады. Шынында да, ауыл шаруашылығы – Сырым ауданы экономикасының өзегі. Бірақ тек бір салаға сүйеніп қалу – бүгінгі заман үшін жеткіліксіз. Сондықтан кәсіпкерліктің кеңеюі, шағын бизнестің өсуі, жастардың жаңа қызмет түрлерін қолға ала бастауы ауданның болашағын әртараптандыруға ықпал етеді. Бұл өзгерістердің ішкі мәні – ауданның өз ресурсын ұқыпты пайдаланып, ауыл тұрмысына жаңа стандарт қалыптастыруға талпынысында.
АГРАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТ: ДӘСТҮР МЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТОҒЫСЫ
Сырым ауданы – дәстүрлі аграрлық өңір. Бірақ бүгінгі аграрлық сектор бұрынғыдай тек «әдетпен жүретін» шаруашылық емес. Қазір бұл салада жүйелілік, есеп, техника және технологияның рөлі арта түсті.
– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Мал басының саны жыл сайын артып, шаруалар мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы өз жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндік алады. Шаруа қожалықтары жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартып отыр, – дейді аудан әкімі.
Мал шаруашылығы ауданда жетекші орынға ие. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мал басының көрсеткіштері: ірі қара – 70 473 бас, ұсақ мал – 100 983 бас, жылқы – 32 945 бас, түйе – 120 бас. Сонымен қатар егін шаруашылығы да біртіндеп күшейіп келеді. Дәнді және майлы дақылдар, екпе шөп өндірісімен айналысатын шаруашылықтар саны артып, ауылдық өндіріс әлеуетін ұлғайтуда.
ТЕХНИКА МЕН ЦИФРЛАНДЫРУ: НАҚТЫ ҚАДАМДАР
2025 жылы ауданның ауыл шаруашылық техника паркі жаңарып, 53 трактор, 4 жүк тиегіш және 67 ауыл шаруашылығы агрегатымен толықты. Бұл – өндіріс қуатын арттыруға тікелей ықпал ететін көрсеткіш. Цифрландыру бағыты да назардан тыс қалмайды. Дрондар, электронды бақташы жүйелері сияқты құралдар ауылдағы еңбек мәдениетін өзгертіп келеді. Мысалы, өткен жылы 4 шаруа қожалығы 80 шақырым жайылымдық жерді электронды бақташы жүйесімен қоршап, мал санын бақылау процесін автоматтандырды. Бұл тәсіл – уақытты үнемдеп қана қоймай, мал шығынын азайтып, есеп жүргізуді жеңілдетеді.
– Мемлекеттік қолдау бағдарламалары шаруа қожалықтарының жұмыстарын жүргізуге нақты көмегін тигізіп отыр, – дейді Жұмагелді Жолдыбайұлы. Өткен жылы 64 шаруа қожалығы 276,1 млн теңге инвестициялық субсидия алды, 150 шаруа қожалығы 750,6 млн теңге көлемінде мал басына субсидиға қол жеткізді. Бұл қолдау – шаруалардың техника алуына, өндіріс ауқымын кеңейтуіне, технология енгізуіне мүмкіндік береді. Әрине, ауыл шаруашылығы табиғатпен тікелей байланысты. Сондықтан белгілі бір қиындықтар да бар.
– Табиғи-климаттық жағдайлар мен жем-шөп дайындау мәселелері кейде қиындық тудырады. Сонымен қатар нарықтағы баға тұрақсыздығы, кейбір дақылдарды өткізу мәселесі мен логистикалық инфрақұрылымның шектеулілігі бағытында жұмыстар жалғасуда, – дейді әкім. Бұл – проблеманы жасырмай, басқару арқылы шешуге ұмтылған позиция. Ал мұндай ашықтық – өңірдің тұрақты дамуына қажетті көркеткіштердің бірі.
КӘСІПКЕРЛІК: АУЫЛДАҒЫ ТАБЫС МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ
Егер ауыл шаруашылығы – тірек болса, кәсіпкерлік – халықтың табысын көбейтетін, өмір сапасын өзгертетін сала. Сырым ауданында бұл бағыттағы қозғалыс айқын. Қазіргі таңда аудан бойынша 981 жеке кәсіпкер тіркеліп, жұмыс істеп отыр. Бұл – ауылдағы белсенділіктің өскенін, адамдардың жаңа мүмкіндіктерді көре бастағанын көрсетеді.
«АУЫЛ АМАНАТЫ»: АУЫЛ ҮШІН МАҢЫЗДЫ БАҒДАРЛАМА
Шағын және орта бизнесті қолдауда ең сұраныстағы бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты». Ол ауылдағы кәсіпке нақты қозғаушы күш беріп отыр. Жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы да осы механизм арқылы күшейіп келеді. Бағдарлама аясында 18 жастан асқан азаматтар 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Мысал ретінде әкім нақты кейсті атап өтті: өткен жылы Шукатова Әсем 4,1 млн теңге несие алып, «coffee and tea» қызметін ашты. Қазір ол өз ісін жүргізіп, тұрақты табыс тауып отыр. Бұл мысал – ауылда да жаңа форматтағы кәсіп түрлерінің дамып келе жатқанын көрсетеді. Яғни ауыл кәсіпкерлігі енді тек дүкен немесе шаруашылықпен ғана шектелмей, сервис пен қызмет көрсету саласына да кіріп жатыр.
ТАБЫСТЫ КӘСІП ИЕЛЕРІ – АУДАН АБЫРОЙЫ
Сырым ауданында әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлер де бар. Мысалы, «Нигметова Г» жеке кәсіпкері наубайхана және сауда қызметін жүргізіп, 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне 150 дана нан және түрлі тағам өнімдерін шығарып, тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қайырымдылық көмектер көрсетіп, ауылдың қоғамдық өміріне де үлес қосып келеді. Бұл – кәсіпкерлік ұғымының ауылдағы маңызын кеңейтетін үрдіс: бизнес тек табыс табу емес, қоғамға тірек болу мәдениетін де қалыптастырады.
Инвестиция: ауданның жаңа беталысы
Кез келген өңірдің дамуы инвестициясыз толық болмайды. Сырым ауданы бұл бағытта да нақты қадам жасауда. Бүгінде ауданда бірнеше инвестициялық жоба іске асырылуда.
Соның бірі – «Алаш метан» ЖШС-нің 600 млн теңге көлеміндегі жобасы: автогаз толтыру компрессорлық станциясы бар жол бойы сервис кешені салынып жатыр. Жоба іске қосылған кезде күніне 130-150 автокөлікке қызмет көрсетіліп, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ауданның географиялық артықшылығы да бар: Самара-Шымкент тас жолы бойында орналасуы логистика мен жол бойы сервисін дамытуға тиімді мүмкіндік береді. Перспективалы бағыттар қатарында: логистика, жол бойы сервисі, агроөндіріс және агроөндірістік инфрақұрылым аталады.
– Сырым ауданы инвесторлар үшін толық ашық. Мал шаруашылығын дамытуға, бордақылау алаңдарын салуға, сүт фермаларын құруға және логистикалық қызметтерді дамытуға мүмкіндік бар, – дейді Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Сырымдықтардың басты күші – адамдардың өзі. Аудан басшысының сөзінше, сырымдықтар – еңбекқор, ұйымшыл, дәстүрге берік халық. Олардың басты құндылықтары – бірлік, еңбек және адалдық. Әкім үшін табысты жұмыстың басты өлшемі – халықтың өмір сапасының артуы, әлеуметтік нысандардың жаңаруы, экономикалық белсенділіктің өсуі және халық сенімі. Ал алдағы 5-10 жылдағы мақсат та нақты: инфрақұрылымы толық жаңарған, агроөндірісі дамыған, кәсіпкерлігі белсенді, жастарға тартымды заманауи аудан қалыптастыру. Сырым ауданы – еңбек пен бірліктің арқасында дамып келе жатқан болашағы зор өңір.















