«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ бастауын кеңестік заманда әскери қару-жарақ шығарумен елімізден тысқары мемлекеттерге танылған «Металлист» зауытынан алады. Биыл құрылғанына 18 жыл толып отырған іргелі кәсіпорынды тек батыс аймақтағы ғана емес, еліміздегі машина жасау саласының көшбасшысы деп айтуға толық негіз бар. Тәуелсіз Қазақстанмен бірге дамудың барлық сатысынан өткен кәсіпорынның басшысы Азамат Битурин БҚМК-ның жетістікке жету сырын мемлекеттің қолдауымен, қалыптасқан еңбек мектебімен және ұрпақтар сабақтастығымен байланыстырады.
– Азамат Маратұлы, әңгімемізді әріден бастасақ. Кеңестік кезеңде атағынан ат үркетін «Металлист» зауытының нарықтық экономикамен бетпе-бет келгенде абдырап қалғаны рас. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық зауыттың басында болған жағдай. Кәсіпорын тоқырау жылдарындағы экономикалық қиындықтарды қалай еңсерді?
– «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ 2003 жылы Кеңес кезінде қорғаныстық мақсаттағы өнім шығарған «Металлист» зауытының негізінде құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жас мемлекетімізбен бірге экономикалық қиындықтарды еңсере келе, дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекеттің нақты қолдауының арқасында екі мыңыншы жылдан бастап кәсіпорын тек біздің өңір үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін тың бағыт – мұнай-газ саласына қажетті өнім өндіруге біржола ден қойды. Осылайша елімізде алғаш рет мұнай мен газды дайындап тасымалдауда аса қажет болатын күрделі қондырғы – мұнай қыздыру пештері пен жоғарғы қысымды резервуарлар жасау ісі қолға алынды. Зауыт одан кейінгі жылдары бұрын-соңды елімізде болмаған тың технологияларды батыл енгізіп, өндірісті әртараптандыру арқасында шығарылатын өнім көлемін бірнеше есе арттыруға қол жеткізді.
– Заманауи технологияларды өндіріске енгізу оңай шаруа емес. Десек те, сол кезде жаңаның тілін тез тауып, тамырын баса білетін білікті мамандар даярлау мәселесі туындағаны кәміл.
– Иә, дұрыс айтасыз. Кәсіпорынның жетістікке жетуінің тағы бір сыры – ескі мен жаңаның үйлесім табуы деп айта аламын. Яғни, біздің компанияда ондаған жылдар бойы берік қалыптасқан еңбек мектебі бар. Кәсіби, білікті мамандардың бірнеше буыны өсіп, тәрбиеленді. Осы ұрпақтар сабақтастығының арқасында ауызбіршілігі мығым, қиындықтан қорықпайтын, қандай міндетті де жоғары деңгейде атқара алатын ұжым қалыптасты. Тәуелсіздік жылдары заманауи қондырғыларды меңгеру үшін кәсіпорын мамандары АҚШ, Италия, Венгрия, Ресей, Украина елдерінде білімдерін жетілдіріп, тәжірибеден өтті. Кәсіпорын 2009-2013 жылдары Орал қаласындағы мектеп түлектеріне арнап, грант бөлуді қолға алды. Осы жылдар ішінде 40-тан астам мектеп түлегі Еуропа елдерінде жоғары білім алып, туған жерге қайта оралып, еңбекке араласты. 2014 жылдан бастап кәсіпорында күрделі кадрлық өзгерістер болды. Сол кездегі басшылық жас мамандарды сынап көрейік деген бағытта жігерлі, талантты, еңбекқор жастарды жауапты лауазымдарға тағайындай бастады. Бәрі де артылған сенімді ақтады.
– Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қандай жобалар жүзеге асты?
– 2008 жылдан бастап Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы газ тасымалдаушы компрессорлық станциялардағы газтурбиналық қозғалтқыштарды күрделі жөндеуден өткізе бастадық. Бүгінгі күнге дейін 10-ға жуық станцияны қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен кәсіпорынның өндірістік базасында «General Electric» компаниясымен бірлескен түрде аталған фирма жабдықтарының жұмыстарын орындауға қауқарлы сервистік орталық құрылды. Бұл сол жылдары Қазақстандағы және Орталық Азиядағы сертификатталған жалғыз ресми орталық болды және әлі күнге солай. Біз қазіргі таңда «Baker Hughes» компаниясының лицензиялық технологиясы негізінде газтурбиналық қондырғыларды, автоматика және басқару жүйесін жөндеу әрі қызмет көрсету бойынша сервистік қызмет түрлерін көрсетеміз.
Елбасы бұдан кейін де біздің кәсіпорында бірнеше рет болып, жұмысымызға оң бағасын берді.
– Азамат Маратұлы, есіңізде қалған ерекше жоба туралы айтып берсеңіз?
– Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету бойынша тың жобаны нәтижелі жүзеге асырғанын ерекше мақтанышпен айта аламын. Кәсіпорын облыс әкімдігінің қолдауымен 2011 жылы Орал қаласының іргесінде қуаты 54 МВт құрайтын газтурбиналы электр стансасын іске қосты. Нысанның жұмысымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп танысты. Жаңа ГТЭС шаһардың солтүстік-шығыс бөлігіндегі көпқабатты үйлерді электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етті.
Бұл өңірдегі ең алғашқы іс жүзінде адамның араласуын қажет етпейтін заманауи, жоғары технологиялы станция болды. Өйткені газтурбиналық қондырғы автоматты реттеу және бақылау жүйесімен басқарылады.
– Қазіргі таңда тағы қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Қазір Қазақстандағы ірі мұнай жылытушы және тасымалдаушы «ҚазТрансОйл» компаниясының «Атырау-Самара» бағытындағы мұнай құбырының бойында қуаты 10 МВт пешті іске қосудамыз. Біздің зауытта құрастырылған бұл пештің ерекшелігі – жүз пайыз автоматтандырылған және мұндай пеш тек елімізде ғана емес, посткеңестік елдерде жоқ.
– Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы – еліміз үшін айрықша мән-маңызға ие өндіріс орны. Ал сіздің өміріңізде БҚМК қандай орын алады?
– Мен зауытқа 2009 жылы жас маман ретінде қабылдандым. Батыс Қазақстан облысының тумасы болсам да, Алматы қаласында жоғары білім алдым. Алғашында бірер жыл тәжірибе жинақтап, мегаполиске қайта оралатын шығармын деген оймен келгенімді жасырмаймын. Алайда қызметтік сатылардан өте жүріп, осы кәсіпорынмен, ұжыммен біте қайнасып кеттім. Маман ретінде, азамат ретінде дәл осы жерде қалыптастым. 2019 жылдан бері басшылық қызметтемін. Сондықтан Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы менің екінші үйім десем де болады. Ал Орал қаласын мен ерекше жақсы көремін. Туған жерімде отбасын құрдым, әке атандым, достар таптым. Әсіресе, Ақжайықтың сұлу табиғатынан ерекше ләззат аламын. Әлемнің қай қаласында жүрсем де, Оралға үйіме, жұмысыма жеткенше асығамын.
– Соңғы сұрақ. Өмірдегі ұстанымыңыз қандай?
– Бір орында тұрып қалмау, үнемі іздену, даму. Дәстүрді сақтай отырып, жаңаға ұмтылу. Тың әрі батыл бастамаларды жүзеге асыру арқылы БҚМК тарихында өзіндік қолтаңбамды қалдыру.
– Әсерлі сұхбатыңызға көп рақмет! Батыс Қазақстан машина жасау компаниясына өрлеу, еңбегіңізге жеміс тілейміз!